USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қазалы ауданының тұрғындары көгілдір отынның жағдайына алаңдаулы

Фото: Кызылординская областная газета Сыр бойы

Былтырғы және биылғы жылдың басты жаңалығы – қазалылықтар көгілдір отын қызығына кенелді. Көптен күткен газ келді. Газбен бірге көңілге жаз келді. Алайда, соңғы кезде тұрғындар арасында «газдың жайы мәз болмай тұр» деген пікірлер туындауда. Бар жиып-тергенін іргедегі құбырдан үйге газ кіргізуге жұмсаған көптің көңілі алаң. Қыстан қысылмай шығудың амалы қайсы? Көгілдір отын көркімізді кіргізе ме, әлде кірбіңімізді тереңдете ме? Осы және газдандыру бағытындағы түрлі сұрақтарға орай 25 қараша күні Әйтеке би кенті әкімдігінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалына қарасты Әйтеке би газ шаруашылығының директоры Нұрлан Бозғұлов ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

Әйтеке би кентінде облыс басшысының ықпалымен 2015 жылдың ортасынан бастап газдандыру ісі басталып, 2016 жылдың мамыр айында аяқталды. Көшелерден үй іргелеріне дейін газ аяғымен барды, арғысын тұрғындар өз мүмкіндігімен жүзеге асыруда. Осылайша көптің көптен күткен көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігі туды. Аудан орталығын қамтыған 382 шақырым газ құбырында 1 агресс газ беруші таратушы станса, 3 газ тара- тушы пункт, 42 газ таратушы шкаф бар. «3 жылға жоспарланған құрылыс жұмыстары халық сұрауы нәтижесінде 8-9 айда тәмамдалды. Жылдық меже 2000 нүктені қосу еді, жоспар үдесінен шықтық», – дейді Нұрлан Бозғұлов. Бүгінде 17 түрлі деңгейдегі нысан, 2035 тұрғын үй «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметін пайдалануда. Былтыр 10 газ таратушы шкабынан 300-ден астам түтін көгілдір отын алған. Ол кезде де ыстықты-суықты температурадан сұйық күйде қордаланып, газ тарату шкафтары жұмыстары тоқтауы орын алды. Биылғы жылы қосылған 42 шкафтан 2000-нан астам үй газ тұтынып отыр. Қиындық осы жерден туындайды. Жылудың ажырап қалу себебін шаруашылық басшысы төмендегіше түсіндірді.

– Қыс – газды тұтыну көбейетін мезгіл. Нәтижесінде газ таратылу желілеріне артық салмақ түсіп, қиындықтар туындайды. Газ соңғы технологиямен жарақтандырылғандықтан ондағы қондырғылар өте сезімтал келеді. Кішкене ылғал болса, шкафтардағы инелер тоқтап, газды өшіріп тастайды. Бірақ, біздің міндетіміз – сіздерге үздіксіз газ беру. Сондықтан ол орынға дереу барып, шкафты тазалап, қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз. Біреуінің өзіне жарты сағаттан бір сағатқа дейін уақыт кетеді. Жаңадан ашылып жатқан мекеме болғандықтан, жұмысшылар құрамы да аз. Бар болғаны 1 шебер, 3 жөндеуші. Осы айдың 21, 22-ші жұлдыздарында түскі мезгілде 10 шақты шкаф жұмысы тоқтап, оны қалпына келтіруге үлгермегеніміз рас.

Сондықтан Қызылорда қаласынан көмекке бір бригада – 4 машина, 12 адам келді. 24 қараша күні таңнан кешке дейін шкафтарды тазалап, үздіксіз жұмыс істеу қамтамасыз етілді. Және компрессор мен ақаулық орын алған жерлер ағытылып, қайта құрғатып, қалпына келтірілді. Қазақта «Ынтымақты сыбыс бұзады» деген сөз бар. Тұрғындар арасында «Бір апта газ болмайды екен», «он күн газ болмайды» деген қауесеттер тарап кеткен. Н.Бозғұлов уақытша техникалық ақаулар орын алғаны болмаса, ол пікірлерді түбегейлі жоққа шығарды. «Түнгі мезгілде газ өшкенде бригада неге келмейді?» деген сауалға: «Норматив бойынша 5000 нүктеге қосылған кезде ғана апаттық бригада беріледі. Қазіргі уақытта газ сөнген жағдайда таңертеңге дейін күтеміз. Себебі, әр үйдің пеші әртүрлі. Біреу автомат, біреуі жартылай автомат, енді бірі механикалық пештер алады. Түнде газ сөнген жағдайда, Сіздерге ескертетін жайт, газ есептегіші түбіндегі қондырғыны ажырату керек. Түнде газ қосқан болсақ, механикалық пештері бар үйлерге газ кетіп қалуы мүмкін.

Нысандар мен тұрғын үйлерге жұмыс істерде екіжақты техникалық шарт жасалған. Онда жөндеу жұмыстары кезінде газды ажыратқанда резервті отын түрі болуы керек делінген. Газ тоқтаған жағдайда газ ажыратқыларын жауып, ошақ пештеріңізді қосуларыңыз керек. Көп үйлер бұрын пайдаланған ошақтарын бұзып тастағандарын айтады. Сондықтан пештеріңізді қайта қалпына келтірулеріңізді сұраймын», – деп жауап берді. Кездесуде аудан тұрғындарының мердігер мекемелерге алдану жайы да сөз болды.

– Жасыратыны жоқ, алаяқтар айласын асыруына әрбіріміз жол бермеуге тиіспіз. Бізде «Зенит» ЖШС және оған 12 қосалқы мекеме жұмыс істейді. Келген мердігермен сөйлескен кезде өкілден газ жүргізуге рұқсат берілген лицензиясын көрсетуін талап ету қажет. Екіншіден, газ құрылатын аймақ өлшенгенде оған есептелген қаржыны банк арқылы төлеу керек. Қандай мердігер болмасын, ол кәсіпкер. Сондықтан ол өз міндетін орындамаған жағдайда дәлелге түбіртектеріңіз келеді. Көп адамдар қолма-қол ақша беріп, алданып қалып жатқан жайы да бар.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір ауданда үш газ босатушы бар. Солардың рұқсатынсыз газ қосылмауы керек. Газ жүргізіліп болғаннан кейін мердігер газ босатушылар рұқсатынсыз қосып кетсе, ол жерде заңсыздық орын алғаны үшін айыппұл салынады. Газ қосыларда орын тексеріліп, ақаулықтар жоғы анықталып, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген соң ғана шот ашылып, ақша төленеді. Халық ақшасын «Халық банкі» мен Әйтеке би мен Біржан сал көшесінің қиылысында ашылған төлем орны немесе «Киви әмиандары» арқылы төлеуге болады.

Тұрғындарға айтатын басты мәселе – әр айдың 25-не дейін газ ақысы төленбесе, ол нүкте жылудан ажыратылады, – деді Н.Бозғұлов. Бүгінде газ кіргізуге кезек күтпейсіз. Жылу маусымы басталғанда кезекте 100 нүктеге дейін тұрса, қазір олардың саны азайған. Бір күнде өлшеп, бір күнде монтажын жүргізіп, бір апта-он күнде қосуға жұмыс істелуде. Кез келген мезгілге қарамай газ кіргізіле береді.

Тағы бір айта кетерлігі, бөліп төлеуге жеңілдік қарастырылған. Нұрлан Бозғұлов журналистермен жүздесу соңында жұмыстарының қалыпты жағдайға түсуіне мүмкіндіктерін салып жатқандығын айтып, тұрғындардың болып жатқан жайға түсіністік танытуын сұрады.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады