USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Қалалықтар мәдениетімен мақтана алады

Аудан орталығы мен Шу қаласында өткізілетін көптеген мәдени іс-шаралардың лайықты өтуінде қалалық мәдениет үйі қызметкерлерінің де өзіндік үлесі бар. Бұлай айтатын себебіміз, көп жағдайда аудан орталығында өтетін мәдени шаралар жалғыз аудандық газет – «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің бетіне жиі жарияланып, қалалық мәдениет үйі қызметкерлерінің атқарған істері мен ерен еңбектері аудандық деңгейдегі іс-шаралардың көлеңкесінде қалып қойып жатады. Сондықтан, біз бұл жолы қалалық мәдениет үйі қызметкерлерінің соңғы кезде атқарған мәдени шараларын кеңінен насихаттауды жөн көрдік.

Ермахан Азаматов басшылық етіп отырған қалалық мәдениет үйі қызметкерлері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», әр мерекені лайықты атап өтіп, одан бөлек іс-шаралар жоспарына сай түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер өткізіп, өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбиесіне өз үлестерін қосуда. Әр кезеңде атқарылған мәдени шаралардың өзіндік маңыздылығы бар. Соларға қысқаша тоқталып өтер болсақ, Шу қаласы «Локомотив» спорт кешенінде «Денсаулық фестивалі-2016» шеңберінде «Отбасы – біздің әлеміміз, біздің тыныштығымыз, біздің болашағымыз» ұранымен акция, «Алмас» гуманитарлық колледжінде қалалық әкімшіліктің бас маманы, студенттер, мешіт имамының қатысуымен терроризм мен экстремизмге қарсы «Терроризм мен экстремизмге жол жоқ!» атты кездесу кеші, ауылдық клубтың жаздық алаңында ауыл жастары арасында «Терроризм қоғамдағы қауіпті құбылыс» атты флешмоб, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес - ортақ парызымыз», ауылдық кітапханада «Жемқорлықпен күрес – маңызды мәселе» атты балабақша тәрбиешілері, кітапханашылар, клуб қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Осындай мәдени шаралардың ішіндегі ең көрнектісі – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар екені даусыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қалалық мәдениет үйінде 25 игі іс-шара ұйымдастыру қолға алынып, оның алғашқылары басталып та кетті.

Соның бірі – «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты дөңгелек үстел. Оған Шу қалалық әкімшілігі аппаратының бас маманы А.Даниярова, аудандық жастар орталығының қызметкерлері, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары, №3 қалалық кітапхана қызметкерлері қатысты. Тағы бір тәрбиелік мәні зор шара - қалалық мәдениет үйінің қолдауымен, Бірлік ауылдық клубының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, әртүрлі ұлт өкілдерінің әндері мен билерінен өткізілген «Тіл - достықтың айнасы» атты байқау. Бірлік ауылдық клубында өткізілген бұл байқауға өзге ұлт өкілдерінен құралған сегіз үміткер қатысып, өзара бақ сынады. Олар байқау талабына сай түрлі ұлттың әнін шырқап, билерін биледі. Әсіресе, орыс ұлтының өкілдері белсенділік танытты. Байқауға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қ.Байжол бастаған қазылар алқасы төрелік етіп, әділ бағаларын берді. Нәтижесінде ән және би номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, олар арнайы сыйлықтармен марапатталды (суретте). Байқауға қатысқан жасөспірімдердің ата-аналары ұйымдастырушыларға байқауды жоғары деңгейде өткізгендері үшін ризашылықтарын білдірді. Шу қалалық мәдениет үйіне қарасты Бірлік ауылдық клубында өткен «Мәңгілік ел - өнер құшағында» атты мәдениет пен өнер саласындағы үздік ауыл байқауының да орны ерекше. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Қордай ауданы, Гвардейск қаласында орналасқан 21450 әскери бөлімінің базасында өткен әскери жиынға ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, сазды бағдарлама ұсынды. Діттеп келгенде, мұның барлығы мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің тынымсыз тірлігі мен зор ізденісінің арқасында көрініс беретін дүние екендігін ескерген жөн. Сондықтан, олардың алдағы қым-қуыт тірлігі мен тың жоспарларына сәттілік серік болып, аудан жұртшылығы өкілдерін жағымды жаңалықтармен қуанта беруіне тілекші болайық.

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады