USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Қызылорда - Қазақстандағы ең қауіпсіз қала

Фото: Новости - Информ-Вест

OLX Онлайн хабарландырулар қызметі тұтынушы­ларынан өздері тұратын қаланың қауіпсіздік жағдайын бағалауды сұрап, сауалнама жариялап, 13 мың сауал­на­маға қатысушылардың жауаптарын саралай келіп, осындай қорытынды жасаған. Рейтинг 10 деңгей бойынша сараланып, 1-ден 7 баллға дейін бағаланған. Бұл ретте қаланың қауіпсіздігі, тазалығы, сауда-саттық, көлік инфрақұрылымдарының жай-күйі, спорттық, бала­лар ойын алаңдарымен қамтылуы, коммуналдық қызмет сапасы, қоршаған ортаның ластану деңгейі, тіпті «көршілердің кеңпейілділігі» деген жағдай да назарға алынған. Осындай да осындай жағдай бойынша кей тұста ілгері, кей тұста қалыс дегендей жай-күймен қала­мыз бірінші орынға шығып тұр екен. Дегенмен, 7 баллдық көрсеткіштен едәуір төмен 4,8 балл көрсеткен. Қызыл­ордадан кейінгі орынды Қостанай иеленген, оның көрсеткіші 4,7 балл. Көкшетау, Атырау, Ақтау 4,6 баллдық бағаға ие болған. Шымкент, Орал қалалары 4,5 балл, Талдықорған, Павлодар 4,3 балл иеленген. Елорда­мыз да еліміздегі қауіпсіз қалалар бестігіне енген, бағасы 4,3 балл. Ал әсем қала Алматымыз бұл рейтинг бойынша төмен 3,7 балл алған.

Осы орайда атап өтерлігі, Алматы қаласы әлем қалаларын 39 көрсеткіш бойынша бағалайтын беделді, халық­аралық Qualіty of lіvіng Survey рей­тингі бойынша да 230 қала арасында 170 орынды иеленген екен.

Көмірлі өңір Екібастұз да өмірге аса қолайлы емес көрінеді, дегенмен бағасы екіден жоғары 3,7 балл. Жарты миллион жұрты бар Қарағанды қаласына тұрғындары «толық» 4 қойыпты, яғни көрсеткіш 4 балл бол­ған. Дегенмен, Қарағанды тұрғында­рының пікірі екіге жарылып, бір тобы «бізде бәрі жақсы» деген пікір білдірсе, тағы бір тобы «мүлдем ештеңе қанағаттандырмайды» деген баға берген.

Негізі, үлкен қалалардың тұр­ғындары бәрінен бұрын қаланың көркі мен инфрақұрылымдық қолай­лылығына мән береді екен. Тұрғын­дарды түнгі қаланың жарықтанды­рылуы, жол сапасымен қабат қала көшелеріндегі қозғалыс қауіпсіздігі, жол сақшыларының қызметі сапасы дегендей мәселелер алаңдатады. Дегенмен, тұрғындар бағамдауы бойынша 20 қаланың бірде біреуі ортадан төмен баға алмаған. Яғни, «үш бар жерде, күш бар» демекші, жалпы жағдай орташа, «қоңыртөбел» десе де болғандай. Ал енді Қызыл­орданың озық көрсеткішіне негіз баршылық дейміз. Өйткені, кейінгі жылдары Қызылорданы қолайлы, қауіпсіз қала жасау бағытында едәуір жұмыстар жасалып жатқаны белгілі. Үлкен ауқыммен жолдар жөнделуде, апаттық үйлер орнына жаңадан үйлер салынуда, балалардың ойын алаң­дары деген қалыпты көрініске айна­луда, қала тазалығына қарайтын техникалар саны көбейді, көшелер көптеп жарықтандырылуда, бей­небақылау камералары да баршылық. Аялдамалар салынып, бағдаршамдар жаңартылуда, жаңа қоғамдық көлік­тер қатары көбейтілуде. Әрине, қаланың кей тұстарында, негізінен шет аймағында мұндай тұрмыстық игіліктерді әлі де арман етіп жүрген тұрғындар да жетерлік. Әйтсе де «Көш жүре түзеледі» дегендей, жағдайдың жылдан-жылға жақсара түскені анық.

Ал, енді «Көршілердің кеңпейіл­ділігі» деген көрсеткіш тұрғысынан қарағанда Қызылорда бүкіл әлем қалалары алдына шығары хақ. Қаза­қы қала Қызылордада бұл тарапта «Адам адамға дос, бауыр» қағидаты сақталған десе де болады. Бізде көршімен қатыспау деген некен-саяқ жағдай.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады