USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Ел мен ер және жер

Фото: Ақтөбе газеті

Жерден өткен байлық жоқ: жер болса — ел болады, ел болса — ер болады. Ел мен ердің арасында айырма жоқ деуге де болады. Екеуі бір ұғым, қос өрім, егіз түсінік. Өткен заманның ойшылдарының бірі Ш.Монтескьенің: «Мемлекет өмірі адам өмірі секілді» деген сөзі бар. Ендеше, ел мен ердің өмірі де — осы қанатты қағидамен сабақтас. Халқымыз бұл тұрғыда талай тамаша сөздер мен ғажайып тәмсілдерді айтып та кеткен. Жақсы сөзден сыбаға, жарқын ойдан мұра, халық- тық қағидадан үлгі алсақ, несібеміз молай- ып, тапқанымыз толыса түспек. Мемлекет өмірін құрайтын да, ұзартатын да – оның бейбіт өмірді сүйетін, бірлігі жарасқан халқы. Тәуелсіздіктің ең алғашқы күнінен бастап біз бірлік пен ынтымақтың туын биік көтеруді мақсат тұттық. Ел бірлігі — ерекше байлық. Халқымыз үшін ер мен жердің нарқы аса биік. Біз — бала кезімізден осынау егіз ұғымды анамыздың ақ сүтінен, әкеміздің ащы терінен ұғынып өскен ұрпақпыз. Жердің қадірін білу арқылы елдің қадірін білесің. Елдің абы- ройын ойлау арқылы өз абыройыңа дақ түсірмеуге тырысасың. Осыларды бала кезден бойға сіңіру, ойға тоқу арқылы ұлттық салт-сана мен халықтық қасиеттерді де тал бойыңа таратып, тағылым алып өсесің. Адам өз халқынан өмір бойы үйренеді, сонымен қатар елге елеулі әрбір азамат іргелі ісімен, үлгі-өнегесімен елді де тәрбиелейді. Ел мен ердің бірлігі, ел мен ердің жарасымы – жарқын болашақтың кепілі дейтініміз сондықтан. Бала кезімізде мектепке бара жатқанда, кең көшенің бойында кеңесіп, өткен-кеткеннің сәлемін сәтімен алып, батасын беріп, бақытыңды үстеп отыратын қарияларды көп көретінбіз. Олардың алдын кесіп өтпей, тоқтап, назарын аударып, аузымызды толтырып «ассалаумағалайкүм» деп амандасып, сонан соң көптен күткен керек істі тындырғандай болып, шаттана жүгіріп бара жататынбыз. Әкемнің көзін көрген, анамның қолынан дәм татқан сол қариялар туралы бүгін ұзақ жылдардың қырқасынан ойлана еске алсақ, сол кездер біздің азаматтық қалыптасуымыздың саналы сабағындай болған екен. Қазір де, жолым түскенде, сол баяғы балаң сүрлеумен тағы да жүріп өткенді ұнатамын. Сол кезде әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қарияны, ақ жаулықты әз аналарды тағы да көрем бе деп елеңдеймін. Әттең, уақыт қатал, олардың бәрін келместің кемесіне мінгізіп, алысқа әкеткендей. Жаным жабырқап, көңілім қамығып, әр көшенің өн бойына жалтақ-жалтақ қараймын. Солармен бірге кеткен қимас шақ — балалық балдәуренді бүгінгі ұландардың бойынан көремін бе деп, көшеде жүгіріп бара жатқан бүлдіршіндердің соңынан ұзақ қарап қалатыным бар. Алатау қойнауларындағы алма бақтарының иісі жұпар аңқыған сол бір тамаша сәті, биік таудың басына әзер өрмелеп шығатындай таңғы арайдың тамылжыған шапағы, ауылдан өрген малдың қым-қуыт дауыстары, төрт түлігін өргізген апалардың бір-біріне сәлем салып, ай көрмеген абысындай, жыл көрмеген танысындай болып шұрқырасып, амандық-саулық сұрасып жатқаны көңіл айнасында көп уақыт өтсе де, ескірген емес. Кейінгі кездерде Жер шарының талай елінде, талай қиырларда таңның атуын көп көрдім. Бірақ солардың ешқайсысы да менің жаным- ды дәл сол бала кездегі туған ауылымның — туған елімнің таңындай баураған емес. Бұл, бәлкім, туған жерге деген ыстық сезім, ата-анама деген өшпес сағыныш болар. Таң- мен таласа тұрып, тау қойнауындағы ескі жолдарға жаңа қадамдар қосатын әкемнің ымырт үйірілгенде үйге келіп, дастарқан басында дәм татып отырған бейнесін озған жылдардың ой-шымылдығын түріп, қанша қарасам да, көкейімдегіні көре алмаймын-ақ. Шарасыз күйде жолға шығып, иығын шаң қапқан жолаушыдай күй кешетінімді несіне жасырайын. Ел мен жердің қасиетін таныту тұрғысында біз кейде жадағай сөздерге де орын беріп жатамыз. «Оңай сөз ғой Отанды сүйем де- ген, мен Отанды атамдай иемденем», деп Мұқағали ақын қалай дәл айтқан. Атамекен деген сөзде кие бар. Туған жер десек, арманда кеткен бабалардың бүгінгі таңда ақта- лған арманы ойға оралады. Өз Отаның – бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан мен жастарға білімің мен қайрат-жігеріңді өз еліңнің мүддесіне жұмса деп айтар едім. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сен де әулетті, әлеуетті боласың. Отанды сүю баршамыз жүрек тұсында ұстауға тиесілі осындай қарапайым сөздерден басталады. Әкеміз күн сайын «Отанды сүй, елді сүй, туған жерді қадірле» деп тақпақ жаттатқандай болған жоқ.

Анамыз да мұндай сөздерді құлағымыздың құрышын қандырып, күнде айтқан емес. Бірақ олардың күнделікті қарапайым тірлігі, от басы-ошақ қасында атқарған іс-әрекеті бізге өмірлік сабақ, ғұмырлық ғибрат болды. Мұндай жағдайды тек мен ғана бастан кешпегенім де шындық. Әрбір қазақ баласының, әр қазақстандықтың осындай тәлім-тәрбие алғаны даусыз деп ойлаймын. Халық та бірде бала, бірде дана. Дана халықтың ұлы, бала халықтың басшысы болып, туған еліңнің туын көтергенде, жұртыңа деген сенім ешқашан суға батырмайды, отқа күйдірмейді. Тығырықтан жол табасың. Қазір бұған халқымыз да, алыс-жақын елдер де куә. Тұрлаулы тарих, шежіреге айналар шындық куә. Бүгінгі уақыт куә. Ал біз — осы тағдыршешті туындының бас кейіпкерлеріміз. Қазақ үшін қара жердің қасиеті тым биік. Тағдыр бізге ұлан-байтақ жер берді. Ұл-қызының рухы асқақ, намысы биік ел берді. Ғасырлар бойы күресіп, талай-талай тар кезеңде даудың бетінде, жаудың өтінде жүрдік. Байтақ жердің баянын, ата- бабаның арманын ұмытпадық. Ақ білектің күшін де, ақ найзаның ұшын да орайын тауып ұстап, амалын тауып азат күнге жеттік. Демек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам жері үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз. Жердің иесі де, киесі де — халық. Бұл біздің ешқашан естен шығармайтын ережеміз, қасиетті қағидамыз болуы тиіс. Туған елінің тұтастығы мен бірлігі жолындағы халықтық ой-пікірлер қашанда қостауға, терең түсіністік танытуға лайықты. Мұндайда: Ұлы той көппен көрген халқың үшін, Ешқашан адастырмас салтың үшін. Жаратқан, Қазағыма ынтымақ бер, Тұрғанда мына заман тартып ішін, – дегеннен басқа не айтқандайсың?! Біз – ынтымақ деген сөздің мән-мағына- сын бала кезден бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Әрі мұны тек мектеп оқулықтарынан ғана емес, алақандай ауылдың қарапайым адамдарынан естіп, күнделікті тірлігінен та- нып өстік. Осындайда бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатыпты. Өзі белі еңкіш тартып, әбден қартайған кәрі адам екен. Оны көргендер: «Ата, өзіңіз болса қартайдыңыз, бұл ағаш қашан жеміс береді, оны сіз көре алмайтын да шығарсыз, несіне әуре болып жатырсыз?», – дегенде, белін бір сәтке жазған қария: «Мен жемісін жемесем де, оны кейінгі ұрпағым жейді ғой, сол үшін отырғызып жатырмын», – депті. Біздің әкелеріміз осы тәмсілдегі қарияның өзіндей, ұрпағын ойлаған үлкендердің көзіндей еді. Алатау баурайында бой көтерген ауылдардағы қариялардың бәрі дерлік осы тәмсілді өз бастарынан кешкен ұрпақ еді. Мұны жылдар өте келе терең ұғына түстік. Ал бүкіл қазақ даласын жаудан да, даудан да қорғап, келер ұрпағы үшін шыбын жанын да, қасық қанын да қиған қасиетті аға ұрпақтың ел мен жер туралы мәңгілік тәмсілін бүгінгі ұрпаққа жан-жақты ұғындыра алдық па? «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген Махамбеттен жеткен мағыналы сөз бар. Кейде бір азаматтар шамадан тыс міншіл болып жатқанда, осы сөзді ұстанған баяғы ауыл қарттары еске жиірек түсетіні бар. Ел мен жердің қасиеті мен киесі – ұлы жәдігер. Ұлттық байлық. Ұлттық ұлағат. Тілімізде «жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөз бар. Өйткені, жердің тарихы, оның тағдыры әрбір адамның да өмірбаяны, ащылы- тұщылы ғұмырнамасы секілді. Біз осы жерде өмірге келдік, ұлт болып ұйыдық, халық болып қалыптастық. Хан көтеріп қатарға кірдік, мемлекет болып мерейімізді өсірдік. Енді, міне, егемен ел, кіммен де терезесі тең тәуелсіз мемлекет ретінде өркениет өлке- сіне өрістеп барамыз. Көш-керуеніміз көлікті де, көрікті де болғай! Халқымызда «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген ерекше бір мәнді сөз бар. Егемен еліңді жауға алдырмайтын, дауға қалдырмайтын ер басқарса, оны қолдайтын елі болса, бұл дүниенің байлығы да, бақыты да сол емес пе! Ел бақыты – ер бақыты. Сон- дықтан да «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп өскен елдің перзенттеріміз. Ұлттық мүддеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгілерін біз халқымыздың қайраткер тұлға- ларының өмірбаяндарынан білеміз. Жиыр- масыншы ғасыр басындағы ұлттық мүдде жолындағы жанкешті арпалыстар кейінгі жыл- дарда зұлмат пен нәубеттің қасіретті кезеңіне тап болса да, олардың айқын мақсаттары мен асқақ армандары келер ұрпақтың кеуде- сіндегі азаттық сезімін оятты. Жиырмасын- шы ғасырдың басында жиырмадан енді асқан Сұлтанмахмұттың: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам?!» деп басын бәйгеге тігуі ақындық албырттық қана емес, азаматтық, қайраткерлік жанкештілік болатын. Феодалдық және социалистік сана арасын- дағы сәби талпыныстар мен солақай ұрандар ұлттық есеюдің, халықтық ержетудің кезеңін кешіктіріп, оның соңы сырттан таңылып, сұрқия пішілген солақай жоспардың кесірінен өткен ғасыр басында көршілерінен саны жағынан басым қазақ жұртының ғасыр ортасында олардан көш бойы қалып қойғанын тарихи зауал, нәубет демегенде не дейміз?! Елім туралы, оның ертеңі туралы ойланғанда, туған ауылдағы көп балалы отбасылардың өмірі есіме түседі. Бәріне бірдей аналық жүрекпен, әкелік тілекпен қарайтын қара- пайым отбасылар секілді ешкімді алалап қараған емеспін. Бәрі де – менің халқым, туған жұртым. Береке-бірлігі жарасқан, ертеңге ортақ арман-үмітпен қараған оларды ешқашан шектеп, шеттетуге болмайды. Өйткені мына жер, мынау аспан мен тау, бой көтерген үйлер мен қалалар бәрімізге ортақ. Баршасы – ел мен жердің ортақ байлығы, ортақ қазынасы. Бүгініміз де, ертеңіміз де ортақ. Сондықтан да жұрт болып жұмылып, көп болып ұғынып, ер болып еңсеріп, ел болып белсеніп қызмет атқарып келеміз. Мұның бәрі қасиетті қазақ жерінде жүзеге асып жатыр. Халқымызда «Таудан тірегі бардың тастан жүрегі бар» деген сөз бар. Менің тауым да, табалдырығым да, тапқаным да, табынатыным да – туған халқым. Елі мұратқа жетпесе, ердің бәсі кем, ері мұратқа жетпесе, елдің бәсі кем. Екеуі тең түсіп, тілегі мен тірегі ұштасса, екеуі де өмірден өрісін, еңбектен жемісін, жарыстан жеңісін табады. Елің – құрышың, жерің – ырысың. Өйткені жердің де, елдің де иесі екеніңді ешқашан естен шығаруға бол- майды. Балалы үйдің базары тарқамайтыны секілді, сонда еліңнің базары да, ажары да жарасымды келісіммен ғұмыр кешіп, тарихи істерді атқара аласың. Елдің күші — бірлікте. Бұл сөз біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан — біздің ұлттық арманымыздың ақиқат алғы- шарттары. Білімді мыңды жығады, білген уақыттан озады. Ал ізгі қасиеттерді ізгілікке жұмсаған елдің де, ердің де қашанда маңдайы ашық. Бұл сөздерді елеп-екшеп берген де халқымыздың ғибратты өмір жолы. Біз – талайды көрген халықпыз. Тар заманды бастан кешіп, кең заманды аңсаған елміз. Бұл күнге біздің ұрпақ жетті. Ендігі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі осыны бағалай білуі керек. Бақыт – бағалай білгендікі. Адал маңдай тер – абыройдың баспалдағы, еселі еңбектің өтеуі. Ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған арда елдің қай кезде де көшін бастаған ұлы тұлғалары болған. Бұл тұрғыдан келгенде ұлттың ұлы тұлғаларының есімдерінің өзі талай кітапқа жүк боларлық. Ерлердің ерен бейнелерін дастан-жырларында мәңгілікке нақыштаған халқымыздың ұлан-ғайыр байлығы — руханиятымыздың асыл қазынасы ғана емес, ол – біздің келешек дамуымыздың, елдік қуаттың қайнар көзі. Тұлпар мініп, ту ұстаған бабалардан жеткен асыл сөз, айбынды ұран енді бүгінде Қазақстанның мәртебесі мен мерейін асырып, оның әлемдік өркениет көшіндегі орнын айқындауда. Қазақ жерінің – үсті де, асты да байлық. Ал одан да қымбат байлық – біздің бауырмал халқымыз, мәрт жұртымыз. Ел болу үшін, ең алдымен ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы қажет. Біз осы ұлы қасиеттерді мемлекеттік саясат ретінде ұстанамыз және оны әркез мақтан етеміз. Мемлекеттің ғұмыры да адамдардың тағдырына ұқсас. Аристотель данышпан: «Мемлекеттің пайда болуы Құдайдың ісі, ал оны сақтап қалу – адамның ісі», деген екен. Біз, Қазақстан халқы, Құдайдың ісіне қуана отырып, жаңа тұрпатты мемлекетімізді сақтап қалу үшін Мәңгілік Елге қызмет жасау жолында еңбектеніп жатырмыз. Ел мен ердің бірлігі – халықтың қам-қарекеті. «Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды, жері жоқ ел өмір сүре алмайды», деген екен ғұндардың көсемі Мөде бабамыз. Бізде ұлан- байтақ жер де бар, ынтымағы жарасқан ел де бар. Еңбегімізге береке, халқымызға бірлік бергей!

Мақала «Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады