USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Қауыншы (Әңгіме)

Дәнеш Ахметұлы

Күн сәскелікке жетпей ыстық белең алып, дүние өз репетін кілт өзгерте бастағандай еді. Тырыбық ақтаспа мен жатаған қылша көмкерген тастауыт, тақыр өңір күпі кигендей қызынып, ысып кетті. Әлгінде ған таңдайында мөлдіреген таңғы шықты талмап жұтқан балаң көгал сәт сайын солғын тартып, мұңды пішінге ауысыпты. Сай табанындағы сүмбіле тартып, ұзаңқырап қалған қою қалақай мен алабота да үнсіз ойға батқандай. Үкілі ұштары аракідік қана бұлаңытып, нәзік толқып қояды. Бозқараған, тобылғы түбінен жаппай шырылдаған шегіртке үні де бәсеңсіп, құмыға түскен. Жартас қойнауы, тас арасынан басын қылтитып, тамағы бүлк-бүлк етіп, жан-жағын жіті шолған ұсақ кесірткелер де көлеңке қуалап, көзден тасаланған.

Бүгінгі күннің дәл бұлайша шақыраюы, басқасын қайдам, Майқан қартқа аса жайсыз тигендей еді. Манадан бері етегін кеңге салып, жадағайланып, жазық біткен сай бойында тырбынып арық қазып жатқан қарт қолайсыздық табын сезінген. Осының алдын да ғана ертеңгілік салқын сәтті пайдаланып, қайратын қамшылап кәп-кәдімгідей тірлік жасаған. Ұзындығы бірнеше аршын дерілік ойыққа топырақ тастап, тегістеуге де айналған.
Енді, міне, құмырсқадан қиюы кетіп, тіпті жұмысы өнер емес. Бір бие сауымдай істеді ме, кім білсін, арба соққан аттай болдырып, ентігіп, шаршап қалды. Тегі, жұмыстың осы бүгінгі соңғы күні қарт болмысына қатаң бақылау, айрықша анықтама жасағысы келген тәрізді. Қарт дене өзінің тозғандығын сездіріп, сыр бере бастаған. Сүйек-сүйегі сырқырады, белі ұйып, сегіз көзі шаншыды. Буын-буыны салдырап, алақаны түйе көзденіп, ойылып, ашып, әйтеуір, маза кетті. Бір шетінен шөл қысып, жығылғанға жұдырық болып, мазасын ала берген соң, қалың жалбыз арасындағы сусын құйылған шанашқа әлсін-әлсін қол жүгіртіп, оны да бітіруге таяп қалған.
Шал тынуға аз қалған оппаға тағы біраз топырақ тастады да, күректі тігінен шанши салып, өзі анандай жерге барып, бетегелі, құйқалы, әр- әр жерін ақселеу оймыштаған көк қырқаға жонын беріп, сылқ етіп, жүрелеп отыра кетті. Мүйізденіп, қатаңсыған қап-қатқыл алақанын бір-біріне шапалақтап, жеңіл күрсініп қойды. Шалдың күнге күйіп, әбден қарайған қоңырқай пішіні маймен сылағандай көмескі жылтырайды. Ақ бурыл шашының арасындағы ұсақ тер тамшылары күн нұрына шағылысып, жылт-жылт етеді. Бойшаң келген, аңсағай денелі кісінің дөңгелене біткен сарғылт жүзі мейлінше қажыған, қиналған жанның пішініне ауысқан.
Сонымен, көк сәтен жейдесінен тер иісі аңқыған, сүйек-сүйегі шодырайған, етсіз, арық, қалбағай сары шал біраз отырды, белі кілкіп, ашып ауырған соң екі аяғын созып жіберіп, шалқалап жата кетті.
Бірақ осы бейнетімен қоса шал көкірегінің ішкі қойнауында қоламтаға көмген сексеуілдің шоғындай қуаныштың ыстық табы да ұялап, бұғып жатқан еді. Дәл қазіргі сәтте сұрғылт, шегір көздерін бір жұмып, бір ашып жатқан сәтте сол ыстық қоламтаны риза пейілдің ойнақы лебі үрлеп өткендей болған.
Кенет шал көңілі сәулелі сезімге бөленіп, жадырай түсті. Әжім өрнектеген жүдеу жүзі осы бір тосын ойдың ыстық лебіне балқығандай боп, ажарын аша түскен. Майқан қарт шұғыл сергіп, мыс реңдес селдір сұйық мұртының шалғысы жыбырлап, қуақы жымиып, мырс етіп, күліп қойды.
Есіне өткен жай түсті. Құдай-ау, десеңші, әлі де көрсетер қызығы көп екен ғой. Дәл осындай сергелдеңге түсіп, жауында қалған сабындай саталасы шығады деп кім ойлаған. Зады, бұл адам баласы бір бұзылмасын деңіз, бір қисайса, қайта оңалуы қиын-ау.
Күн қыза түсті.
Қарт үшін бүйтіп иретіліп жата беру мүлде пайдасыз еді. Ол орнынан созалаңдай тұрды да анандай жердегі ерттеулі атына қарай аяңдады.
Ойы тезінен үйге қайту еді.

***
Ауылда жеңіс мерекесі өтісімен жиналыс болды. Әрине, оған жұрт қатарлы Майқан қарт та қатынасты. Мұның өзі қалың топ, дуды жақсы көретін, кейде тіпті көсемсіп сөйлеп кететін, мақтау сөз, қолпаштау жанына майдай жағатын қағілез жан еді. Сондықтан оң жағынан лықылықтап ұстауға үйренген ат сияқты мұны да сырын біліп, сыбызғысын түйгендер мақтау мен қошаметін араластыра тіл қатып, оңтайлап, еппен қолға түсіретін. Тегінде, ділін түйіп, тілін тапса, адам баласының ішін ашпайтыны болмаса керек.
Мәдениет сарайы лық толды да, ауылдың жаңа басшысы өзі алғаш қатысып отырған үлкен жиынды ашық деп жария етті. Жекешелендіру туралы ел ниетін ұғып, әркімнен сыр тартып, жалпы пікірлесу, сырласу ретінде өтетін ә дегеннен қызу қарқын алып, тезінен басталып та кетіп еді. Бұрын осындай жиналысқа келген адам амалсыздық танытқандай боп, әшейін қара көрсеткені болмаса жұмған аузын ашпаған күйі сілейіп үйіне қайтатын.
Ал бүгін жағдай басқа. Саусағың тиді бітті, сөйлеп кетуге әзір тұрған шешен домбыраның ішегіндей әркім бір түйгенін тілінің ұшына жиып, жанығып келгендей екен. Жұрт назарында үлкен серпіліс, тың сілкініс бар. Майқан қарт қашанғы әдетінше алдыңғы орындықтардың біріне барып отырды. Кешігіп қалып яки бөгде себептермен алдыңғы лекке жетпей қалса амал жоқ, әйтпесе, бұл ара өзіне басыбайлы сыйлы орындай еді.
Жиналыс тәртібі бойынша президиум мүшелерін сайлап алу керек болды да, әркімнің аты атала бастады. Бір кезде жарықшақ үн «Жантасұлы Майқан» дегенде өз құлағына өзі сенбей, абыржып, қалбалақтап қалды. Өңі таңданыс табын сезініп, ду етіп, қызарып кетті. Тосырқайтын да жөні бар. Алқалы топтың алдына шықпағалы қашан. Қарт сол аты аталған мен бе, басқа ма дегендей жан-жағына жалтақтай көз жүгірткен. Жоқ, жаңылмапты. Дәл өзі екен. Кеу-келушілер жорамы молыға түсті.
– Ой, Мақа, неғып отырсыз.
– Ойбай-ау, жаңа бастықтың өзімен иықтасып отыратын шақ туғанда…
– Оның үстіне бұл өзіміздің жеке жиынымыз ғой.
– Күні кеше, Кеңес кезінде отырдық қой жынын алған бақсыдай болып сүмпиіп.
– Е, өтті ғой күндер не керек.
– Мақаң ел адамы ғой, бұл кісі сөйлемегенде кімдер сөйлейді.
– Нақ айттың Тақа, жаңылмай…
Майқан осындай сөздердің желеп-жебеуімен аяғын нық басып, президиум үстеліне қарай беттеген.
Майқанның топ алдына шығып отырғаны бір бұл емес, талай шыққан. Тіпті аудан, облыс алқасында да, еңбек озаты ретінде танылып, сан мәрте орын тепкен. Бірақ сол кездердің ақырын-ақырын жылыстап, алыстап кеткеніңе де біраз уақыт болып еді. Одан бері де көк тал талай бусанып, талай жапырағын қақты. Әйтсе де, үлкен тірліктен қол үзіп, зейнетке шыққаннан беті аты арнайы аталып, төрге шығып отырғаны осы.
Адам қартайып, сүйегі тозған сайын мақтаншақтау бола ма, қалай. Дәл қазіргі сәтте шал көңілін даңғаза сезім билеп, өрекпіп, қызына түскен. Алыстағы қалың аттың дүбірін сезген байлаудағы жүйріктей дегбірі кетті. Сөйлегісі келіп, делебесі қозды. Қалайда мына елге ой салып, қозғау ететіндей бірдеме айту керек.
«Апыр-ау, жаңа ғана мені біреулер ел адамы деді-ау, ә» – деді іштей толқып. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген осы. Рахмет, мені елеген еліме. Енді сол ел көңілінен шығатындай бірдеме айтқан жөн ғой. Мынау үлкен мінбеде, Қазақстанның көк туының аясында, оның үстіне жаңа бастықтың қатарына… иә, иә, қалайда бір бұйдалы сөз айту керек. Шіркін-ай, үлкенді де, кішіні де елең еткізер сөз маржаны төгілер ме еді…»
Шал осылайша өз-өзінен толғанды. Жаңа бастық жас болғанымен талай тығырықтан өтіп, қырналып, оқтаудай жұмырланған немеге ұқсайды. Әу баста түсін суыққа салып, томсырайып отырса да артынан сөйлей келе жадырап, шешіліп кетті.
Езуі көпіріп, ұзаққа салмады. Қай-қайдағыны айтып білгішсінбеді. Саясатты айтып, батпақ жолға ауысып, сарсаңға түспеді. Оның есесіне ел көңіліндегі сөздерді нақ-нақ айтып, тыңдаушысын бірден өзіне үйірді. Әсіресе, жекешелендіру мәселесіне көп тоқталды. Айтқанының бәрі рас. Бастықтың сөзіне қарағанда бұларда жер де, су да көп екен. Сол жеткенді жеткізбей желкесін қиятын өздері көрінеді. Кешегі шектеулі тұстың тұсауын үзіп, арқаны кеңге салатын, еркін қимылдайтын кездің жеткені анық.
Рас, кеше бар тірлік жоғары жақтың сілтеуімен болатын. Жүр десе жүретін, тоқта десе тоқтайтын. Ек дегенің егіп, етегін қағып, жайына кете беретін. Ал бүгін билік, теңдік атаулының бәрі өз қолына тиген жоқ па!
– Сіздер дәнді-дақылдардың бидай, арпа, сұлы, жүгері тәрізді түрін егесіздер, – деп бастады сөзін нақыштай сөйлеп, – Өнімі жаман емес. Ал жеміс түрлерін өсірмейтіндеріңізге таңым бар. Мәселен, – деді бастық даусын кенеп, – Қауын өне ме – өнеді, дарбыз ше? Ол да өнеді. Қызанақтан тіпті көп алуға, әрі сатуға болады. Болмаса байлықтың барлық түрі қолдарыңызда тұр. Тез тетігін тауып, ұқсата білсе болғаны.
Төрағаның саңқылдап шығатын ашық, таза үні аяқтала бере зал іші қозғалақтап, дүрлігіп кетті. Біреулер «болады» деп өңешін созды, енді біреулер «кім білсін» ептеп дәмін татқанымыз болмас, айналыспаған затымыз» деп әліптің артын күтті.
Майқан қарт үшін орайлы сәт туғандай еді. Құдай оңдап айтар сөздің сәті түсіп, тиегіміз ағытылып кеткенін қарашы. Енді кідіруге болмайды. «Темірді қызған кезде соқ» деген. Мақаң адымдай басып, мінбеге көтерілді.
– Мен басшы сөзін түгелімен қостаймын, – деді салған бойда, – Бұл тегінде бастықтың емес, түптеп келгенде, бүгінгі осы заманның сөзі ғой. Жекешелендіру – дәуір талабы. Несіне тайсақтаймыз, неге болса да тәуекелге белді бекем буып, кіріскен жөн. Енді бізге аялдар сәт жоқ. Кешегі қызыл үйдің тұсында да аянбай еңбек еттік қой. Тапқаныңды ит, балағыңды бит жеген ол күндер де өтті, бірақ тұралатып кетті. Қызыл саясат не істемеді, салды ғой сойқанды. Тұнығымды лай, адалымызды арам етті. Ит құтырып, иесін қапты. Мың асқанға бір тосқан. Құдайға тәуба, енді одан да құтылдық. Ал, бүгін бәріміздің сол қызыл үйдің қасынан бөлініп, өз алдына отау тіккен қазақы қара шаңырақтың қамы үшін неден де болса тартынбай, толассыз қимыл жасағанымыз жөн. Бастықсың ба, бағытыңды түзе, сөзіңді жөндеп айт. Қойшысың ба, малыңды баққаныңды біл. Мұғалімсің бе, баланы түзеп оқыт. Әркім, әліңді, жөніңді біл. Ел болам десең есіңді жи, етегіңді жап. Бидай мен арпа, – деді енді қызынып, қолын сермей сөйлеп, – атамыздан қалған ас. Ал көкеністі неге өсірмеске, өсіреміз. О, бабын тапқанда қандай. Осы сөз жөн болар, – деп аз кідіріс жасады.
Манадан бері сілтідей тынған зал іші көп үнмен даурыға түсті.
– Дұрыс айтады.
– Мақаңдікі жөн.
– Мақаң шындаса тасқа тары егеді.
– Майқан бір қозғалмасын де, қозғалды бар да, қияң қауынға, далаң дарбызға толды дей бер.
– Несі бар, – деді әбден еліріп, қызынып алған қарт кеудені өрге айдап. Сендерге керегі қауын ғой. Ендеше мен соны өсірем. Мына шаш неге ағарды, біз нені көрмедік. Кешегі күні арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, еңбек еттік. Кім үшін еңбек еттік?! Төсімізге қадалған қызылды-жасылды жылтырауық темір бұл күндері бауырын жаңа көтерген баланың алданышы, ойыншығына айналды. Ал, бүгін ше? Жаңа ғана айттым ғой тартынатын не бар. Мүмкіндіктің бәрін, жанымыздың нәрін жаңа үкіметіміздің, өз мемлекетіміздің өзегіне құяйық. Қауын мәселесіне келсек, оны мен тап биыл өсірем.
Зал іші тағы дуылдай түсті.
– Мақаңдікі табылған сөз.
– Дәл айтты сабазың.
– Енді қайтсін, бүкіл мемлекет тағдыры, ертеңіміз тек қана қазакеңнің өз қолына көшкен соң кәрі пышақ ұялғанынан өтеді деп, қайығын өрге айдағаны ғой.
– Бәрекелді, болсаң осындай бол!
– Бастық қолын көтеріп, елді тыныштырған сәтте, Майқан қарт даусы қайта естілген.
– Жолдас бастық, – деді енді төрағаның өзіне тура бағыттай сөйлеп, – сен, қарағым, маған бір жәрдем ет. Мен айтқан жерді трактормен жыртып, дайындап бер. Мен қауын өсірем.
Бастық ақсиып күлген қалпы әуелі төралқы мүшелеріне, одан соң Майқан қартқа қарап:
– Бұл, – деді екі алақанын жайып, шарасыздық белгісін танытқандай, қысыла сөйлеп, – алдағы жылдың жұмысы. Оған көп дүние қажет. Әуелі жылдық жоспарын жасау керек. Одан қаражат бөліп дегендей… ой, әуресі жетеді.
– Маған сол әуре дегенің түкке тұрмайды, – деді әлденеге өкпелі сыңай танытқан қарт қитыға сөйлеп, – Әншейін сөз ретімен айтқаным ғой… Енді сенің керегің шамалы. Өзім-ақ тындырам сол істі. Жалғыз емеспін. Елім бар, жұртым бар, қарап тұрмас бәрі де…
Қарт сөзі осымен бітті де, қошаметші топ алдында жүзі жайнап, жайнаң қаққан күйі орнына барып отырды.
Жиналыс күн тәртібі бойынша келесі мәселені шешуге ауысып еді…

***
Міне, хикая осылай басталды. Қарт сол күннен бастап, өрекпіген ой жетегіне ілесті де, іске кірісті. Өзге дүниенің бәрін тәрік қылып, ұрма тұстан киліккен жаңа мехнатқа шұғыл бет бұрған. Ауданға барып, бума-бума қауынның ұрығын әкелді. Тұп-тура өз ақшасына сатып алды. Әйелі Зибаш а дегенде күлді. «Жай қысыр әңгіме шығар. Желпінетіндей жас емес қой, қояр» деді. Тіпті болмаған соң ақылын айтты. Ойы – әйтеуірі сипай қамшылай келіп, жұқалап райынан қайтару еді. Бірақ қырсық қылғанда шал алған бетінен қайтар хал танытпады. Қайта қас қылғандай ерегісіп, жұмысқа құмыға, құмбыл кірісті.
Сонымен көңіл жықпас жайдары әйел сөзі жайына қалып, Мақаң тосын тірлікке қызу араласты.
Екі күннен соң қой бағатын баласының үйіне аптасына, айына бір барып тұратын тор шолағына ер салып, әуелі ауыл маңын шолып шықты. Қауын егуге ыңғайлы, шұрайт, қара шыбыр жер іздеді. «Қауындықтың ауылға жақын болғаны да жөн. Ертелі-кеш келіп, кетіп тұрғанға жақсы» деп ой қорытты да, артынан бұл бағыттан тез тайқып, айнып шықты». Жоқ, ол оңды байлам емес, – деді енді өзгеше қорытып, – Қауын – көздің құрты. Ол нәлет соққыр піскенше бүп-бүтін болып, мөлдіреп тұрады да, қалай жеуге келді бітті талапайға түседі. Сұраушы да көбейеді, келуші де жиілейді. Оның үстіне түнгі күзет дегені тағы бар. Құрысын, қай баланы қуалап, кімнің жағасына жармасып жатайын. Онан да алыстау кеткенім ләзім».
Осындай тоқтамға келген қарт енді ат басын алысқа бұрып еді. Ауылдан ұзаған бетте Сасықбұлаққа келіп тірелді. Осы араға келгенде шал көкірегінде қаттаулы тұрған өткен күндер парағы ашылғандай болып, кешегі келмеске кеткен махаббат, қызығы мол жылдар жанарында жарқ етіп, қайта жаңғырыққандай еді. Талай да талай жүріп, табан тоздырған жері.
Ол кезде бұл бұлақ суы кәдімгідей ауқымды, мол еді. Екі жағы тар, қасаң, тастауыт сайды нәзік күнге бөлеп, сыңғырлап толқып ағатын. Енді ондай емес. Жағалауын қызыл құм басыпты да, жеңді білектей болып, жетімсіреп тіл қатады.
Шал аттан түсті. Асықпай қолын жуды.Жүзін шайды.Су ішті. Бұлақ суы мұздай екен. Сұп-суық су тас төбесінен бір-ақ шықты. Тор шолағын аздап оттатып алып, қайта ерге қонды. Келесі иінді айналғаны сол еді, шығыс жақ тұстан биік жартас андағайлап қоя берді. Қарт ат тізгінін іркіп, жартас нобайына көз тікті. Не айтары бар, соңғы кезде әбден үй күшік болып, там сағалаған қарт ауыл сыртын кәп-кәдімгідей сағынып та қалғаны рас еді. Жартас баурайы шұп-шұбар. Майқан қарт жартас бетінен құс саңғырығымен жазылған әлдебір сағыныш сәлемін, қайта оралмас махаббат құпиясын оқығандай сәл іркіліп, бөгеліп тұрып қалып еді. Сонау бір жылдары күзге салым қырманнан қайтқанда осы араға болашақ жары Зибаш екеуі табан тіреген. Екеуі де жап-жас. Үйленбеген кездері. Бұлар мінген арбаға жолшыбай жас балалы әйел отырып, екеуі ең соңында оңаша, оқшау қалып еді. Сол шақта осы жар тас түбінде отырып, ұзақ сырласқан. Сол шақта жаңағы бұлақтың тұнығын тамсап жұтып, жағасында іңкәр жүректің ыстық лебін басқан…
Бәрі де сол шақтан басталып еді. Құдайға тәуба, әлі жұптары жазылған жоқ. Ел қатарлы күнелтіп, тірлік етіп келеді…
Майқан қарт екі-үш қыр асқанда алдынан ауылдастары да қара көрсетті.
Амандықтан кейінгі әңгіме тым қысқа, шолақ еді.
– Оу, қария, мал іздеп жүрсіз бе, – дейді ауылдасы.
– Е, жоқ, шырағым, – дейді өз ойын ашық айтып, – жер іздеп жүрмін.
Анау тосырқай қарап, қайыра сұрақ қойды.
– Қария, қандай жер іздеп жүрсіз?
Шал асықпай тіл қатады.
– Қауын егетін жер іздеп жүрмін.
– Ондай жер табыла қояр ма екен.
– Е, неге табылмасын, жер көп қой.
– Оныңыз рас қой, алайда осы маңға қауын екті дегенді тегі естімеппін.
– Естімесең естіп қой. Мен биыл қауын егемін.
– Піскенде шақырасыз ғой.
– Е, оны кезінде көрерміз.
- Бар, жолыңнан қалма.
Ауылдасы күле бас изеп, тайып тұрған.
Қарт көп жерді шолды. Алайда бірде-бірі көңіліне ұнамаған. Бірі құнарсыз, бірі тым қашық, енді біреуіне су апару зады қиын. Ақыры сабылып жүріп ат басын тіреген тұсы осы, ортасынан мөлдіреп су ағатын, екі жақ қапталы жазықтау біткен құйқалы сай іші еді.
Сайдың ар жақ тұсы жарлауыт, құлама болып келгенімен, бергі жақ өңірі кең алаңқайланып, жазыла біткен. Жазық аумақтың көлемі жарты шақырымдай еді. Одан ары, төменгі тұсы сиырқұйымшақталып, жіңішкеріп, жоғалады да, терең сайға ұштасады.
Ертеде осы араны бәзбіреулердің иеленіп, жер жыртып, егістік еккені анық. Өйткені, осы құнарлы, ашық алқаптың желке тұсында шағын тұмсықтың үстін кертіп, ноқталап түскен көне арықтың сұлбасы бар. Негізгі қиындық та осы тұсқа бекінгендей еді. Сол көне сұлбаны аршып, тазалап, қалыпқа келтірсе болды, жалғыз құлақ су жетегінде желіп отырмақ. Әйтсе де осы жазықтың орнына біткен бұл мұрыншақтағы тоғанды аршу, жаңарту оңайға түспейтін сыңайлы. Жылдар бойы адам қолы тимей әбден жонданып, тусып кеткен шағын айналма қарымды да, әулетті қолды қажетсінгендей еді. Тұмсықтың дәл ортасында су алып кеткен терең ойық бар. Майқан қарт өзін қинаған осы терең оппамен ұзақ алысты. Ақыры тұтас шым мен тасты қабаттап, белуардан дерлік ойықты толтырып, тегістеп те бітіп еді.
Діттеген ісі де өзі ойлағандай болып, сәтті аяқталып еді.
Сай табанындағы арнадан бұрған су іскер қартқа ризашылығын айтқандай болып, сылқ-сылқ күліп, сылдырай ағып, қауындық танабына қарай шапқылады. Содан соң ақбаздағы көк түтіні көкке шұбатылған тракторшылар қосына жөнелді
Арада аз күн өткенде әңгелектің жас өндірі де қылтиып шыға бастады. Қара құйқалы, сұрғылт алқап көз алдында пішінін ауыстырып, күлгін пүліш кигендей жасаңғырай түскен. Майқан қарт болса өзіне ғана мәлім ішкі құпия қуаныштың әсерінен желпінгендей, аса риза халде еді.
Ел іші тыныш жатсын ба,әр қилы әңгіме қылаң берді.
- Майқан емес, сойқан екен. Жылыөзекті төңкеріп тастапты.
-Ой, несін сұрайсың, жаңа бастықпен ауыз жаласыпты, теңгеге белшесінен батып, жарқыратып «Жигули» алатын болыпты.
-Жоқ, олай емес шал қауынын өкіметке құяды екен» деп алуан түрлі әңгімені гу-гу еткізді. Әйтсе де, бұл сөзге құлақ асқан Майқан қарт болмады. Жұмыс жалғаса түскен.
Бірде түс әлетінде қауындық алқабына ауылдың төрағасы Жарас келді.
Өзі бүгін біртүрлі көңілді, сергек екен. Жеңіл машинасыншан лып етіп түсті де, тура қауындық алқабына бет түзеді. Анадай жерде жарбиып тұрған жаман лашықты, одан берірек қара көк реуішті қауындық ішінде күйбеңдеп жүрген бағбан қартты көріп аққұба пішіні алаулай түсіп, қысқа, қою қара мұрты әнтек қозғалақтап күліп қойды. «Бәрекелді, – деді, ішкі қуанышын жасыра алмай, – нағыз әулие қарт екенсіз. Ғұмыры қауын егіп көрмеген, түйенің терісіндей тусыраған жерді жайнатып жібергенін қарашы. Мінекей, жер иесі, ел иесі дерлік үлкен адам болса, осындай болуы керек».
Жарас жүрісін тездетіп, қауындық алқабын жиектеп, шалға жетуге асықты. Жан-жағына жіті көз жіберіп зерттегендей, ойлы пішінде қадалып, қарап қояды. Бұрын кенезесі кеуіп жатқан елсіз өңір осы атыраптың бейішіне айналғандай боп, толқып, баяу тербеледі.
Шал мен бастық ескі таныстардай құрақ ұшып, шұрқырай амандасты. Жарас қарияның мүйізденген, айғыз-айғыз боп жарылған қатқыл қолын ұзақ сілікті.
– Жарайсың, кәрия. Енді міне бәрі де өзгеретін болады.
– Не өзгеруі тиіс, – деді шал.
– Біріншіден, мына жердің аты өзгереді, – деді бастық. – Бұл ара енді бұдан былай «Майқанның сайы» яки «Майқанның қауындығы» деп аталатын болады.
– Әй, қойшы, қарағым,елден ұят болар.
– Екіншіден, – деді бастық енді салқын, сенімді түрде, – бұл ара басыбайлы және сіздің мәңгілік мұраңыз боп қалады. Жекешелендіру талабы сол.
– Рахмет балам, өркенің өссін.
– Өзіңіз де, қария, бар болыңыз.
– Жарас, – деді қария жалт еткен бір жылы шыраймен. Өңінде аздап абыржу да, толқу да бар.
– Иә, сөз сізде. Мақа, айта беріңіз, – деді бастық пейілдене қарап.
Шал сезімді қоңыр үнмен сөйлей жөнелді:
– Осы танаптағы барлық қауын, – деді қолын сермеп, – түп-тірегімен өкіметтікі. Сатып ақша істетесіңдер ме, жоқ елге тегін таратып бересіңдер ме, ерік өзіңде қарағым. Бұны мен тәуелсіз қазақ еліне қосқан бір мысқалдай үлесім деп білем. Әркімнің де Тәуелсіздіктің 25 жылдығына өз тартуы бар шығар. Мұндай алқалы, торқалы тойды құрықол, несібесіз қарсы ала қоймас. Ал, менің тартуым осы. Кейбіреулер: «Майқан қауын сатып, теңгеге қарық болатын бопты» деп, гулесіп жүр дейді. Құрып кетсін сөздері.
– Е, қария, ел не демейді, есек не жемейді. Үйренген ауыз сүйреңдеуін қойсын ба.
– Ә, міне, осың жөн сөз, қарағым. Бұл әлі үлкен жұмыстың басы, – деді қария ағынан жарылып, – Қуырдақтың үлкені келер жылы болмақ. Алқалы топтың алдында менің мынау ісімді айт, Майқан жас кезінде талай бәйгені алып еді, қартайғанда тағы бір жарқ етті де. Мынау қауындық алаңы үлкен меженің беташары ғана, толағай табыс кейін екенін ескерт. Майқанның қолынан әлі талай- талай игіліктер келеді де.Жөн бе осым?!
– Жөн, жөн.
Шал өз сөзінде тұрды. Жарықтық жер еңбекқор қолдың ақысын жемеді. Өз әлеті жеткенде алабажақтанып, сарғайыңқы тартқан танапта шәугімдей сары ала қауын бұта түсіне ықтаған малдың ұсақ төліндей боп, топырлап жатты. Келесі сәтте Жылыөзекке өсірілген қауын трактор қорапшасына мінгесіп, ауылға, тиісті орынға жөнелтілді. Шал қауынын күллі ел мақтады. «Қауын деп осыны айт. Мұндай тәтті қауынды өмірі жеп көргеніміз жоқ!» деп тамсанды. Адам қартайған сайын ненің болса да бағасы артып, не зат болса да қымбат көрінбеуші ме еді. Кім білсін, Майқан қарттың шау тартып, шал болған кезінде өсірген қауыны тәтті болса, тәтті шығар…

Ұқсас сілтемелер:
08 Желтоқсан 2016, 09:11
"Аты жоқ әңгіме"
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады