USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Передозировка» өрімдей қыздың өмірін жалмады

-Анашым, сабағыммен қатар жұмыс істеуге рұқсат етесіз бе? -Құлыным-ау шаршайсың ғой. Оның үстіне сабағыңа қалай үлгермексің? -Үлгеремін апатайым, үлгеремін. Інім болса өсіп қалды, үшеумізге бір өзіңіздің жалақыңыз аздық етеді емес пе, сізге де демеу болады. Артылған ақшасына өзіме киім-кешек алып тұрамын. Қызының қатарынан қалғысы келмегенін сезген анасы сол кезде рұқсат берген болатын. Анасының разылығын алған Назерке, оқуынан шыға салысымен қаладағы ауруханалардан жұмыс қарастыра бастады.

Өзі медициналық колледжде екінші курста оқитын. Не де болса болашақ мамандығы төңірегінде жұмыс істегенді жөн көрген. Он күн жүріп, әзер дегенде қаладағы ауруханалардың бірінің хирургия бөліміне санитарка болып жұмысқа орналасты. Жалақысы аз, дегенменде өзіне ұнайды. Өзінің көздегені де осы. Оқуы аяқталғанша осы жерде жұмыс істеп, дипломы қолға тиген соң, осы мекемеде медбике болып қалуға мүмкіндік туады. -Сәлем Назерке. Жұмысың құтты болсын!- деп ертеңіне оқуына келгенде ең алғаш болып құрбысы Қарашаш кұттықтады. -Ия, аумин - деген қыз үстелдің үстіне кітаптарын шығара бастады. Жұмысым сабағыма еш кедергі болмайды деп анасына ғана емес, өзіне де серт берген қыз күнделікті күйбең тірлікке батып кетті. Қарашашпенен тек сабақ арасында сөйлесіп жүргені болмаса, кұрбы деп айтуға келмейді де. -Анашым, мен кетіп барамын, кешкі асқа келмеймін. Бүгін емтихан тапсырып кеш шығамыз. Бірден жұмысқа кетемін. Бұл кезде Назеркенің ауруханада жұмыс істеп жүргеніне жарты жыл уақыт өткен болатын. Бүгін де сол жұмысқа бару керек. Кешкі асын асығып жүріп сөмкесіне салып үйден жүгіріп шығып кетті. - Саламатсыз ба, дэрігер? - Саламатсың ба Назерке! Емтихан қалай тапсырдың? - Шүкір ағай, шүкір. Бұл хирургия бөлімінің бас дәрігерімен күнделікті әңгімелердің бірі болатын. -Бүгін алтыншы палатаға ауыр халде науқас жатты. Түнгі кезекте медбикемен бірге соны қадағалайсың- деп тапсырды. Киімін ауыстырып, жылдам алтыншы палатаға қарай шығып кетті. -Саламатсыз ба, Қанжар аға! Бүгін қалыңыз қалай? -Жақсымын, қызым. Дәрігер бірер күнде үйге қайтасың -дейді -Жақсы болыпты аға. Сіз үшін қуаныпгтымын. Қастарыңызға жаңадан көрші келіпті. Соны қадағалайсың деп тапсырып еді. - Дұрыс қарағым, дұрыс. Наркоздан кейін әлі есін жиған жоқ. Әне жатыр-деп төменгі жақта жатқан жасы отыздан асқан бір жігітті көрсетті. Басын дәкемен мықтап таңып тастаған. Қолында гипс. Әсілі жол апатына түскенге ұқсайды. -Жарайды, Қанжар аға, мен басқа шаруаларымды істей берейін-деп шығуға ыңғайлана берген кезде, науқас қимылдап су сұрады. Дереу үстелдің үстінде тұрған шыны құмырадан су құйып басын ақырындап көтеріп ішкізді. Өзінен екі есе үлкен екені көрініп тұр. Дегенмен де сымбатты екен деген ой, санасынан жүгіріп өткенін жас қыз өзі де байқамай қалды.

Болашақ медбике болғандықтан бас дәрігер Назеркеге аурулардың тарихымен танысуына рұқсат берген болатын. Содан кейін кез-келген науқастың тарихымен танысуды әдетке айналдырған. Бұл жолғы ойы жігіттің есімін білу еді. Есімсейітов Ержан. Отыз екі жаста. Төбелестің салдарынан түскен екен. Бөлмеден дереу шықты да, алтыншы палатаға қарай қайта аяндады. Бұл ойынан өзі де қысылып келеді. Тағы бір нәрсе қажет болып қалған шығар деген желеумен, бір көріп кеткісі келіп тұр. Палатаға кірсе Қанжар аға ұйықтап қалыпты. Ал, Ержан болса шалқасынан түсіп, ояу жатыр. - Қалыңыз қалай, ағай? Өз-өзіңізге келдіңіз бе? - Ия, сұлу медбике-деп қалжындап қояды. Есін жаңа ғана жинаса да көзі жүгіріп, бір орнында тұрмайды екен. -Есімім Ержан -Білемін ағай. Бірдеме қажетпе? - Жоқ. Мына наркоз әлі тарамағандықтан ба, рахат күйде жатырмын-деді. Операциядан кейін аурулардың жағдайын жақсы білетін санитарка бұл сөзге аса мән бермеген болатын. Міне, осыдан кейін Назерке алтыншы палатаға жиі келетінді шығарды. Ересек демесең, Назеркеге Ержанның бір бүйірі бүрып тұратын сияқты көрінеді. Кейде болашақ медбикесің ғой деп екпе де салдыратын. Іші-бауырына кіріп тұрған жігіт жас қыздың санасын ақырындап жаулай бастады. Солай арада екі-үш күн өткен соң оңаша шақырып алып, Назерке отадан кейін сүйектерім сырқырап барады, маған ауыртпайтын дәріден әкеліп бересің ба?-деп өтінді. Бұл дәрілер тек бас дәрігердің рұқсатымен болатындықтан, Назерке көңілі кеткен жігіт үшін қоймадан жасырын алып беруге бел шешті. Содан кейін күнде немесе күнара Ержанға укол таситын болды. Ол кезде Ержанның кім екенін білмейтін еді. Ауруханадан шығар кезде екеуі телефон алмасып қалды. Араға екі күн салып хабарласқан жігіт, достарымен таныстырғысы келетінін айтты. Қала шетіндегі екі қабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Ішке кіргенде адамға жағымсыз бір күлімсі иіс қолқасын жарған кезде, бойдақ жігіт, күтім болмағандықтан шығар деп топшылады. Бұлар кіргенде іште екі жігіт пен бір келіншек отыр екен. -Мынау Серік, ар жағында отырған Дархан- деп таныстырды. Екеуінің де көзі бір орында тұрақтамай, Ержанның көзі сияқты ойнақшып тұр. -Сәлем сұлу қыз-деп Серік бірінші болып қолын созды. Ал, мынау арамыздағы сұлуымыз Айгүл. Дарханның келіншегі. Айналасына көз жүгірткен Назерке, үйдің жұпыны екенін көрді. Теледидар мен тоңазытқышты былай қойғанда, жөні түзу төсеніштер де көрінбейді. Серік пен Дарханға жас қызды мақтап таныстыра бастады. Екеуі болса Назеркенің қабағын бағып, әр әрекетін қалт жіберер емес. Асты-үстіне түсіп бәйек болып жүр. Бір кезде ас бөлмеден жағымсыз иіс күшейіп шыға бастады. Бұл не деп сұраған кезде, Ержан ауруынан толық айықпағанын айтып, ал дәрілер тек дәрігердің рұқсатымен болғандықтан, осылай ауруын басып жүргенін айтты.

Ал, қалғандары ләззат алу үшін көрмекші екен. Айтыстарына қарағанда бәрі сол үшін бас қосыпты. Міне, есірткіні осылай алғаш қолданған Назерке, тәуелді болғанына екі жылдан асып барады. Бастапқыда ауруханадан ұрлап әкелетін. Кейіннен ұсталып қалып, жұмыстан да қуылды. Артынша оқудан да шығарып жіберді. Қазір Сол Ержанның үйінде тұрып жатыр. Ол, үшін маңыздысы оқу емес, күнделікті нанда емес, алғашқы орында бір доза болатын дәрежеге жеткен. Таңертеңнен бері сүйегі сырқырап, басы ауырып болмай барады. Ержан екі күн болды үйде жоқ. Жан-жағына қарап еді қолға ілігетін ештеме жоқ екен. Сыртқа ытқып шықты. Қайда баратынын өзі де білмейді. Ақша табу үлкен проблемаға айналғалы қашан. Есіктің алдындағы гараждардың жанында бір топ еркек арақ ішіп тұр екен. Бойын билеген ауруды, арақтың күшімен жеңбек болып солардың жанына барып, екі стакан арақты тартып жіберді. Жоқ, көмектесер емес. Ішкен екі стаканды кейін тастағысы келіп еді, ештеме шықпады. Қайдан шықсын екі күннен бері үйде нәр сызбаған.

Тәуелділік құрғыр тұла бойын құрыстырып, тәбетін қашырған. Оның үстіне лоқсып, тамағынан ештеңе өтер емес. Басы айналып бара ма қалай?! Әлде жаңа ішкені әсер етті ме? Көзінің алды бұлыңғыр болып, жанындағы адамдардың түрлерін анық көре алмай барады. -Ей, мына қызға не болды. Ішкен арағын көтере алмай қалды ма?- деген жанындағы адамдардың сөздері естіле бастады. Демек ол есінен танып барады. Ауруханада есін жиған Назеркеге дәрігерлер аяғы ауыр екенін айтты. Сонда қалай? Өзім зорға жүргенде ол баланы қалай асырамақпын? Әкесі кім? Ия, ия әкесі кім? Ержан екеуі бірге тұрғанмен Серік пен Дархан бір доза үшін бұны қол жаулық қылғалы қашан?! ҮШ күннен бері есірткі қолданбағанбыз. Алуға ақшамыз жоқ. Оған деген құмарды арасында арақпен басып қоямыз. Құрғыр тәуелділік оған бой берер емес. Бөлменің бұрышындағы кірлегені соншалықты жылтырап, әр жеріне темекінің шогы түсіп тесіліп, мақталары шығып кеткен төсектің үстінде Ержан бүк түсіп жатыр. Қалш- қалш етіп сандырақтап қояды. Ал Назерке болса, сай-сүйегін сындырып бара жатқан құмарлықтан қалай құтылудың жолын іздеп, бөлменің ана бұрышы мен мына бұрышына барып ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Ойына түк келер емес.

Бір кезде есікті біреу ұрды. Жүгіріп барып ашып еді, Серік пен Дархан екен. Көздері жылтырап, ойнақшыған күйі үйге баса көктеп кіріп келді. Бұған Назерке үндемеді, бұл олардың үйреншікті әдеті еді. Достарының дауысын естіген Ержан ауызғы бөлмеге жүгіріп келді де, бірдеме бар ма жігіттер деп сұрады. Бізде үнемі болады ғой деп мақтанған жігіттердің бірі астарлап -ақысын немен өтемексіндер-деп Назеркеге қуақылана қараған. Міне, сол күннен бастап ойларына келгенін істей бастады. Бастапқыда қатты қайғырған болатын, кейін оған да еті үйреніп кетгі. Үйреніп кеткені былай тұрсын, доза табудың оңай жолында тапқандай болды. Ойы қайтып айналып балаға тірелді. Бұндай жағдайда баланы қалай өсірмек? Оның не қажеті бар басына сор қылып. Ойын тағы да құрғыр есірткі бөліп жіберді. Қайдан тапсам екен? Ержан қайда жүр? Киімдерін алып ауруханадан қашып шықты. Үйге келсе сол үшеуі есірткіге елітіп темекіні будақтатып жатыр екен. Қайда жүргенін сұраған ешкім болмады. -Маған бірдеме бар ма?-деп сұрағанда, Ержанның ас үйді қолымен нұсқауға ғана шамасы келді. Жалма-жан киімін шешіп тастап, дозасын қабылдап алды. Қандай рахат! Қанша отырғаны белгісіз, есін жинаған кезде үйде ешкім жоқ екен. Баланы не істемек? Бала,бала, бала ойы сан-саққа жүгіре бастады. Қалай құтылсам, бір амалын қарастыру керек-деген оймен арпалысып жүргенде, терезенің алдында жатқан жылтырақ қағазға түсіп кетті. Әдетте бұндай қағазда есірткі оралып тұратын. Жалма- жан барып ашып қарап еді, ішінде екі адамға жетерлік бар екен. Қалтасына сүңгітіп жіберіп, баладан құтылудың амалын іздеу үшін сыртқа шығып кетгі. Дала тым-тырыс. Күннің қай уақыты екенін ажырата алмай сәл кідіріп, Дарханның үйіне қарай бет алды. Осыдан үш ай бұрын оның да әйелі жүкті болып баласын алып тастағаны бар. Содан әлгі адамның адресін алмақшы. -Сәлем, Айгүл. -Сәлем-деп қысқа қайырған келіншек Назеркеге не үшін келдің дегендей сұрақты көзбен бір қарады. Жағдайды түсіндіргеннен кейін, әлгі кемпірдің мекен-жайын іздеп қала шетіндегі саяжайларға қарай бет алды. Күн кешкірген кезде әлгі әжейдің үйін әзер тапты. Есігінің алдына келгенде жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Бұл баланы жогалтудағы қорқыныштан соққан жүрек дүрсілі ма әлде бір азаптан құтылатындықтан қуанып тұр ма, не үшін екенін өзі де түсінер емес. Күдік пен қуаныш екі сезіммен арпалысқан күйі есікті қақты. -Кір. Есік ашық тұр-деген орыс кемпірдің даусы қарлыға шықты. -Саламатсыз ба! Мен жүкті... Мен баламды.....- деп сасқанынан ба әлде қорқыныштан ба сөздері бірікпей күмілжіп қалды. Кыздың мақсатын түсінген мосқал кемпір -Мында кір-деп көрші бөлмені меңзеді. Бөлме іші қараңғы екен. Ілесе кірген дәрігер-кемпір жарықгы жақты. Анадай жерде темір кереует тұр. Үстінде қап-қара болып кеткен жайма төселіпті әр жерінде қызарған дақтар көрінеді. Әсілі қан болуы керек. Жүрегі дірілдеп кетті.

Еден мен қабырғада ештеме жоқ. Бөлменің бар жиһаз осы кереует пен ескі орындық. Оның үстіне құралдар қойыпты. Ақырындап барып кереуетке жайғасты. Кемпір жат дегендей ишара білдірді. Есін жиып, жан жағына қарай бастады, дәрігер-кемпір көрінбейді. Бөлменің ішін көзімен шолып өтіп еді. Бөлменің ішіндегі жиһаздардан бөлек, бұрышта темір шелек пайда болыпгы. Сыртында қызарып қан көрінеме қайтеді. Орнынан тұрғысы келіп еді, төменгі жағы тартып ауырып тұр. Еңкейген күйде бөлмеден шығып бара жатып, әлгіндегі шелекке көзі түсіп кетті. Ішінде бір кесек ет жатқандай болып көрінді. Зер салып қарап еді жүрегі алқымына тығылып, лоқси бастады. «О, құдайм» өзінің нәрестесі екен. Сыртқа жүгіріп шықты. Артынан ілесе шыққан әжей қызметінің ақшасын сұрап ілесіп келеді. Оған қарайтын шамасы жоқ. Жаңағы кесек ет көз алдынан кетер емес. Қанша жүргені белгісіз бір мезетте жасалған ота сыр бере бастады. Оның үстіне доза алу керек. Тұла бойы құрысып бой берер емес. Үйіне жететін шамасы жоқ. Жан- жағына зер салып қарап еді. Доза қабылдауға пана болатындай анадай жерде тұрған саяжайдың аялдамасына басқа ештеме көрінбеді. Жүрісін жылдамдатқан күйі аялдама жанына доза қайнатуға жарайтын ыдыс іздестіре бастады. Дала тас қараңғы. Сипалап жүргенде бір темір қаушақ қолына ілікті. Дереу от жағып қайната бастады. Екі жылдан бері жаттығып қалған Назерке өз екпесін әп-сәтте дайындап алды. Міне, дайын болды енді, тамырды немен байласам екен деп тағы жан-жағын қармана бастаған қыздың қолына бір жіп ілінді. -Рахатын-ай-деген қыздың көзі жұмылып көз алдына балалық шағы елестей бастады. Мектептен келе жатыр екен, алдында күлімдеп анасы тұр. Бірде колледжге шығарып салып тұрған анасы келді көз алдына. Анадайдан қызарып бірдеме көріне бастады. Назеркеге қарай келе жатқан секілді ме қалай? «Жоқ, мүмкін емес» өз аяғымен жүріп келе жатқан жаңағы кесек ет қой мынау, яғни өз баласы. Жалт бұрылып гұра қашты. Артынан қалар емес. Қашып келе жатып шыңырауға түсіп кеттіма қалай? Тас- түнекте әлі ұшып келеді. Түпсіз шыңырау......

-Кешке Қайрат пен Қайсар ойнайды. Көресіңбе Асқар? -Жоқ. Бала-шағаммен мұз айдынына бармақшымын. -Тоқташы, Әйтөре тоқта деймін. Аялдамада адам жатқан сияқты. -Ия, мынау өрімдей жас қыз ғой. -Нашақор болса керек. -Орталыққа хабар берейік Әйтөре. Орталық. Орталық. Бұл бірінші саяжай аялдамасында жиырмалар шамасындағы бой жеткеннің мәйіті табылды. Үстінде қан жағылған сияқты. Дегенмен де алдын ала болжам бойынша «передозировка» Криминалистер мен жедел жәрдем жіберіңіздер. Криминалистер мен жедел жәрдем...

Ғалымжан МАХАНБЕТ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады