USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қыздарға еркін жүрген жараса ма?

Фото: Тоқтама.KZ

Жаһандану жолында келе жатқан ұлтымыз күн сайын небір сұмдық оқиғалардың куәсі болуда. Әсіресе, қалалы жерлерде қыздарды зорлау, тіпті сәбилерге зорлық көрсету сияқты жаға ұстататын жайттарды естіп, көріп жатамыз. Осының барлығы адамдардың имансыздығынан болса, бір жағы қыздардың ашық-шашық киініп, жалаңаштануынан ба деп те ойлайсың.

Өйткені, шариғатта "Тәніңді өзге еркектерге көрсету арқылы оны өзіңе қаратып, нәпсісін ояту арқылы өзіңе еселеп күнә жинайсың" деген ғой. Қазір дін жолына түскен апай-сіңлілеріміз бастарына орамал тағып, етектерін жауып жүреді. Көрген көз сүйсінетіндей. Бұл менің жеке пікірім. Бұларға айтылатын қоғамда кереғар пікірлер де бар. "Жап-жассың, несіне басыңа орамал тағып жүрсің?" деп айтатындар да жоқ емес.

Шариғаттың өзінде "Сақалдан орамалдың үкімі жоғары" делінген. Халқымыз "Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық" деген сөзінің өзінде ақ жаулықтыларымыз аман болсын, ертеңгі елдің келешегі солар деген сөзді астарлаған ғой. Ал, қазір қалай боп кетті. Жас қыздарымыздың арасында шашты жайып, ашық-шашық киіну кездесіп жатады. Ал, енді қараңыз, қыздарымызға қысқа киім кигізіп тайраңдатамыз. Омырауларын ашып тойларға барады. Осының барлығы күнә деген сөз айта-айта жауыр болғаны белгілі. Қарапайым ғана мысал, етті ашық тастап кетсеңіз сасып кете ме? Сасиды. Не нәрсе мұсылман болғандықтан жабық әрі таза болуы шарт. Қыз балаларды да солай тәнін жауып жүруге үйрету абзал сияқты. "Еркіндік" дейміз батысқа еліктеп. Оның астарында да үлкен сұмдықтар жатыр. "Мен қызымды емін-еркін тәрбиелеймін" деген көптеген ата-аналар балаларынан айырылып қалғандығын теледидардан көрдік. Неше түрлі ағымдардың жетегіне ілесіп, шетел асып кете барған. Мал екеш малдың ішіндегі еркіндікті жақсы көретіні ешкі байқұс. Ең алдымен қасқырдың аузын майлайтын да сол. Ал, енді ойлап қараңызшы, емін-еркін өскен қыз бала ертеңгі күні түнгі клубтың бикешіне айналып, анашаның құрбаны болмасына кім кепіл?! Сондықтан, қыз бала болған соң ашық- шашық жүрудің астарында не жатқанын ұққан шығармыз. Ұлтқа жаны ашыған адам бірінші қыздарының етегін қымтағаны абзал. Қазақ "Қызың жаман болса, жеті атаңның бетіне шіркеу болар" деген сөзді ойдан шығармаса керек.

Мақпал МАРАТҚЫЗЫ.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады