USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қаңылтыр шығаратын кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтпақ

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы ашылған кәсіпкерлік нысан 1 жыл ішінде 100 тонна өнім өндірді. Енді көрсеткішті 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қызылордалықтар профнастил өнімдерін, қаңылтыр қоршаулар мен шатырларды негізінен өзге өңірлерден әкеледі, деп жазады 24.kz сайты.

Сондықтан жергілікті нарықта оған сұраныс көп және бағасы да қымбаттау. Осы ретте цемент сатумен айналысып жүрген Александр Ким металлпрофил бағытында цех ашуға бел буады. Кәсіпкер бизнес-жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауға иек артты.
Александр Ким, кәсіпкер:
- Жобамды қаржыландыру үшін «Даму» қоры арқылы 92 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Қазір цехта өзімнен бөлек 3 жұмысшы бар. Қызылордада құрылыс қарқынды жүріп жатыр және өніміміз сапалы болғандықтан оған сұраныс көп. Енді жуырда тағы 2 өндірістік желіні іске қосуды көздеп отырмыз. Жаңабай Рысбаев жеке бизнесін 55 жасында бастап отыр. 30 жыл мемлекеттік ауруханада жүрек ақауларын емдеген дәрігер биыл кардиологиялық клиника ашты. Аймақтағы жалғыз жеке кардио-медициналық нысан озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Бұл ретте де «БЖК-2020» бағдарламасы аясында медициналық құрылғыларды алуға қажет болған несиенің 85 пайызы кепілдендірілді. Жалпы кепіл мүлкі жетіспеушілігі мәселесін «Даму» қоры арқылы шешкен кәсіпкерлер қатары көп. Соның арқасында жуырда нан мен кондитерлік және жартылай дайын азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорын іске қосылды.
- Қазіргі таңда өндірістік желілерді іске қостық. Қажетті наубайханашы, кондитер, ет қақтаушы сынды мамандарды бұрынғы мамандықтарына қарамай өзіміз қайта даярлап жатырмыз. Азық-түлік өнімдері ешқандай синтетикалық талшықтарсыз, дәмдеуіш қоспаларсыз дайындалады. Сондықтан болар, күн санап тұтынушы қатары көбейіп келеді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы 50 субсидиялау келісім-шарт жасалды. Кепілдендіру құралын пайдаланған 30 жеке кәсіпкерлік құрылымның ісі өрге басты, - дейді бас технолог Алёна Рейвах.
- 6 жыл ішінде «БЖК-2020» бағдарлама аясында Қызылорда облысы бойынша 373 кәсіпкерлік субъектісі қолдау алып, соның ішінде 131 кәсіпкер «Даму» қорының кепілдендіру инструменттерін қолданды. Мемлекет қолдау арқасында Сыр бойының бас шаһары инвестиция тарту, құрылыс қарқыны және аймақ қазынасына түсетін салық төлемдері жөнінен оң көрсеткіштерге ие. Бір кездері тек ауыл шаруашылығына негізделген өңір бүгінде кәсіпкерліктің түр-түрін жандандырып отыр, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының бас менеджері Анар Қожаниязова.

kyzylorda-news.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады