USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Елбасымен кездесу-мен үшін ерекше оқиға

Дәстүр бойынша биылғы жылы да миллиондаған қазақстандықтар Тұңғыш Президент күнін атап өтуге асығады. Бұл ерен еңбек иесі, әлем мойындаған ұлы тұлғаға деген туған халқының құрмет- қошеметі болса керек. Елімізде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін Елбасын таниды, біледі десек, артық айтпаған болар едік. Елбасын көзбен көріп, онымен жүздесу қуанышы кез келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Десек те Елбасымен кездесіп, оның жылы лебізін естіген жандар арамызда бар. Сондай жанның бірі – «Шапағат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ешниязов Серғали Сыдықұлы төрт рет Елбасымен кездесу бақытына ие болған. – Елбасын алғаш рет көргенім 2005 жылдың 28 сәуірі болатын. Бұл күні Қызылорда қаласында студенттер сарайында кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің «Атамекен» жалпыұлттық одағының І сьезі өтті. Сьезге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Ол кезде аймақты Икрам Адырбеков басқаратын. Аймақтарда кәсіпкерлер одағы құрылған тарихи кез еді. Кездесуде кәсіпкерлік жайында келелі әңгімелер қозғалып, аймақтың саладағы бағыт-бағдары айқындалды.

Президент алқалы жиыннан соң бір топ кәсіпкерлермен ескерткішке суретке түсті. Қолымызды алды. –Күнде кездесе бермейміз, бірге суретке түсейік,-деп өзі ұсыныс жасады. Елбасымен жарқын жүздесу маған ғана емес, Сыр бойы кәсіпкерлеріне тың серпіліс бергені сөзсіз. 2005 жылдың 17 қарашасында Астана қаласында республика кәсіпкерлерінің слеті болды. Елбасымен екінші рет осы шарада жүздестім. Ал, үшінші рет Байқоңыр ғарыш айлағының 35 жылдық мерейтойын мерейтойында, төртінші рет Алматы қаласында 1996 жылдың 25 мамырында Президенттік соңғы қоңырауда кездесудің сәті түсті. Балам Нұржан ол кезде №27 дарынды балаларға арналған мектептен 3 рет қатарынан биология пәні бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. Елбасы жыл көлемінде жетістікке жеткен жас дарындыларды қабылдап, мақтау қағазын тапсырды. Сыйға сағат сыйлады,-дейді кәсіпкер марқая сөйлеп. Аймаққа танымал кәсіпкер дәріхана кәсібімен айналысады. Осы кәсіппен шұғылдана бастағанына үстіміздегі жылдың 27 желтоқсанында 20 жыл толмақ. Бүгінгі таңда ол жары Алма Исабековамен бірге 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Шапағат » ЖШС аудан салығына жылына 3-3,5 млн. теңге көлемінде түсім түсіріп келеді. Кәсіпкерлік өркен жайған отбасында 3 перзент дүниеге келген. Жанұяның тұңғышы Нұржан Астана қаласында Қазақ Мемлекеттік заң академиясының халықаралық құқық факультетінде аға оқытушы болып қызмет етеді. ЖОО-ның докторанты. Ержан кәсіпкер, Ербол әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекттік Ұлттық университетінің «Механика-математика » факультетінің ізденушісі. – Елбасымен әрбір кездесуім-мен үшін ерекше оқиғалар. Осындай бақытқа ие болғанымды мақтаныш етемін. Ол кісімен болған жүздесулердегі ұлағатты сөздерінен алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, еліміз үшін Тұңғыш Президент күні мерекесі де жақындап қалды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесімен тұспа- тұс келіп отырған салтанатпен барша жерлестерімді құттықтаймын,-дейді кәсіпкер ақжарма тілекпен.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады