USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Дін тазасын ой табар

Фото: Егемен Қазақстан – egemen.kz

Өз тұрғыластары мен ізбасарлары туралы толымды пікір тастай біледі деген жастардың айтарына құлақ түрсек деген едік. Осы орайда, тарих ғылымы саласында белсенділік танытып жүрген жаңашыл ұстаздардың бірі Талғат Жолдасұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Талғат Жолдасұлы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы. 2007 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетін тарих мамандығы бойынша бітіріп, 2008 жылы аталған университеттің магистратурасын тәмәмдаған. 2014 жылға дейін «Қазақ-Қытай» институтында бір жыл, одан соң М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде бес жыл оқытушы болып қызмет еткен. Қазіргі күні Түркияның Кония қаласындағы Селчук Университетінде докторант. Бүгінгі таңда қазақ жастары арасында дінге, тарихи таным-түсінікке, білім алуға байланысты туындайтын мәселе көп. Бұл тұрғыдағы батыл пікірлер бізге ғана емес, барлық жастарға ой салар деген ниетпен Талғат Жолдасұлымен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Ғылымға бет бұруыңызға не себеп? Сіздің ойыңызша тарих ғылымының қай тарабы зерттеуді қажет етеді?

- Ғылымға студент кезімнен бет бұра бастадым. Өмірдің бүл саласына қызығушылығым оянуына тарих ғылымының еркін ойлауды, тәуелсіз болуды, шындықты, әділдікті талап етуі себеп болса керек. Ал отандық тарихымыздың зерттеуді қажет ететін тарабы әрине көп. Бірінші мәселе тіл білетін мамандар өте аз. Тарихшылар көбіне тек орыс тілін білгендіктен орыс деректерімен жұмыс істеу арқылы жақын дәуір тарихын зерттейді. Ежелгі және орта ғасырлар тарихын зерттеу ушін тарихшы парсы, араб, қытай деректерімен, қолжазбаларымен жұмыс істеуге тура келеді, сондықтан бул тілдердің бірін жетік білу керек, бірақ ондай мамандар өте аз, кейбір облыстарда тіпті жоқ. Екінші мәселе - дамыған елдердің әлемге әйгілі тарихшы, зерттеушілердің еңбектері букіл әлемге ағылшын тілінде тарайды. сондықтан тарихшыға бұл тілді білу өте маңызды. Болмаса ғылымымыз мүшкіл хәлде қала беруі мүмкін. Ал зерттеуді қажет ететін салалар жөнінде сосын әңгіме етуге болады...

- Ғылымда жеткен жетістіктеріңіз?

- Адам өзіне көңілі толмайды ғой. Сондықтан мынадай жетістікке жеттім деп айту қиын екен. Ғылыми зерттеу жұмыстарыма байланысты көптеген облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатыстым. Облыстық, республикалық мерзімді басылымдарға ғылыми, танымдық ірілі-ұсақты ондаған мақалаларым жарияланып келеді. Жақын болашақта жас тарихшыларымызды қалыптастыруға өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.

- Теріс ағымдар мен зиянды әдеттерден аулақ болуы үшін жастар нені білгені дұрыс?

- Әрине мен кәсіби теолог немесе философия саласының маманы емеспін, бірақ дін тарихына байланысты кәсіби теологтардың академиялық жазылған еңбектерін және кейбір ойшылдардың шығармаларын оқығанды ұнатамын. Мемлекет пен дін қарым-қатынасына қарайтын болсақ, Қазақстан Ата Заңында жазылғандай зайырлы мемлекет. Жастардың бәрі осындай деп мораль оқудан аулақпын, бірақ көптеген жастарымыз ел заңы мен зайырлылықты түсіне бермейді. Сондықтан қоғамда көптеген қайшылықтар туады. Бұл біріншіден. Екіншіден біреудің дініне, ұлтына, жынысына тіл тигізуге, кемсітуге тиым салынатынын да түсіне бермейді. Кейбір мұсылман елдеріне барып келген көптеген жастар сол қоғамды идеал көріп, қазақтың дәстурлі діни түсінігіне қайшы әрекеттер жасайды. Радикалды түрде салт-дәстүрімізді бидғатқа, ширкке шығара салады. Мәдениетімізге, қасиетті топырағымызға деген құрметі жоқ. Заңға қайшы екенін білмейді, білсе де құрметтемейді. Дін дегеніңіз ақыл, ар, әдеп, адамгершілік пен әділеттік. Мінезде бұлар болмаса құр ғибадаттан пайда жоқ. «Дін тазасын ой табар» депті бабаларымыз. Ойлану мен ақылға салу, ақылды өсіру үшін білім іздеп, ғылым игеру дін тазасын ішіңізден тауып береді. Дін мен фәлсафа турасындағы қысқаша пікірім осы.

- Шетелде оқудың артықшылықтары мен оқу барысында кездесер қиындықтар турасында не айтасыз?

- Қазір Түркияның «Туркие бурслары» атты программасымен оқып жатырмын. Бұл бағдарламамен Европаның, Азия елдерінің, Африканың және Латын Америкасы елдерінің студенттері білім алуда. Шетелде оқудың әрине артықшылықтары көп. Мысалы, Түркия мен Қазақстанның оқу жүйесі екі түрлі, елдің саяси жүйесі басқа. Осындай елде оқу біз үшін жаңа әлем, жаңа ғылыми мектеп болып табылады, үйренер жағымыз көп. Жаңа мүмкіндіктер туады, ел көресіз, жер көресіз, әртүрлі елден келген студенттермен араласасыз, таным-түсінігіңіз дамиды, өзгереді дегендей. Алдымен сол елдің тілін меңгересіз, сол тілге аударылған қолжазбаларды, ғылыми еңбектерді оқуға мүмкіндіктер туады. Әлеуметтік жағынан алғанда барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілгенбіз десек те болады. Әрине ұсақ-түйек қиындықтары да жоқ емес.

- Қазіргі қазақ жастарына қаншалықты көңіліңіз толады?

- Жастар деген - жалпы ұғым. Барлығы бірдей емес, сондықтан көңілім толады немесе толмайды деп айту қиын.

- Сіздің ойыңызша жастар арасындағы ең өзекті мәселе қандай?

- Қазақстанның экономикалық- әлеуметтік жағдайына байланысты жастардың әлеуметтік мәселесі көп. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Жастарға аздап кеңесімді айтатын болсам, бәсекелестікке төтеп беру үшін бір мамандықтың жоғары деңгейдегі иесі болу керек. Оған қоса ана тіліңнен бөлек бір тіл білуің керек. Қазіргі кезеңде ең өзекті болып турған ол ағылшын тілі. Ғылыммен айналыссаңыз да, шетелде білім алғыңыз келсе де ағылшын тілінсіз болмайды. Тілді жетік меңгеру арқылы шетелде білім алып әлеуметтік жағдайыңызды түзейсіз, елімізде білікті маманға айналасыз, өзіңізге жаңа әлем ашасыз, қоғамға пайда тигізесіз. Тек орыс тілді ақпараттық кеңістіктің астында қалған Қазақстан үшін тіпті маңызды. Қазіргі күні ағылшын тілін көп жерлерде талап етуде, алдағы уақытта тіпті маңызды болып, қатты талап етілетін болады. Өзімен бірге оқыған жастар тілді меңгеру арқылы алға жылжып, Батыстың озық ғылымы мен өнерін үйреніп жатқанда тілді меңгермеген жастар бәсекелесе алмай, қарапайым тілмен айтқанда жұмыссыз қалуы да мүмкін. Жоғары оқу орындарында болсын, колледжде болсын кәсіби мамандығын игеріп, өзінің жетілуі үшін оқығаны абзал. Орынсыз бос күлкі мен зиянды әдеттерге әуес болмай, кітап оқу әдетін қалыптастырған өте пайдалы. Бұл менің педагог ретіндегі тәжірибемнен түйгенім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Б.САТЖАН

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады