USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Болашағы бекем Белкөл

Қызылорда қаласы орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Белкөл кентінде бүгінгі күні 795 отбасы, 3476 адам мекен етуде. Жалпы ауданы 5378 гектарды құрайтын кент күн санап өсіп келеді. Әлеуметтік салаға қолдау көрсетіліп, білімі мен мәдениеті де дамуда. Көшелерге асфальт төселіп, инфрақұрылымы қарыштауда. Жаңадан кәсіп түрлері ашылып, көптеген кент тұрғынының екі қолына бір күрек табылды.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Қай кезде де мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету маңызды. Тұрғындардың экономикалық белсенділері жұмыс істеп, өз-өзін асырағанымен, еңбекке қабілетсіздеріне мемлекет әрдайым қол ұшын созып отыруы қажет-ақ, созып келеді де. Кентте де бұл мәселе­ назардан тыс қалмаған. Егер Белкөлдегі тұрғындардың 68 пайызы экономи­калық белсенді, яғни өз-өзін қамтамасыз ете алады десек, қалған әлеуметтік аз қамтыл­ған және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау жоқ емес. Оларға мемлекет тарапынан жәрдемақы және зейнетақы төленумен қатар, жеке кәсіп­керлер де қолдау көрсетуде. Олардың әрдайым ел назарында екендіктерін естеріне салып келеді. Мысалы, биылғы Нау­рыз мерекесінде жеке кәсіп­кер М.Нұрсайтовтың демеу­шілігімен 10 отбасына, ал 9 мамы­р Жеңіс күніне орай қалалық мәслихат депутаты А.Сүйін­таевтың демеушілігімен 8 тыл ардагеріне қаржылай көмек көрсетілді. Әлеуметтік көмек көрсетілуі қажет балаларға оқу құралдары сатып алынып берілді. Сонымен қатар 1 маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесіне орай 10 мүгедек балаға демеушілер­дің көмегімен «Селена стар» мейрамханасында дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Бағалы сыйлықтар таратылды. Ал кенттегі 18 тұрмысы төмен отбасыға «Қадір түні» мерекесіне орай жеке кәсіпкер М.Нұрсайтов 100 мың теңгеге көмек көрсетсе, 1 қазан қарттар күніне кент­тің 195 зейнеркері мен мүм­кін­дігі шектеулі 83 жанға сый-сия­пат жасалды.

БІЛІМДІ ДЕ ТӘРБИЕЛІ ҰРПАҚ – КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ

Кентте бүлдіршіндерді бала­бақшамен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылған. Бүгінде балаларға есігін айқара ашқан 1 мемлекеттік, 1 жеке балабақша мен 1 мектепке дейінгі шағын орталық 140 баланы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтып, балабақша жасындағы барлық баланың 37 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ, кенттегі №93 “Балапан” санаторлық балабақшасы қайта қазыналық кәсіпорын болып ашылып, 150 баланы қабылдауға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда кенттегі 80 бала аталған балабақшаға қабылданды. Бала толық­тай қабылданғанда, балабақша жасындағы қамтылған барлық баланың 55,5 пайызын қамтитын болады.

Кент аумағында қалалық білім бөліміне қарасты 2 орта мектеп балаларға білім беруде. Олардағы ұлағатты ұстаздар мен өнегелі оқушылар өз кезегінде қалалық, облыстық деңгейдегі байқау, сайыстарда білімділік танытып, жүлделі орындарды иемденіп келеді. Оқушылардың танымдық деңгейін арттыруда жыл көлемінде ұйымдастырылып отыратын мәдени-көпшілік және саяси­ тақырыптағы шаралармен қатар, кент тұрғындарына қызмет ететін №14 қалалық кітапхананың да үлесі зор. 11703 кітап қоры бар кітап­хананың қазіргі таңда 910 тұ­рақты оқырманы бар.

Белкөл кентіндегі елеулі оқиғалардың бірі 2015 жылы 300 адамға арналған «Қалмұхамед ишан» мешітінің ашылуы еді. Тұрғындардың жұма сайын басын қосып, жамағат болып намаз оқуына үлес қосқан бір­ден-бір адам – жеке кәсіп­кер, «Абай» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Нұрсайтов. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, 150 млн теңгені өз қалтасынан шығарып, Алланың жердегі үйін салып берген азаматқа қандай мақтау айтса да жарасады. Сондай-ақ, «Бір­қазан» елді мекені­нде жаңадан «Тағзым алаңы» да ашылып, кенттің дамуы­ алға жылжып келеді.

КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП

Белкөл кенті бойынша шағын бизнес саласы қарқынды дамып, кәсіпкерлік нысандар саны алдыңғы жылға қарағанда 16 пайызға артқан. Мұны кенттегі жаңадан ашылған нысан­дардан анық байқауға болады. Барлығы 36 нысанға жеткен кәсіп түрлеріне мемлекет тарапынан қолдау да көп. Былтырдың өзінде шағын бизнесті дамыту мақсатында 7 тұр­ғын өз кәсіптерін ашу мақсатында несие алуға ниет білдір­ген. Сондай жеке кәсіпкерлердің қатарында А.Асанқұлов пен М.Омарова бар. Олар кент­те жобалық құны 500 млн теңгені құрайтын 800 мың тоннал­ық газбен толықтыру стансасының терминал құрылысын салуда. Қазіргі уақытта кенттің 4 жұмыссыз азаматын жұмыспен қамтып отырса, келе­шекте 20 азаматқа жаңа жұмыс орнын ұсынбақ. Сонымен қатар «Бірлік-ойл» ЖШС кенттегі ескі жылу орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құны 400 млн теңге тұратын мұнай жөнелту терминал құрылысын жаңғыртуда. Алдағы уақытта бұл жерде 40-50 азаматтың жұмыс істеуіне мүмкін­дік туады. Ал Қызылорда-Шиелі автожолының бойында­ «Сырдария-Авто» ЖШС-нің ауыр жүк көліктеріне арналған, техникалық қызмет көрсететін сервистік орталығы бүгінде халық игілігіне берілген. Жалпы жобалық құны 210 млн теңгені құрайтын орталық қазіргі уақытта толықтай жұмыс атқарып, ел экономикасына өз үлесін қосуда. Кентте ирандық технологиямен «Омran LTD» ЖШС газоблок шығаратын зауыт­ құрылысын жүргізуде. Зауыттың жобалық-сметалық құны – 70 млн теңге. Толық жұмыс істеген уақытта айына 10 мың газоблок шығаратын болады. Сонымен қатар кент­те­ 20 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жеке кәсіпкер А.Сейтжаппаров болса, «Батыс Европа-Батыс Қытай» авто­жолының бойынан жобалық-сметалық құны 250 млн теңге болатын халыққа қызмет көрсету орталығының (кафе, вулканизация, қонақүй, ипподром) құрылыс жұмыстарын аяқтауда. Орталық жұмысын бастаған уақытта 25 адамға жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Б.Нұрымбетов «Батыс Европа-Батыс Қытай» автожолының бойынан жанармай құю бекеті, кафе, автобөлшектер дүкені, душ, жеңіл және ауыр автокөліктерге арналған эстакада, демалу орындары бар халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын бастауға оң қорытынды алды. Ал жеке кәсіпкер М.Нұрсайтов 3 гектар жерге жағажай демалыс орталығын ашуды көздеп отыр. Жалпы сомасы 120 млн теңге болатын жобаның 300 адамға арналған асхана, 700 адамға арналған жағажай демалыс орны, сонымен қатар жасөспірімдерге және жастарға арналған бассейн құрылыс жұмыстары аяқ­талуда. Алдағы уақытта демалыс орнында 50 адам жұмыс істейді деп күтілуде. Ал «Іскер М» ЖШС жалпы көлемі 100 га жерге бақша дақылдарын егуді қолға алған. Биыл 20 га жері игеріліп, голландиялық қауын, қияр, жүгері насоспен тамшылату арқылы егілді. Егу жұмыстарына кенттің 6 аза­маты тартылып, 75-90 мың теңге жалақы алып отыр. Ал кенттің жұмыссыз 15 адамын 25-30 мың теңгенің тұрақты жұмысымен қамтып отырған «ДаЖаЕр» ЖШС кент аумағында қалдықтарды өңдеумен айналысады. Сонымен қатар “Жұмыспен қамту 2020” бағадарламасы бойынша А.Мажикова ауыл шаруашылығы мақса­тында 3 млн теңге және Б.Тоқсанбаева пластик терезе, есік шығаратын цехқа 3 млн теңге мемлекет тарапынан не­сие­ алып, қазіргі таңда жұ­мыс­тарын бастап кетті. Ал мемлекеттік «Өрлеу» бағдарламасымен 5 отбасыдан 8 адам жұ­мысқа тартылып, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМИ ТҮСТІ

Бүгінде таза ауызсуы “Ақ­бұлақ” бағдарламасы арқылы толықтай шешілген кентте көгілдір отын келер жылы шешімін табады деп күтілуде. 2013 жылы Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы 485 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін өтінім де беріліп қойыл­ған. Ал кенттегі жолдардың ұзындығы 21,5 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта оның 2,168 шақырымы асфальтталса, 7,832 шақырымына тас төселген, қалған 11,5 шақырымы – қара жол. Болашақта бұл жолдар да күрделі жөндеуден өтіп, тақтайдай тегіс болады деп сенеміз. Сонымен қатар кенттегі Әбдіқадыров, Есмаханов, 2-Линия көшелерінің жолдарына орташа жол жөн­деудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық қазынадан 2 млн 500 мың теңге­ бөлінді. Сонымен қатар кент тұрғындары толықтай электр энергиясымен, 2 көше түнгі жарықпен қамтылған. Жарықтандырыл­ған көшелердің түнгі жарығын ұстап тұруға 347 мың теңге және қосымша 88 бағананы орна­туға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қалалық бюджеттен 155 мың теңге қаржы бөлініп отыр.

Кенттің санитарлық тазалығы да назардан тыс емес. Осы уақытқа дейін апатты қоқыс аймағы болып есептелінген Зелен­ая, Путейская, Есмаханов көшелері толығымен тазаланып, бүгінде тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Сонымен қатар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жыл басынан бері кенттің санитарлық тазалығына, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын атқар­уға кенттің 25 жұмыссыз азаматы ақылы қоғамдық жұ­мысқа тартылды. Мұның өзі – үлкен қуаныш. Кент тазалығы мен көркейтіп-көгалдандыру бағытында да түрлі шаралар атқарылып келеді. 11 көшеге және көпқабатты үйлердің ауласына қоқыс контейнерлері орналастырылса, 1700 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

Ал кент аумағында тіркелген 13 шаруа қожалығының қазіргі таңда 9-ы жұмыс жа­сауда. Белкөл кенті бойынша 583 бас ірі қара, 1387 бас уақ мал, 208 бас жылқы бар. Көр­сетілген барлық мал басы бруцеллез (сарып) ауруына тексеріліп, егулер мен емдеу-профилактикалық іс-шаралар толы­ғымен жүргі­зілді. «Сыба­ға» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылықты дамыту мақсатында жұмыс істеп келе жатқан «Бірқазан», «Аманкел­ді» және «Абай» шаруа­ қожалықтарына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен мал шаруашылығы өнім­дерінің өнімділігін және сапасын арттыруға» 9 млн 26 мың 732 теңге субсидия бөлі­ніп, 32 жұмыссыз азамат жұ­мыспен қамтылды.

Міне, болашағы бекем Белкөл­дегі берекелі тірлік осы. Қарымы қарыштап, күн санап өсуде. Қайырымды жандар да қолдау көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың назардан тыс қалмауына үлес қосуда. Ал келер жылы кент газбен толықтай қамтамасыз етілсе, тұр­ғындардың алғысы, тіптен, шексіз болатыны хақ.

Ж.ЖҮНІСОВА

www.halyk-gazeti.kz

Ұқсас сілтемелер:
01 Желтоқсан 2016, 12:42
Бірлігіміз бекем
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады