USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Баспалдақ - баға

Пенденің ғұмыры қамшы сабындай қысқа десек, оны шыр етіп дүние есігін ашқаннан, яғни өзі жылап дүниеге келіп, кетерінде үрім-бұтағын еңіретіп кететін мезгіл арасын негізгі баспалдаққа бөлуге болады екен. Ал егер баспалдақ бағасын шығарып отырсақ, пенде бет-пердесі белгіленіп, ғұмыр құны белгілі болады. Істерге қара жоқтықтан демекші, өз өре, таным-түйсігіміз бойынша, бұл баспалдақ бағаны былайша бағамдап бағасын берейік. Жарық дүниені «перзентханада» көреді. Сүйіншісі бар, сүлгісі бар, көлденеңдеген «кесерова» бар – 150 доллар беріп, ақ халатты абзал жандар алақанынан өз сәбиіңді әзер дегенде аласың. Бұдан кейінгі белді баспалдақ – беске толып, «сүндетке» отырғызу бел-белесі.

Бұған кемі 200 көк қағаз құны кетеді. Бұның арасында «балабақша» атты бағбан бар. Бұған берерің тұрған мекен-жайың, мекеме мәзіретімен белгіленеді. Ал, алақайлап «мектепке» барғанда біраз мықшыңдайсың. Бұған кететін шығын әр отбасының өз құзырында. «Мектеп» бітіп, ел-жұрттан қалмай балаңды жоғары оқу орнына оқытқанда, ойһой жон терің сыпырылады. Оның құны кім-кімге де белгілі. Төрт-бес жылғы «институт» атты белес бітіп, балаңды ғұмырының құзырлы мезгілі өтетін өткел «мекеме» атты мекемеге тұмсық тірегенде ойһой алақайлап бөркіңді аспанға атасың. Өйткені, балаңа деп шығындануыңның бас-аяғы осымен бітеді.

Итшілеп өмір өте береді. Ғұмырыңның құзырлысы «мекемеде» өтіп, дін амандығыңа тәубе етіп, келесі баспалдақ – «Қарттар үйіне» жиған-тергеніңді өткізіп тыныш табасың. Дегенмен барыңды «Қарттар үйіне» қаттатып қапы қалмағаның мақұл. Өйткені, дүниеге келген екенсің, алда «өлім» атты өзекті баспалдақ тұр. Яғни, «зират» атты мәңгілік орныңның құн-бағасын алдын-ала өткізіп қойғаның жөн. Мұнымен айтарымыз – пенденің ғұмыр бағасы біз бағамдаған бағаның о жақ, бұ жағы болып келеді де, өмір баспалдағы «перзентханадан» басталып, «балабақша», «сүннет», «мектеп», «институт», «мекеме», «қарттар үйі» болып, соңғысы «зиратпен» аяқталады.

Дайындаған Тәшен ЕСІМСЕЙІТҰЛЫ. Мибұлақ ауылы.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады