USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Болашағымыз бірлікте

Ел егемендігін жариялаған күнінің 25 жылдық мерейтойын республика көлемінде ауқымды атап өтуде. Мерекеге орай "Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі" тақырыбында үстіміздегі жылдың қараша айының 21 жұлдызы мен 15 желтоқсан аралығында іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Соның негізінде 21 қараша күні Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен "Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Мұз айдыны" кешенінде "Болашағымыз бірлікте" атты облыстық патриоттық форумы өткізілді.

Аталмыш форум өңіріміздегі тәуелсіздіктің 25 негізіне арналған шаралардың бастамасы. Форумға Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан беріге дейін аймақтың дамуына атсалысып келген сан түрлі саланың үздіктері мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері және де белсенді жастар қатысты. Шараны алғысөзімен бастаған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мерекенің маңыздылығына тоқталды. - Біздің ата-бабаларымыз сонау ерте ғасырлардан бері мәңгілік ел болуды армандады. Бұл күнге жету жолында үлкен нәубетті жылдарды бастан өткерді. Қаншама қиын кезеңдерден өтсе де олар асқақ армандарынан, алға қойған мақсаттарынан ешқашан айныған емес. Міне, сол рухты күштің нәтижесінде ұлы армандары мен үлкен мүмкіншіліктеріне бүгін бабалардың ұрпағы мына біздер жетіп отырмыз. Сол себепті де Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Бүгінгі жастар ол ертеңгі келешегіміз, баянды болашағымыз, мәңгілік елдің мәңгілік ұрпағы, -деді Руслан Рүстемов. Мұнан кейін өз саласында үздік нәтижелерге қол жеткізіп, ел үшін еңбек етуді перзенттік парызы санайтын белсенділерді арнайы номинация бойынша марапаттады.

Атап айтқанда, жас кәсіпкер Ө.Құрбанов "Кәсібінің үздігі", гандболдан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері В. Колотинская "Саламатты спортшы", Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылындағы, 108 орта мектебінің мұғалімі Д.Байрахтарова "Ұлағат", Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасы, жергілікті полиция қызметінің инспекторы Н.Нұртайұлы "Қажырлы қайрат", "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" Жастар қанаты Қызылорда қалалық филиалының басшысы Т.Тілесов "Жігерлі жас", Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары В.Шин "Патриот", Ауған соғысының ардагері Ә.Жаров "Қоғамға қызмет", 5547 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының бөлімше сарбазы А.Беркебаев "Бейбіт күннің батыры", облыстық медицина орталығының невропотолог дәрігері М.Жүсіпбекова "Үміт пен сенім", Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі А.Көшімбаев "Шығармашылық жеңіс" номинациялары иегерлері атанды. Форумда Қызылорда қаласының құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, "Құрмет" орденінің иегері Ш.Әбдікәрімов тәуелсіздікке арнауын оқыса, Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары В.Шин ел егемендігі турасында жастарға айтар ойын жеткізді. Форумның қорытынды бөлімінде сөз алған "Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері" қоғамдық қорының төрағасы Ғ.Камалов барша қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады.

- Белгілі ақын Ж.Молдағалиев "Өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі, Өткеніңді ұмытсаң өшкеніңнің белгісі" деген екен. Сондықтан біз сан мың жылдар бойы тәуелсіздікке жетер жолда ата-бабаларымыз жасаған ерліктері мен еңбегін бағалаймыз. Қаншама қиындықтан өтіп, бүгінгі күні біз өзіміздің жеңімпаз екенімізді атап, өзімізді мықты ұрпақ, мықты Қазақстан азаматтары санаймыз. Қазіргі жастар әлем елдерінің білім мен білік жолын таңдаған, өз бақытынының иесі болуына қол жеткізе алатын тәуелсіз елдің азаматтары. Еліміздің болашағы жарқын, тұғыры биік болсын! Біздің күшіміз бірлікте,- деді Ғалымжан Тәкенұлы. Сонымен қатар шара барысында патриоттық форумның үндеуі қабылда- нып, кеш тақырып аясындағы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады