USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Кибербай интеллект немесе "Бәліш ұсыну" операциясы

"Екі өкпесін қолына алып құстай ұшқан уақытпен үзеңгілесе шапқан адамдар қарым-қатынасының нарқы мен парқы ойнамалы болғалы қашан?" дегенді айтып қалған бірде Кибербай. Ақылы кенішті, кәсібі жемісті болсыншы деп ойларын қорытқан әкеші мен анашы кибернетиканың алғашқы екі буынына "бай" сөзін тіркеп, өздерінің іңгәсіна осы атты кәдімгідей ыңғайлаған ғой, Кибербайдың әнеу құрдасына Қармапқал есімін тарту етіп жүргендер де оның батясы мен мамашасы көрінеді. Әп-бәрекелді, алда-жалда көріпкерлер мен сәуегейлер сайысы байрақ көтере қалса, онда соған қосыла салатын бірден-бір лайықтылар осылар шығар? Осынау құнды пікірімізді қалқия түрілген құлақтарға іліндіру үшін ойымызды өрмекшідей өрнектей түссек: сол Қармапқалдың жайлы да майлы мекеменің тізгінін шыжымдай ұстап, шаужайлай тартқанына да неше қыс, неше жаз? Не айтары бар? Оның бар шаруасы сылаңдаған сұлудың жүрісіндей болып әлгі өзіндегі келіннің әлденесі іспетті дөңгеленіп-ақ кеткен ғой. Япыр-ай, ә! Атына заты қалай үйлесе кеткен деп осы тақырыпқа ғылыми еңбек арнауға ұмтылғандар бар дегенді айтады. Бірдемені білетіндер мен сезетіндер. Мына бір нені қарашы енді? Осынау қым- қуыттар оның өңінде емес, түсінде болғанда ғой шұбатылған тірлігі баяғыша созыла бермес пе еді?

Ал, енді мынау тықырлаған тықыр кәлләдағы қоймалжыңды әуелі мұздатып, сосын сыздатып қойғанын көрмейсің бе? Жегені живашка болып жабысатынын іші құрығыр сезген-ақ еді. Ойпыр-ау! Анау онсызда жеткен жемқор атағын иемденгендерді індетушілер тәбеті айрықша, құлқыны құбылмалы бұған ұқсайтындарға енді барқадар таптырмас Ой, сұмдық-ай! Шошып оянған ол түрегеп отырып ойға шомады. "Енді не етпек керек?" Басы керекті сәттерде дың ете қалатын Кибербай досы өткенде бір судай жаңа ойдың ұшын жылт еткізді емес пе осы. Достың аты дос қой, ол өз жаңалығын бұған там- тұмдап жеткізген сол жолы. Ол өзі бір кеңшілік кез еді ғой, сондықтан да Архимедке ұқсап "эврикалап" бірден айқай салып жүгіруді бұл жөн көрмеген-ді. Қазір мұның жаны мұрын ұшына пәленше сәнти жақындап келе жатқанда сол әңгіменің ойына сап еткенін айтсаңшы. Иә, сәт! Таңғаларлығы, тап осы тәсілді мұның мый- мырт қимылды миы да теріс көрмейтіндей. О! Ол әдісті қолданатын адам егер еркек болса, теңге- тебенді әйелінен, әгәрәкім ұрғашы болса, күйеуінен тәуір көретін болуы аса маңызды. Әрмен қарай сол амалды, тойыс, "Бәліш ұсыну" операциясын жүзеге асыру түк емес. Ол үшін әлгі қасқаның өзі қалаған көшесінің бір жерінде аз уақытқа әлем-жәлем тіленші сықпытына кіріп отыра қалса болғаны. Ары қарай, ары қарай немене? Алам-беремнің су жұқпастары анау әлгі орап әкелгендерін жайылған арнайы алақанға лық еткізген сәтте арман болған айтулы операцияның да жыры тәмам болмақ, бұл не өзі дегендей болса, ондай өзегі толып өзеурегендерге "Е-е-е, мен оған бар болғаны бәліш ұсындым" десе жетіп жатыр" деген-тұғын Кибербай интеллект.

Нұрғазы БАЙМҰҚАШҰЛЫ, Үржар ауданы

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады