USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Домбыра үніндегі дегдар болмыс

Тəуелсіз елімізді баянды болашаққа, кемел келешекке бастаған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қасиеттері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Еліміздегі кез келген кітапханадан Елбасының балалық шағынан бүгінгі кемелденген кезіне дейін түгел қамтитын əр алуан еңбектермен танысуға еліміздің əрбір тұрғындарының мүмкіндігі бар. Дегенмен, көпшілік қауым елімізге белгілі күйшілердің Ұлт көшбасшысына арнаған күйлерін біле бермейді. Соның бірі Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбектің «Мəңгілік ел» күйі. Күйшінің айтуынша, Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлының Жолдауында айтылған «Мəңгілік Ел» идеясы аталған күйдің жарыққа шығуына əсер еткен. – Нұрсұлтан Əбішұлының «Қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар.

Ол – Мəңгілік Ел идеясы» дегені бар. Əрбір ұлт ұрпағының, Отанының болашағы мəңгілік болғанын қалайды. Елбасы Жолдауында айтылған «Мəңгілік Ел» идеясы «Мəңгілік ел» күйінің жарыққа шығуына əсер етті. Күй алдағы болашақтан күткен үлкен үміт, Тəуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мəңгі, қоғамымыз тыныш болса екен деген асқақ арманмен астасып жатыр, – дейді күйші. Ал, қазақ өнеріне алпысыншы жылдары құбылыс болып келген сұңғыла күйші- композитор Шəміл Əбілтаев «Қазақстан- Нұрсұлтан» күйін жарыққа шығару үшін жеті жыл уақыт арнаған екен. – Елбасымызды мадақтап күй арнайын деп жоспарлаған емеспін. Ел ішінде əр түрлі сарындағы патриоттық іс-шараларға қатысып қаламыз.

Сонда жастардың «Қазақстан-Нұрсұлтан» деп ұрандатқанын бірнеше мəрте естідім. Осы бір сөз күндіз- түні ойымнан шықпай, көңілімде жатталып қалды. Сөйтіп жүргенде арада жылдың жүзі өтіп, «Қазақстан-Нұрсұлтан» күйі жарыққа шықты. Осыдан екі жыл бұрын қабылдауында болғанымда аталған күйді Елбасымыздың өзіне орындап бердім, – дейді Ш.Əбілтайұлы. Сондай-ақ, Шəміл Əбілтайұлы Нұрсұлтан Əбішұлының сөзіне жазылған «Шұбар ат» əнінің авторы. Автордың айтуынша, ҚР Мемлекет жəне қоғам қайраткері Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген Елбасы» атты кітабынан «Шұбар ат» өлеңін оқығанда жан дүниесі тебіреніп, əн туған екен. Кейін Елбасымыздың туған жерге деген сағынышынан туындаған «Шұбар ат» əні Досымжан Таңатаровтың орындауында халыққа кеңінен тарады.

Талғат НҰРХАНОВ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады