USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Болашақ бұлыңғыр болмауы тиіс.....

Ұл ер жетіп, қыз балиғат жасқа толғаннан кейін шаңырақ көтеруді ойға алады. Олардың кейбіреулері ата- ана ықпалымен болса, енді біреулері Алланың ақ жолымен неке қиюға бел байлайды. Әрине, үй болып, көбейген барлығымыз үшін қуанышты жайт.

Алайда, үйлену оңай, үй болу қиын дегенді ұмытпағанымыз абзал. Тіпті, қазіргі кезде үйлену қиын, үй болу одан да қиын деп жатады. Бұл сөзді мақұлдамасақ, қарсылық білдірмейміз. Сөзіміздің басында айтып кеткеніміздей бозбала мен бойжеткен махаббаттың дәмін сезінбей тұра алмайды. Бір көргеннен ғашық болу, ессіз сүю он сегізге енді толган жасөспірім үшін естен кетпес сәт болып қалатыны сөзсіз. Ең бастысы қателікке бой алдырмау. Қандай қателік дейсіз ғой? Ең алдымен ойға оралатыны некесіз төсек қатынасында болу, араға бір жыл салмай ажырасу, сонымен қатар өз - өзіне қол жұмсау.

Міне, осы тектес кемшіліктер қоғам дертіне айналып бара жатыр. Білместікпен от басқан сұлуларымыз аяғы ауырлап, не істейміннің күйін кешу еді. Ә.Тәжібаев кітапханасынан шығып, аялдамаға жақындағаным сол еді, етегі жасқа толган бойжеткенді жолықгырдым. Басында мән бермеген едім, кейіннен қайта барып қарауды жөн санадым. Содан не керек, еңкілдеп отырған құрбыма таядым да, «не болды?» деп төтесінен қойып қалдым. Жылағаннан ба екі көзі қызарып кеткен ол менің мойныма асыла кетті. Менде еш абыржымастан қасына жайғастым. Жараның аузын тырнамайын деген ниетпен ештеңе сұрамауға бекіндім. Алайда, ішіне бүккен сыры тыныштық бермеді ме, ол бәрін өзі жайып салды. Әңгіменің байыбын тындап қарасам, сүйген жігітінен қол үзіпті. Жәй ғана айырылысса мейлі ғой...

Жүрегінің түкпірінде бір тіршілік иесі қоныстанып үлгерген. Жанға батқаны да осы. «Шарадай басы шақшадай» болып отырған ол екі оттың арасында тұрғандай. Қазақтың қаракөз қызы осындай дәрменсіз күйге ұшырағаны бір қынжылдырса, ешқандай қол ұшын соза алмай отырғаным жаныма жұдырық болып тиді. Айналама жек көрінішті көзбен бір сәт қарап өттім. Бауыр еті баласын қоқысқа тастағандар, шетелге саудалағандар, қыздарға зорлық көрсетіп, айуандықпен өлтіргендер көбеймесе азаяр емес. Жердегі қым - қуыт тіршілікке налыдым да, басымды көтеріп шұғыла шашқан алтын күнге тілқаттым: - Күллі әлемге жарық беруші, алтын күн!

Шынымен - ақ, жер бетінде жақсылық атаулы қалмағаны ма? Расымен, адамзат баласы мейірімділік пен ізгілікті ұмытып жүрегіміз тасқа айналғаны ма? Егер ол тасқа айналса, сен неге ерітпейсің? Сен неге барлығына жылулық сыйламайсың? Әлде сенің де дэрменің жетпей ме? Сонда кімнің дәрмені жетеді? Менің бе? Қатігез қоғамнан баз кешіп отырғанымда бейтаныс қызды мүлдем ұмытып кетіппін. Дереу есімді жидым да, оны жігерлендіруге тырыстым. Әйтсе де мұның еш көмек бермейтінін екеуміз де біліп отырғанбыз. Қолымнан бар келгені жылы сөздер ғана болды. Қоштасарда ұялы телефонының нөмерін алдым да, «ешқашан берілме, періштенді дүниеге әкел», - дедім. Осы сөздері айтып тұрғанда жүрегім қарс айырылды. Неге дейсіздер гой? Мақұл, ол сәби дүние есігін ашты делік, болашағы қандай болмақ? Ата- ана қос қанатымыз болса, ол жалғыз қанатпен қалай ұшпақ? Мені мазалайтын да осы. Сондықтан, барлығымыз келешек үшін аландауымыз қажет. Бір сәттік ләззат үшін бейкүнә жанның тағдырын тәлкекке салу әділетсіздік. Қайғыдан қан жұтып жүргенше, бақытқа балқыған артық емес пе?!

Лаура ШҰҒЛА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады