USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Бас аман болса, бәрі болады

Осыдан екі апта бұрын Қостанай қаласында жеке тұрғын үй өртке оранған еді. Бұл қостанайлықтарға жақсы таныс – Ырғызбаевтардың баспанасы болатын. Тәуба дейміз, отбасы мүшелері дін аман. Дегенмен, олар тілсіз жаудың кесірінен дүние-мүліксіз, жасқа жаңа толған сәбилерімен далада қалды. Кейін туысқандары мен көршілерінің көмегіне жүгінді.

Алайда, көпке үлгі болып, ел алдында жүрген үлкен отбасыға тек жақындары ғана емес, барлық қостанайлықтар көмекке ұмтылды. Осынау қиын сәтте бірі төсек-орын, енді бірі аз-мұз азық-түлік әкеліп жатты. Айта кетейік, Сейіл және Қапиза Ырғызбаевтардың 10 баласы, 21 немересі бар. Бәрі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрді. «Абысын тату болса, ас көп болар» дегендей, осы үйдің 5 бірдей келіні шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырды. Баспаналарын да өз күштерімен тұрғызған еді. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Әйел бақыты» сынды талай телевизиялық ток-шоуларда бой көрсетіп жүрді. Алайда, бір-ақ күнде жаңа үйдің күлі көкке ұшты.

Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ.Ырғызбаевтарға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те қарайласты. Кеше ғана ол жұмыс уақыты біткен соң осы әулеттің үлкендері Сейіл ақсақал мен Қапиза апаға соғып, аз-кем сұхбаттасты. Бұл отбасы қазіргі таңда өңір басшысы А.Мұхамбетов ұзақ мерзімге берген екі бөлмелі пәтерде тұрақтаған. Әрине, баспана үлкен отбасыға тарлық етеді. Әзірше жанұяның қалған жартысы тағы бір пәтерді жалға алды. Сөзсіз, қалтада қаржының жоқтығы ауыр тиіп отырғанын түсінген облыс әкімі Ырғызбаевтарға 600 мың теңге ақшалай көмек көрсетті. Оның 300 мың теңгесі әлеуметтік көмек болса, қалған жартысын қайырымды жандар толтырған.-Өрттен аман қалғанымыз үшін Құдайға шүкіршілік етемін. Сондай-ақ, қиын сәтте көмек қолын созған жандарға алғыс айтамыз. Қаншама адам жиналғанын көрсеңіз ғой… Бәрі бірінен соң бірі қолда бар дүние-мүліктерін әкеліп жатты. Елбасы Ассамблея туралы, халықтар достығы туралы жиі айтады емес пе?! Міне, мен соған өзім куә болдым. Себебі, бізге көмек көрсетуден қазақ та, орыс та, немістер мен кәрістер де жалтармады. Жүрегінде мейірімі бар жандардың барлығы келіп, кішкене болса да демеу көрсетті. Қайғыны бөліссең азаяды дегендей, біз бұл қиындықты сезінген жоқпыз,-дейді Қапиза апа. Алдағы уақытта өртке оранған үйді қайта қалпына келтіруді көздейді олар. Көктем келісімен, құрылысқа кіріспек. Оған дейін етек-жеңін жинап алуды мақсат етіп отыр. -Біріншіден, отбасы мүшелерінің бәрі сау. Бұл – сіздердің отбасыларыңызға берілген үлкен сынақ. Сіздерге ұзақ ғұмыр тілеймін. Барлық бақытсыздық атаулы сіздерді айналып өтсін,-деді облыс әкімі А.Мұхамбетов. Сейіл атамыз да А.Мұхамбетов пен қала әкімі Б.Жақыповқа деген өзінің алғысы мен ыстық ықыласын жеткізді. Халық көмекке мұқтаж болған кезде назардан тыс қалдырмағаны үшін ризашылығын білдірді. Ғұрыпты бек ұстанаған Сейіл ақсақал сөз соңында ақ батасын беріп, астан дәм татқызды.

Кенже ҚОНЫСБАЙ

www.kostanaytany.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады