USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Елбасы қойған есіміммен мақтанамын»

Бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бата алған балғындар қазір еліміздің әр түкпірінде, қоғамның сан саласында қызмет атқарып жүр. Бүгінде олар өз кәсібінің білгіріне айналып, заман көшінен қалыс қалмай еңбек етуде. Солардың бірі – Нұрсұлтан Сақпаев. Елбасымен аттас ұлдың есімін Нұрсұлтан Әбішұлы өзі қойып, туу туралы куәлігіне есімін өз қолымен жазған. Бұл тарихи сәт Теректі ауданындағы Аңқаты ауылы жұртшылығының әлі күнге көз алдында.

Алғашқы сапар халық жадында

Егемендіктің 25 жылы ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Аңқаты ауылына төрт мәрте ат басын бұрған екен. Әр келгенінде халықпен кездесіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Халық жадында ерекше сақталғаны – 1991 жылдың 11 қарашасындағы сапары. Осы кездің өзінде Аңқаты халқы Елбасымыздың қарапайымдылығына сүйсінген, болашаққа жасаған бағдарына сенімділікпен қараған.

– Нұрсұлтан Әбішұлының халықпен жүздесуі үшін 157 селолық кеңестің ішінен Аңқатының таңдалуы тегін емес. Облыстағы 12 ауданның ішінде ауыл шаруашылық құрылымы Аңқатыда болды. «Аңқаты асыл тұқымды мал зауыты» кеңестік заманда Ленин орденімен марапатталған бірден-бір зауыт болатын. Сол жерлердегі шаруалардың күшімен қазақ сиыры мен шетелден әкелінген герефорд тұқымды ірі қара будандастырылып, метис бұқалар жергілікті жерге жерсіндірілді. Осылайша, Қазақстанда өсірілген ет сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келе бастады. Зауыты қарқынды жұмыс жасап тұрған Аңқатының әл-ауқаты сол кездің өзінде өзге ауылдарға қарағанда көш ілгері болды. Жұмыс көрсеткіштері, халықтың тұрмыс деңгейі бұрын болмаған деңгейге көтерілді. Ауылда қазақтың ақбас сиыры өсіріліп қана қоймай, жылқы мен егін шаруашылығы қатар дамыды. Жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер салынып, жолдар түзелді, ауыз су мәселелері шешілді. Алғашқы сапар үшін осы жердің таңдалуы – сол ауылдағы халықтың бірлігіне, еңбегіне құрмет деп білеміз. Әсіресе, «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының шаруашылығын алға шығаруға күш салған А.Черекаев, Ө.Мусиндердің еңбегі айрықша, – дейді Аңқаты ауылында бірнеше жыл әкім болған Амангелді Кенжеғалиев.

Н.Назарбаевтың өңірге алғашқы сапармен келуі Президент сайлауы қарсаңында ұйымдастырылыпты. Ауыл ішіне құрылған киіз үйде ел-жұртпен етене сөйлесіп, мемлекеттің болашағы туралы сөз қозғаған. «Әуелі экономика, одан кейін саясат» деген Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің әл-ауқатын көтеру арқылы ғана саясатты тиімді жүргізуге болатынын айтқан. Болашақ Президенттің әр сөзін мұқият тыңдаған халық осы кездесуде қолына домбыра алып, қоңыр дауыспен салған әнін де тыңдаған.

Бұдан кейін еліміздің Президенті болып сайланған Н.Назарбаев шаруашылық жайымен, асыл тұқымды малдарды сақтау мәселесімен ат ізін салып, Аңқатыдан бірнеше рет дәм татыпты.

Сақпаевтар жанұясындағы қуаныш

Н.Назарбаевтың өңірімізге алғашқы сапары Сақпаевтар әулетіндегі қуанышпен тұспа-тұс келді. 1991 жылдың 6 қарашасында Болат пен Гүлбарамның екінші сәбилері жарық дүние есігін ашып, тұңғыш қыздарының соңынан қамшы ұстар ұлдары дүниеге келген болатын. Ауылдағы ауруханада босанған Гүлбарам арада өткен төрт күнде сәбиімен үйге шығады. Көрші-көлем, ағайын-тума балаға «Нұрсұлтан» деп есім беру жөнінде қолқаласа, әкімшілік баланың есімін өңірге келген Н.Назарбаевқа қойғызуды ұсынған. Жерлестердің ұсынысы Сақпаевтарға ұнады. Өйткені тұңғыштарының есімі – Нұрсәуле еді. «Нұрсұлтан» соған ұқсас. Бір жағынан еліміздің тұңғыш Президенті болып сайланғалы тұрған тұлғаның есімі баланың өміріне оң әсерін тигізер деген үміт те болған. Осылайша ұсынысты қуанышпен қабылдап, келісімдерін береді. Бірақ, іштей қобалжудың болғаны да рас.

– Тұңғышымыз қыз болғаннан кейін екіншісінің ер бала болуын күттік. Ол кезде қазіргідей алдын ала біліп алу мүмкіндігі болмады. Ультра дыбысты зерттеу құрылғысы деген атымен жоқ. Ат қойдыруға келісім бергенімізбен, бар-жоғы бес-ақ күндік ұлымызды көпшілік алдына шығаруға сескендік. Қазақшылыққа салынып, жас нәрестемізге тіл-көз тиеді деген ойлар да болды, – дейді Гүлбарам Сақпаева.

Ерлі-зайыптылардың бойларындағы қорқыныш Н.Назарбаевтың алдына барғанда сейілді. Қолдарына әлдилерін ұстап киіз үйге енген оларды көрген сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан тұрып, сәбиді өз қолына алды. Бетіне екі-үш мәрте түкіріп, тіл мен көзден аман жүруін тіледі. Құлағына үш мәрте атын айтып, елдің азаматы болсын деп батасын берді. Баланың туу туралы куәлігіне өз қолымен есімін жазды. Баланы қолына алып «маған ұқсайтын секілді ғой» деді. 90-шы жылдардағы демографиялық ахуалдың күрт төмендеген уақытында ел басқарушы адамның жас нәрестеге ат қоюы көптеген отбасылар үшін ынта бергендей еді. Сәби Нұрсұлтан 1 жасқа толғанда Президенттің өзінен туған күнге орай арнайы құттықтау хат келген болатын. Сол кездегі Елбасының құттықтау хатын, фотосуреттерді, бейнежазбаны Сақпаевтар жанұясы көздің қарашығындай сақтап келеді.

Кәсібін кеңейткісі келеді

Осыдан 25 жыл бұрын Елбасыдан бата алған Нұрсұлтан жуырда 25-ке толды. Отбасылы. Шаңырағында Айсары, Бақтияр есімді ұлдары өсіп келеді. Облыс орталығында өз алдына кәсібі де бар.

Кейіпкеріміз Тәуелсіздік құрдасы екенін, есімін Елбасының өзі қойғанын мақтан тұтады. Жауапкершілігін де жақсы түсінеді. Ес білгелі жақын-жұрағаты Президент теледидардан сөйлеп жатқанда немесе газеттерге шықса, «Бұл – сенің атаң» деп айтып отыратын. Сол себепті ол Мемлекет басшысын ет жақын туысындай көріп өсті. Мектептегі ұстаздары мен замандастары да «Елбасының кіндік баласы» деп сенім артты. Бірақ бұған Нұрсұлтан дандайсып, бәлсінген емес. Оқуда алда болды. Мектептегі шаралардың бел ортасынан табылып, мектепаралық байқауларда жүлдегер атанды.

– Төменгі сыныпта оқып жүргенде қызымызға фортепиано алып бергенбіз. Қыз бала болған соң, жан-жақты болып өскенін қаладық. Фортепиано үйге келген күннен бастап, оны қызымыз емес, ұлымыз меншіктеп, өз бетімен үйреніп алды. Кейін домбырада ойнауды меңгерді, – дейді анасы.

Нұрсұлтан 5-6 сыныпта оқып жүрген кезінде техникалық бұйымдарды жөндеуді бастапты. Осы уақытта ата-анасы алып берген компьютерді бөлшектеп, қайта құрастырып шыққан. Бұл кездері компьютерлердің ауыл мектептеріне жаңадан жете бастаған кезі болатын. Техникадан хабары мол бозбаланы ауыл тұрғындары теледидар антенналарын орнатуға, көліктерін жөндетуге жиі шақыртатын. Орта мектепті тәмамдаған соң Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжіне автомеханик мамандығына оқуға түсті. Ата-анасына салмақ салмай, оқи жүріп жалдамалы жұмыстарды атқарды. Көп ұзамай отау көтерді.

– Отбасылық жағдайыма байланысты ертерек еңбекке араласуым қажет болды әрі өзімнің қызығушылығым да күшті еді. Екінші курста жеке кәсібімді аштым. Көлік жөндеу орталығындағы жұмысымды бастағаныма алты-жеті жыл болды. Орын-жайды жалға алып отырғандықтан, ілгерілеу болмай тұр. Жер алып, кәсібімді кеңейтсем деймін. Қазір қарауымда бір жұмысшы бар. Жеке орын болса, қызмет көлемін арттырып, көп адамды жұмыспен қамтуға болар еді, – дейді Нұсұлтан.

Түйін: Нұрсұлтан Сақпаевтың үлкен арманы – Елбасымен кездесу. Мүмкіндік туып жатса, шақалақ кездегі ақ батасы үшін алғысын жеткізбек.

Эльмира НҰҒМАНОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады