USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қалыптасқан жыл сайынғы дәстүр бойынша, 1-қазан күні «Халықаралық қарттар күні» тойлан- ды. Еліміздің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылды. Төл мерекеде үнемі балаларының тілеуін тілеп, ел тыныштығына шүкіршілік ететін жасы ұлғайған жандар жылы құттықтау сөздердің куәгерлері болып, біршама марқайып қалғандары шыңдық. Халық мүддесі мен ұрпақ тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүр мен идеологияны басты назарға қойып, қадір тұтатын халқымыздың асыл қазынасы – қарттар. Маңыздылығын еш уақытта жоғалтпаған бұл құндылықтарды көпті көрген жандар жоғары бағалайды. Алдыңғы жетіде бастау алған мерекелік айлыққа орай, ауданымыздың асыл әжелерінің бірі Титенова Күлшат Айтпайқызымен жүздесіп, салиқалы әңгімесіне құлақ түрдік. Күлшат апа ардагерлердің басын біріктіріп, мәдени ортаға айна- лып үлгерген «Үміт» ұйымының белсенді мүшелерінің бірі. Жақсы ауданының төңірегінде ғана емес, Ақмола облысындағы іс – шаралардың бел ортасынан көрініп, қазақ, орыс, татар, украин тілдерінде тамылжыта ән шырқайды. Құлаққа жағымды, әсем дауыс иегері көп өлеңдер біледі. Үстіндегі кимешегі апаға сән беріп, әр аудан тұрғының ерекше сезімге бөлейді. «Ұйымға келгеніме бес жылдың жүзі болыпты. Өзіме өте ұнайды. Әр түрлі байқауларда ән айтып, би билеу жақсы көңіл-күй сыйлайды. Әр адам қоғамның бөлшегі. Жас келді, қартайдық деп қол қусырып отырғанша, белсенді өмір сүру керек. Алғашында ұйымға аяқ басқанда, қатысушылардың жартысынан көбі өзге ұлт өкілдері еді. Кимешек түгілі, сахнаға ора- мал тартпай шыққан сәттер болды. Қазақша өлеңдерден тек Шәмші Қалдаяқовтың «Арыстың жағасында» әні шырқалатын. Мен намысқа тырысып, ұлттық киімдердің бірі кимешек тігуді бастадым. Өзіме, қасымдағы басқа да ауылдың апаларына Наурыз мейрамы қарсаңында бар ынтамды салып тіктім. Қуанышқа орай, сол сәттен бастап, жиындарда, мерекелерде, той-томалақтарда кимешек басымыздан түспеді. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі әндер де жиі шырқалуда». Күлшат апайдың осы ағынан жарылған сөздерінен-ақ, ұлттық дәстүрді дәріптеген қазақ халқының шынайы жанашыры екені байқалады. Титенова Күлшат Айтпайқызы тек әнші ғана емес, өмірін тігінмен байланыстырған он саусағынан өнері тамған тігінші. Тігіншілік өнері әжесінен дарып, жас кезінен-ақ жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен. Қабырғаны қайыстырған, жүгі ауыр жылдары киім-кешек тігіп, тынымсыз тіршілігі әлі де есінде екенін айтқан апа, зейнеткерлік демалысқа дейін тігінші болып жұмыс істеген. Бірақ зейнетке шықса да, тігін өнерімен қош айтыспаған. Дәстүрімізді жандандырып, ұлттық өнердің айқын үлгісі - құрақ - көрпелерге Күлшат апа көп көңіл бөледі. Одан тыс, қазақ тойларының сәнін келтіретін – тойбастар әзірлеп, күнделікті киетін көйлектер де тігеді. Спортқа бет бұрған немересін тәрбиелеген апа, Наурыз мейрамында мектеп қабырғасында ұйымдастырылған мерекелік шараға өз қолымен тіккен шапаның көрсетті. Апаның қиындылардан қиюластырып, өрнектерден құралған құрақ көрпелері де, киім – кешектері де көздің жауын алады. Әр түрлі қазақи нақыштағы оюлары, тіккен дүниелері ауданда ұйымдастырылатын көрме төрінен орын алып, көрерменнің көзайымына айналған

. Уақытының көп бөлігін тігін өнеріне арнап, қажымас еңбек етудің жемісі апаның қоржының мақтау қағаздарымен толдырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөлеткен. «Болашақ ұрпақ тәрбиелеуде қандай ұстаным қажет?» деген сұрағымызға, көпті көрген асыл әжеден мынадай мазмұнды жауап алдық: «Біздің алдымызда тұрған ұлы міндеттердің бірі - саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ ұрпағымыздың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, егеменді еліміздің ертеңіне деген жауапкершілікті ұғындыру қажет. Тағы бір маңызды ұстаным – зиянды әдеттерден аулақ болуды үйрету. Темекі, есірткі шегіп, ішімдікке салыну жақсылыққа апармайды. Еріншектікке бой алдырмай, талмай еңбек ету де маңызды». Ісі тыңғылықты, ойы терең Күлшат Айтпайқызының белсенді өмір сүру ұстанымы жастарға үлгі болары анық. Апа қуаныш пен жаңа мүмкіндіктерге толы әр күнді өмірдің сыйы деп қабылдайды. Жүрегіне жылдар сүйіспешілікке толы жырларын сыйға тартқандай... Шынымен де, өтіп жатқан өмірге терең күрсіңуден гөрі, бақытты өмір кешу маңызды. Ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатуға қашан да даяр қарттардың мәртебесін арттырып, дүйім жұртқа жақсылығын айту нұр үстіне нұр. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» екендігін есімізден шығармағанымыз абзал.

ДАУРЕНБЕКОВА Г.

Ұқсас сілтемелер:
04 Желтоқсан 2016, 16:00
Жылу іздесең Қарағандыға бар
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады