USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Ғанибек Қазантаев: Дағдарыс заманында бюджетті орындамау қылмас

Фото: Призыв

Сырдария ауданының әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы енді бір айда ескір­гелі тұрған жылды өз елегінен өткізу, өзі басқарып отырған аудан аумағында жыл басынан бері атқарылған ауқымды істерді ел назарына жеткізу мақсатымен облыс әкімдігінің орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құрал­дарына арнап брифинг өткізді.

Алғы сөзінен-ақ айтарының салмағын айқын аңғартқан аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы:

- Еліміздің жаңа тарихындағы маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен Сырдария ауданы халқы мен аудан әкімдігі атынан баршаны құттықтаймын. Елбасының сарабдал саясаты арқасында егемендік жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси дамуында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл – бүкіл халық пен барша Қазақстанның ортақ қуанышы. Бүгінде Сырдария ауданының әлеумет­тік-экономикалық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Қазынасы мол Сыр өңіріндегі оң жетістіктерде сырдариялықтардың да ынтымақ пен бірлікке негізделген қажырлы еңбегі мен ақ пейілі жатыр – деді.

Әлеуметтік дүкен әлі де жалғасын таба береді. Экономиканың ерекше кезеңінде мұқтаж азаматтарға атаулы көмек көрсету жөнінде облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес өткен жылдың желтоқсан айында аудан орталығы Тереңөзек кентінде Әлеуметтік дүкен ашылды.

Дүкенде кенттегі аз қамтылған 170 отбасына 30-50 пайыз арзан бағамен, оның ішінде 9,8,7, баласы бар отбасыларға 50 пайыз, ал қалған азаматтарға 30 пайыз жеңілдікпен азық-түлік өнімдері қойылып келеді. Қиындығы көп кезеңде өңірде алғаш болып көтерілген осы бастаманың алдағы тағдырына алаң болған журналист сауалына аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы:

- Қазіргі кезде әлеуметтік дүкен ұстау да қиын іс. Бірақ келесі айда жылға толғалы тұрған осы жобамызды жалғастыратын боламыз. 700-ден астам адамға 30-50 пайызға арзан өнім ұсыну оңай жұмыс болмаса да, бұл тарапқа кәсіпкерлерді тарту, шаруашылықтарды шақыру секілді шараларды қолға алып, ел ағалары мен «Нұр Отан» партиясы қолдауына жүгініп, әлеуметтік дүкен жұмысын 2017 жылы да жалғастыратын боламыз. Бұл жерде аудан халқына тиімді тұсы әлеуметтік дүкенге нарық бағасының әсер ете алмайтындығы – деп жауап берді.

100%-ға орындалады. Аудан әкімі биылғы жылға арналған аудан бюджетіне арнайы тоқталды. Оның ішінде кіріс бөлігі 7 млрд.268,4 млн. теңге, өз кірістері 4 млрд. 328,3 млн.теңге көлемінде екендігін нақтылады. Қазына қаржысының қай мақсаттарға жұмсалғанын тізбелеп шыққан әкім:

- Аудан бюджеті өткен жылы 100 пайызға орындалған болатын. Биылғы жылы да толық орындаймыз. Себебі, дағдарыс заманында бюджетті орындамау – қылмыс,-деді.

«Аудан тұрғыны ретінде өзім де риза­мын». Ауыз су тақырыбы таптаурын болған, үнемі алда тұрар мәселелердің бірі екендігі белгілі. Бұл тарапқа айрықша тоқталған аудан әкімі:

- Еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің қатарына жатқызылған. Бұл ретте, биыл С.Сейфулин ауылында құны 41,4 млн.теңге қаржыға тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, тұтынушы тұрғын үйлер­дің шекарасына дейін су құбырын жеткізу 2 елді мекенде, атап айтқанда, Айдарлы мен Қоғалыкөл ауылдарында 124,9 млн.теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда аудан халқы 100 пайыз орталықтанды­рылған су көзінен таза ауыз су ішіп отыр. Айтайын дегенім, бұл үшін көп күш жұмсалып, үлкен жұмыстар жүргізілді. Ал қазір аудан халқы риза деп нық сеніммен айта аламын. Сол ауданның тұрғыны ретінде ауыз су игілігін көріп жүрген өзім де ризамын – деді.

Өз бюджетінен клуб салған... Әкім құрылыс саласына тоқталып, жыл басынан бері 11200 шаршы метрге тұрғын үй салынып, өткен жылмен салыстырғанда 105,9 пайызды құрағанын атап өтті.

- Аудандық бюджет есебінен Н.Ілиясов ауылындағы әкімшілік ғимаратын салуға 35,6 млн.теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқары­луда. Аудандық маңызы бар 98 шақырым жол­дар­ды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 18,3 млн.теңге қаржы бөлі­ніп, игеріле бастады. Аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кенті Тоқтыбаев көшесінен «Әйтек» каналы көпірінен «Қызылорда – Жалағаш» авто­жо­лына дейінгі автомобиль жолының құрылысына 43 млн.теңге және 5 елді мекенде 16 көшені орташа жөндеуге 200 млн.теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 25 жылдық еркіндік тарихында аймақта өз бюдже­тіне клуб салған алғашқы аудан екендігімізді де мақтанышпен айта аламын – дейді аудан әкімі.

Мұнан бөлек, ауданның құрылыс саласында аудандық бюджеттен сметалық құны 2,5 млн.теңгені құрайтын Тереңөзек кентіне жүргізілетін газ құбырының және квартал ішілік газ құбырлары құрылысының жобасы әзірленіп, бюджеттік өтінім ҚР Ұлттық Экономика министрлігіне өткізілген.

Күннен қуат алмақ. - Ауданға шетел инвес­тициясын тарту мақсатында Германия және Ұлы­британияда орналасқан ірі кәсіпорын басшыла­рымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салу» жобасын жүзеге асырмақпыз – дейді әкім.

Алаш болып асыға күтіп жүрген Астана көр­месінің басты тақырыбы — «Болашақ қуаты» екендігін, көрме назарына ұсынылмақ ғимараттар жел, күн және басқа да табиғат көздерінен алынған «жасыл» энергиямен жабдықталатынын ескерсек, елең еткізбей қоймайтын бұл жоба келесі жылы жүзеге аса бастайтынын айтқан аудан әкімі алдағы көктемде сүйінші хабардың да естілуі мүмкін екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, екінші деңгейге көшкен уақытында стансамен қатар Шаған ауылдық округінде орналасқан 3000 бас мал бордақылау алаңын қоса қамтымақ жобаны жүзеге асыру мақсатында «Гринквест Сырдария»ЖШС құрылғандығы мәлім болды.

Бүгінде аудан әкімдігі және серіктестік жетекшілерімен меморандумға қол қойылған. Жобаның құны 40 млрд.теңге. Жоба толық іске асқаннан кейін 30 мың адам тұрақты жұмысқа тартылады. Бүгінгі күні 200 гектар жер учаскесіне топографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген.

***

Әкім айтқан әңгімеден қаламызға әредікте іліктіргеніміздің ұлы жобасы осы. Ал қалғаны жадағай дерек, жайдақ есеп болмағанымен, қатардағы сөз бен қалыпты жағдайлардың баяндамасы деуге болады. Енді шамамызша баяндаған брифинг барысын әкімнің өз сөзімен қорытындыласақ...

Сырдария ауданы әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы:

- «Ауданымызда білім саласы бойынша 2015-2016 оқу жылында 2700 бала балабақшамен қамтылып, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызға орындалды. Үстіміздегі жылы Шаған ауылындағы №37 орта мектеп ғимаратын 75 орындық балабақшаға лайықтандырып, қайта жаңғырту жұмыстарына аудандық бюджеттен 96,1 млн.теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жақын күндерде аяқталады. Айдарлы ауылындағы бұрынғы клуб ғимаратын 50 орындық балабақшаға лайықтап қайта жаңғырту үшін 6,7 млн.теңгеге жоба-сметалық құжат дайындалды.

Аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында барлық елді мекендерде облыс әкімінің қолдауымен құрылған Қоғамдық кеңестер ұрпақ тәрбиесі, елдегі ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда бүгінгі күні табысты еңбек етуде. Міне осындай жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күні ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Біздің ең басты мақсатымыз – барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып табылады. Мұның бәрі экономиканың қуатын еселейтін, халықтың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтін негізгі бағыттар».

Б.САТЖАНОВ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады