USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Бала ойыны компьютермен шектелмеуі тиіс

Фото: ati-times.tatar-inform.ru

Бірде Руслан есімді кішкентай інім сұрақ қоя бастады. Əңгімеміз ойын тақырыбында өрбіді. – Тəте, сіз кішкене кезіңізде қандай ойын ойнайтын едіңіз? – Олардың түрі көп болатын. – Сонда қандай? Айтыңызшы... – Мақұл, тыңдайтын болсаң, айтайын. Ақ серек-көк серек... Ұлдар жағы асық атып, доп қуатын. Қуырмаш, тығылмақ, тоғызқұмалақ, ұшты-ұшты, хан талапай ойындары бар еді. Мектепке ерте барып, айналасында петка ойнауға жиналатынбыз. Ал, ұл-балалар лəңгі теуіп жүретін. Мұны естіген кішкентай Руслан күле бастады. «Көкем-ау, сонша неге күлдің?» дедім білгім келіп. – Тəте-у, ойындардың аты сондай қызық екен.

Иə, аты қандай қызық болса, өзі де сондай тəтті еді. Ал, сен қандай ойын ойнайсың, айта ғой? – Біздікі сол компьютер ғой, – деді Руслан төмен қарап. Кішкентай інімнің сұрағы мені ойландырып тастады. Біздің кезімізде ата-аналарымыз үшін үйге кіруіміз мұң болды. Өйткені, кең далада асыр салғанды жақын көруші едік. Сабақты тезірек оқып тастап, далаға асығып тұратынбыз. Сол кезде есімде үлкендеріміз «Бала ойынмен өседі, дана оймен өседі» деген сөз бар.

Ұрыспаңдар, ойнап жүре берсін» деп бізді жақтайтын. Оған қоса қыздар жағы қуыршақ сатып алудан жарысатынбыз. Оған киім тігіп, мəз болатынбыз. Иə, ең керемет шақ еді. Ал, бүгінгінің балалары біз секілді ойынға асығар ма екен? Олар мектептен келе сала компьютерін қосуға, енді бірі планшетін қуаттандыруға асығады. Себебі, олардың қызығы сол экранның ар жағында. Үйден шықпайтыны да содан. Балалық балдəурен шақты ойынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені, ол – бала үшін негізгі қажеттіліктің бірі. Физикалық, психологиялық, моралдық, дүниетанымдық тұрғы дан оның балаға берер пайдасы өте көп. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді жəне өзін ұстай білуге, ұйымдасқан түрде əрекет етуге, байқампаздыққа баулиды. Себебі, ол арқылы бүлдіршін қуанышын да, өкпесін де, қорыққанын да жеткізе алады. Мəселен, ойын барысында үлкендердің іс-қимылдарын айнытпай келтіреді. Қуыршақты киін діргені, əлдилегені, тербеткені, ертегі айтқаны сол күйі анасынан көргендері екендігі айдан анық көрініп тұрады.

Бір қызығы, кейде аяқ киімнің қорабы балаға қымбат машинадан да маңызды болып көрінеді. Онымен əртүрлі əрекеттер орындайды, яғни, құрылыс материалдарын тасиды, аюдың төсегіне айналдырады, қуыршақ киімдерін салатын чемодан қылады. Сондықтан баланың ойынын тежеуге болмайды. Міне, олар балғындарға өте пайдалы болатын. Ал, қазіргі компьютердегі атыс-шабыс, көлік жарысы балалардың жүйкесіне кері əсер ететін көрінеді. Байқап қарасаңыз, бүгінгі баланың көбі ашуланшақ болып барады.

Психолог мамандардың айтуынша, мектеп жасына жеткен оқушының теледидар немесе компьютерге алданып қалмауын қадағалауымыз тиіс. Бұларға белгілі бір шектеу қойылмаған жағдайда жеткіншек көп уақытын босқа жіберіп алуы мүмкін. Өрендердің компьютер алдында көп отыруы адамдармен қарым-қатынас жасай алу қабілетінің төмендеуіне əкеліп соғады.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады