USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Әзірге сырын ішке бүккен ЭКСПО қалашығы

Әлем назарын аударған ЭКСПО көрмесі жылы біздің елімізде өтпек. Кез-келген елдің уысына түспейтін ЭКСПО өткізу жеңісі тәуелсіз қазақ еліне бұйырды. Шыны керек, бұл жеңістің бағасын біреу түсініп, біреу түсінбей айтып жүр десек артық айтқандық емес. Қарапайым жұрт ЭКСПО -ның мәнін түсінбей, қаржыны желге шашу деп қабылдаса, енді басым бөлігі айлығымызды да алып қояды деп қауіптеніп, айдаладан атынан үркіп жүргенін де жасырмаймыз. Жалпы, ел арасында ЭКСПО түсінігі дұрыс қалыптаспағаны бүгінгі күннің шындығы. Елдің үмітінен гөрі күдігін басым еткен ЭКСПО әзірге жалпы жұртқа нәтижесін көрсете қоймаса да, әлемнің назарын аударған ЭКСПО-ға қазақ елінің дайындығын айтып жеткізу мүмкін емес. Біреу біліп айтады, біреу білмей айтады демекші, ЭКСПО көрмесіне дайындық шараларының бірқатарын көрсетпек мақсатында аймақтық журналистер үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. «Халықтың көзі, һәм құлағы саналатын» газет тілшісі ретінде бүгінде Астана төрінде қоғамның қайсыбір сынына да шыдап баққан ЭКСПО дайындығын көзбен көрмекке және көзбен көргенімізді, көңілге түйгенімізді елге жеткізу мақсатымен баспасөз турына біз де қатыстық.

Биылғы жылы қарашада қыс түсіп, айналаның бәрі аппақ әлемге оранған тұста, Астананың сарышұнақ аязының әлегі алыстан аңыз болып айтыла бастады. Әрине, Сарыарқа төсінің қысы қатал болуы бүгін ғана емес. Дегенмен, қарашадағы мұндай қысты ешкім күтпесе керек. Тіпті Астана билігін сынның астына қалдырған қараша аязы көпке күнтізбе бойынша әлі қыс мезгілі бастал­мағанын да ұмыттырып жіберді. Астанадағы әріптестеріміздің жаңалық қоржынындағы басты тақырып – Астана аязы, дүкендерде жылынған астаналықтар, қалың қардан іркілген көлік қозғалысы, бір сөзбен айтқанда Астана қысы болған­дықтан, жылы аймақтан барынша жылы киініп, ЭКСПО дайындығын көруге асыға жолға шықтық.

«Бет қарауға шыдамай теріс айнал­дырған» Астананың сарышұнақ аязы біз барған күні сыныпты. Табиғаттың тосын мінезін кім түсініп болған, әп-сәтте ашуына мінген қыстың қайтадан оң қабақ таныт­қаны бүрсеңдеген тұрғындардың да еңсесін тіктегендей.

Баспасөз туры басталмас бұрын бас қалаға келген соң айналамызға зер салып, көше бойында жаяулата жүргенімізде шым­шып алатын аяздың соншалықты ашулы емес екенін байқап, жайбарақаттық таныт­тық. Кешегі күні жаңалықтан түспеген қыс тақырыбы мұнда болмаған сияқты. Деген­мен, қатты қыстың белгісіндей жал­тыраған көк мұз. «Кешегі аязды көрсеңіздер, дәл осы­лай көшеде жүре алмас едіңіздер» деді такси жүргізушісі жетер жерімізге дейінгі әңгіме барысында. «Кешегі 40 градус аязда такси тоқтатқандар қайда бара жатқанын да айту­ға шыдамай, көлікке бірден отырып алады. Сәлден соң есін жиған соң ғана барар бағы­тын айтады. Кеше Стамбул азаматы отбасы­мен таксиге отырды. Әңгімесінен түсінгенім, мына аяз әбден тоңдырыпты. Астана қысын елемей жеңіл келгендері байқалып тұр. Өзі де әбден тоңыпты, бірақ» деп кешегі қыс күнделігінен әңгіме ағытты жүргізуші.

Айтып, айтпай не керек, аңыз боп ай­тылған аязды күнге тоңбағанымызға қуа­нып, күннен-күнге еңсесі биіктеген Аста­наны біз де емін-еркін араладық. Айтпақшы, Астана қысы қанша суық болса, сонша жылы екенін байқадық. Бұл қалай дерсіз, әрине. Қандай суық болса да, қайсыбір ғимарат ішіне енгенде қыс мезгілін ұмытып кете бересіз. Кез-келген ғимарат ішіндегі жылылық бас қалада коммуналдық мәселе жоқ екенін аңғартады.

Назарымызды аударған еңселі көпқа­батты үй «ақылды үй» аталады екен. Ақылды үйлердің көркіне қарап тамсандық. Астана­лықтардың айтуынша, мұнда жарық жағып, су ағызып, салқындатқыш құрылғы қойып әуре болмайсыз. Барлығы автоматты түрде жүзеге аса береді. Ақылдың иесі – адамның бұл туындысы да таңғалдырмай қоймайды. Ақылды үйдің бағасын біле алмадық. Әйтеуір, ақыл тегін болғанмен, ақылды үйдің арзан болмайтынын өзіңіз де іштей бағамдап отырған боларсыз...

Көз қызықтырған макет

Әр аймақтан ат арытып келген қалам иелеріне арналған баспасөз туры ең алдымен ЭКСПО компаниясының бас ғимаратынан басталды. Мұнда ең алдымен ЭКСПО көр­месі құрылысының макетімен таныстырды. Үлкен экран арқылы әр ғимаратты, әрбір павильонды, ЭКСПО қалашығын таныс­тырған мамандар көз қызықтырған макеттің шын бейнесін көзбен көруге де болатын­дығын білдірді.

ЭКСПО қалашығындағы жаңа үйлер

ЭКСПО қалашығындағы бой көтерген жаңа үйлер шетелдіктерге арналған. Журналистерге жаңа қалашықтағы үйлерді таныстырған «Сервистік қамтамасыз ету» департаментінің директоры Диас Әзбергенов көрмеге қатысушыларға баспананың біршамасы дайын екендігін тілге тиек етті. Жаңа баспананы аралатып көрсетіп жүріп мәлімет берген департамент директоры ЭКСПО қалашығын салуға мемлекеттен 40 млрд. теңге қаржы бөлінгендігін айтты. Айта кетелік, көрме аяқталған соң бұл үйлер түгелімен сатуға шығарылып, қалашықты салуға жұмсалған қаржы түгелімен мем­лекетке қайтарылады екен. ЭКСПО қала­шы­ғындағы жаңа баспана ішін жиһазбен жабдықтауды «Дипломат» қонақ үйі жауапкершілігіне алған. Бүгінде кілтін қолға ұстатуға дайын тұрған пәтерлерге бас сұқтық. Жаңа пәтерлер қонақ күтуге дайын. Жылы да, жарық пәтерлер жанға жайлы екені сезіледі. Департамент директорының айтуынша ЭКСПО қалашығында барлығы 1374 пәтер пайдалануға берілмек. Бүгінде 55 пәтер дайын болса, 150 пәтер осы айдың аяғында, ал 750 пәтер қаңтар айында пай­далануға берілмек. «Мұнда қазақстандықтар да тұра алады ма?» деген журналистер сауа­лына департамент директоры бұл қалашық ЭКСПО -ға қатысушы шетелдіктерге арналғанын айтты. Және қауіпсіздік үшін тек аккредитациядан өткен қатысушыларға арналғанын да нақтылады. Айтпақшы, шетелдіктер мұнда уақытша отбасымен келуге де ықылас танытыпты. Мәселен, Франция мемлекетінің комиссары жақында өзінің отбасымен келетінін хабарлаған. Отбасылы қонақтар үшін де барлық жағдай жасалған. Балалар үшін ойын алаңы да салыныпты. Шетелдік қонақтардың алды желтоқсан айында жаңа қалашыққа қоныстанбақшы. ЭКСПО қалашығындағы пәтер ақысы да белгілі. Мұнда 1 айға пәтер­ақы -577 мыңнан басталып, 1 млн. 78 мыңды құрайды екен. Айтпақшы, мұндағы пәтерлер «Gold» және «Sіlver» деп бөлінеді екен. Қазақша айтқанда, «алтын» және «күміс» санатты пәтерлер. «Алтын» санатындағы пәтерлер аптасына үш рет тазаланады екен. Тағы бір ескеретіні, мұндағы тұрғындардың таңғы асы және көлік тұрағы әлгінде айтылған пәтерақысының ішінде. ЭКСПО қалашығында барлық қауіпсіздік жағдайы жасалып, арнайы қоршалып, қалашықта арнайы тәртіп сақшылары да жұмыс істейді екен.

Таңғажайыптар куәсі- павильондар

ЭКСПО көрмесіне қатысушы елдердің көрмесі үшін арнайы дайындалып жатқан павильондар құрылысы да аяқталуға жа­қын. Баспасөз турында құрылыс нысан­дарын таныстырған ЭКСПО мамандарының айтуынша құрылыстың 95 пайызы аяқта­лыпты. Алыстан көз тартатын шыныдан салынған ғимараттардың сәулеті де бас қаланың көркін аша түскендей. Ғима­рат­тардың шыныдан салынуы көрме тақы­рыбына сай келетінін ескерсек, мұнан бөлек әлем назарын аударған ЭКСПО тарихымен тығыз байланысы бар болар деп болжадық. Тарихқа көз жүгіртсек, бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондондағы Гайд саябағында мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен өткен. Көрменің көрнекті жері Джозеф Пакстон салған темірден және шыныдан тұрғызылған хрусталь сарай болған екен. Мұнан кейін ірі қалаларда шыны мен темірден ғимараттар салына бастапты. Бұған қарап біз қазақ еліндегі ЭКСПО құрылысы әлемдік көрме тарихымен астасып жатқан болар деген ой түйдік.

Құрылысы аяқталған павильон іші әзірге бос тұр. Осында журналистерге сұхбат берген «Халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару» департаменті директорының орынбасары А.Бапен халықаралық па­вильон­дардың құрылысы аяқталып қалға­нын жеткізді. Биылғы жылғы қазан айының соңғы күнінде 5 мемлекетке павильондар тапсырылыпты. Олардың қатарында Қытай, Франция, Венгрия және тағы басқа мемлекеттер бар. Павильон қабырғасында қай мемлекеттің қанша шаршы метр аумақты алып жатқандығы ілініпті. Мәселен, Қытай мемлекеті иеленген аумақ – 1000.27 м2 құрайды екен. Айта кетелік аспан асты елі ең үлкен аумақты қамтыған мемлекет.

«Көрме тақырыбы – «Болашақ энер­гиясы» деп аталғандықтан әр мемлекет осы саладағы жетістіктерін көрмеде көрсетеді. Қандай ел нендей жоба көрсететінін дәл қазір айта алмаймын. Қазір көрмеге қатысатын 106 мемлекетке павильон дайын деп айта аламын. Әр мемлекет өз жобаларын алып келеді. Көрмеде сол жобалармен танысу, жүзеге асыру керек болса мемле­кеттер арасында келіссөздер жүргізіледі» дейді «Халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару» департаменті директорының орынбасары А. Бапен.

Көп назарына алдымен ілігетін шар тәріздес ғимарат Қазақстан павильоны. Бұл 8 қабаттан тұрады. Бірінші қабаты еліміздің ұлттық павильоны болмақ. Аты айтып тұр­ғандай мұнда қазақтың ұлттық жәдігерлері, ұлттың болмысын айшықтайтын дүниелер қойылмақ. Бірінші қабаттағы ұлттық па­вильоннан көрмеге келушілер қазақ елінің салт-дәстүріне, мәдениетіне, өнеріне қанық бола алады. Жалпы, ЭКСПО көрмесі тақырыбын аша түсетін де осы шар тәрізді ғимарат болмақ. Мұның әр қабатында балама қуат көздері бола алатын әр ел жобаларының көрмесі орналаспақ.

Жалпы көрме кешенінің аумағы 25 гектар. Шар тәрізді ғимараттың аумағы 41,800 шаршы метрді алып жатыр.

Жабық тақырып жоқ...

Баспасөз туры мұнан әрі Астана ЭКСПО көрмесіне жауапты мамандары қатысқан баспасөз мәслихатымен жалғасты. Мұнда ЭКСПО көрмесіне дайындық барысы бүге-шүгесіне дейін айтылды. ЭКСПО көрмесінің тақырыбына сай балама қуат көздерін табу жобалары жүзеге асып жат­қандығы, жасыл экономика бүгінгі күннің тақырыбынан түспейтіндігі де жеткізілді. Журналистерді ЭКСПО көрме­сіне аймақ­тардың қосар үлесі қаншалықты екендігі қызықтырды. Тіпті, кез-келген аймақта шетелдіктерге көрсете алатынымыз бар екендігі де мақтанарлықтай. Елде туризмді дамыту мәселесі де ЭКСПО көрмесінен бөліп қарайтын мәселе емес. Өзгені айтпағанда, Сыр өңіріндегі Байқоңыр ғарыш айлағы, Қорқыт ата кешені шетелдіктер көруге құмартатын туризм нысандары екені даусыз.

Көп көкейіндегі сауалдың бірі зейнетақы қорының ЭКСПО көрмесіне жұмсалуы болса, бұл мәселеге нақты жауап та берілді. Зейнетақы қорынан бір тиын да ЭКСПО көрмесі үшін жұмсалмапты.

Айта кетелік, баспасөз туры барысында жақында ғана қоғам назарын аудартқан құрылыс кінәраты жабық, жасырын күйінде қалмады. Журналистер қауымына құры­лысы құлап қалған орынды көзбен көруге де мүмкіндік жасалды. Көзбен көрге­німіздей, ЭКСПО қалашығындағы екі құрылыс арасындағы декоративті көпірдің құлаған тұсында қарбалас тіршілік. Ешкім айтпаса да кемшілікті тез арда жөндеу жұмыстары қолға алынғаны байқалып тұр. Әрине, кез-келген құрылыстың мінсіз болғаны жақсы. Алайда, кеткен кемшілік­пен барлық ЭКСПО қалашығының құры­лысын жоққа шығара алмаймыз. Іс бары­сындағы кемшілік дер кезінде жөнделетіні белгілі. Мұндай жағдай енді қайталанбау керектігін, құлаған көпір қайта салыну жөнінде Елбасының өзі ЭКСПО компания­сының басшысына тапсырма бергендігінен ел құлағдар. Ең бастысы, ЭКСПО көрмесінің барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, жоғары деңгейде өткізілуінде. Көптің де тілеуі осы екені даусыз.

Өнердің ордасы

Баспасөз туры барысында күн сайын көркейген қаланы аралауға да мүмкіндік жасалды. Қала көркіне көрік қосқан сәулетті ғимараттар аз емес. Тіпті, жол бастаушы айтып тауыса алар емес десек артық айтқандық емес. Көкке мойын созған зәулім ғимараттар бас қаланың келешек көкжиегінің шексіз екендігін айқындай түскендей. Құрылысы қарқын алған, сәулеті айшықталған Астана келбеті кез-келгеннің жүрегіне еріксіз мақтаныш сезімін ұялататындай.

Астана төріндегі ұлы өнердің ордасы – Астана опера театрын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Сәулеті әлі де аңыз болып айтылатын Астана опера театры көрсең көз тоймайтындай. Хас шебердің қолынан мінсіз өрілгендей әсер беретін өнер ордасы атына заты сай.

2013 жылы пайдалануға берілген Астана опера театрының құрылысын албандар жүргізіпті. Театрға қажетті дүниелердің барлығы Италиядан арнайы әкелінген. Тіпті киімілгішке дейін. Кіре беріске ілінген үлкен люстра богем шынысынан жасалған, салмағы 1600 келі екен. Театр холлының өзі қойылым қоюға лайықталып жасалған. Театр үшін ең маңыздысы акустикасы болса, мұнда дыбыс таратуда еш мін жоқ. Бұл үшін театр ғимаратының қабырғасы, тіпті едені де есептеліп, Италия, Германиядан келген мамандардың есебімен жасалыпты. 1250 орындық үлкен зал мен 250 орындық камералық залы бар опера театрында билет бағасы 500 теңгеден басталады екен. Біз барған сәтте театрда «Дон Кихот» балетінің премьерасына дайындық қызу жүріп жатыр екен. Жұмыс бабында театр сахнасынан қойылым тамашалай алмасақ та қызу дайындықтың куәсі болдық. Жаңа техно­логиямен жабдықталған сахнаның өзі көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық. Астаналықтар үшін рухани азықтың ортасы саналатын ұлы өнер ордасы ертеңгі күні келген қонақтарға мақтанып көрсете алатындай үлкен дүние екені даусыз.

P.S. Әзірге жалт-жұлт еткен ғимарат­тардың ертеңгі күні нендей таңғажайып­тар­мен әлемді таңғалдыратыны әзірге белгісіз. Ең бастысы ұрпақтан-ұрпаққа жетер, адамзат игілігіне қызмет ететін жаңалықтарға куә болатынымызға сенім мол.

Дәл қазір ешкім таңғала қоймаса да адамзат игілігінен әлі де құнын жоғалтпаған жаңалықтар осы әлемдік көрмелерде дүниеге келген. Тіпті, балмұздаққа арналған вафли­ден жасалған стақан да әлемдік көрме туын­дысы екен. Сондай-ақ, Sіnger тігін машинасы, дизель моторы, электр розет­касы, Попов радиосы, телехабар тарату, сен­сорлық экран әлемдік көрмелерден күнделікті тұрмыста қолданысқа енгенін ескерсек, қазақ елінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің де таңғажайып тартуы аз болмайтыны анық.

ЭКСПО туралы әлі талай қалам тер­бейтін боламыз.

2012 жылғы 22 қарашада Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) 152-ші Бас Ассамблеясы кезінде Халықаралық көрме бюросына 161 мүше-мемлекет өкілдерінің құпия дауыс беруі барысында Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу орны болып таңдалды. Астана өтінімін 103 мемлекет қолдады.

2014 жылғы 11 маусымда Парижде (Франция) Халықаралық көрме бюросы (ХКБ) Бас Ассам­блеясының 155-ші сессиясы өтті, оның барысында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ресми мойындалып, Қазақстанға ХКБ-ның туы табыс етілді. Осы кезден бастап Қазақстан шетелдік қатысушыларды тарту, корпоративтік қатысушылармен келіссөздер жүргізу, Көрмені имидждік ілгерілетумен айналысу құқығына ие болды.

Астана қаласы EXPO-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесі 2017 жылғы 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады.

ЭКСПО-2017 көрмесіне 100 мемлекеттің өкілдері қатысады деп жоспарлаймыз. Жалпы, 2 миллионнан артық келушілер күтіледі, олардың әрқайсысы шамамен 2 рет және одан артық көрмеге келеді. Осылайша, жалпы келушілердің саны 5 миллионды құрады. Жалпы келушілер санының 85%-ы қазақстандықтар болатыны күтіледі, ал 15%-ы – шетелдік мемлекеттердің азаматтары, олардың көпшілігі ТМД және Қытай мемлекеттерінен келеді. Сондай-ақ Еуропадан, Түркия мен АҚШ-тан туристер күтіледі.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Бұл халықаралық қауымдастықтың жер шарына зор әсерін тигізетін энергияны тұтыну мәселесіне алаңдаушылығын көрсетеді. Көрменің негізгі мақсаты: жауапкер­шілікке шақыру, пікірталастарға ынталандыру және адамдардың жер шарында энергияны тұтынуын жоспарлау және бақылау қабілетін қалыптастыру, табиғатқа тигізер залалды барынша азайту. Осы міндеттерді жүзеге асыру «Адамзаттың орасан зор мәселелерін шешу» атты көрме тақырыбының тақырыпшасы арқылы көрініс тапқан.

Көрменің басты тақырыбы тақырыпшалар арқылы ашылады:

• CО2 шығарындыларын қысқарту;

• Энергия тиімді өмір салты;

Барлығы үшін энергия.

Астана қаласы ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін өткізу - Қазақстанның негізгі ұлттық жобаларының бірі. Біздің мемлекетіміздің елордасында осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға бастама көтерген ҚР Президенті Нұрсұтан Назарбаев болды.

Елбасының халықаралық беделі және жан-жақты қолдауы Астананың ЭКСПО-ны өткізу құқы­ғына дауыс беруде маңызды жеңіс факторына айналды.

Қазақстан Президентінің көрмені өткізу жобасын өзінің жеке бақылауына алуына байланысты аталмыш жоба жылдам әрі сәтті дамуда. Астананы ЭКСПО-2017 қожайыны ретінде мойындағаннан кейінгі екі жыл ішінде ауқымды жұмыс жасалды: «Астана ЭКСПО- 2017» ұлттық компаниясы құрылды, Тіркеу құжаттамасы бекітілді, көрме кешенінің үздік жобасы бойынша халықаралық сәулет конкурсының жеңімпазы анықталды, ЭКСПО ұйымдастыру және өткізу туралы заң қабылданды.

Болашақ көрме мемлекеттің барлық өңірлерінің басын қосқан ұлттық жобаға айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық­тарға үндеу жасап, Астана қаласы ЭКСПО-2017 өткізу туралы шешімнің тарихи оқиға болып табыла­тынын атап өтті.

- ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жақандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптас­тырады. Мұндай іс-шараларға барлық құрлықтағы ондаған мемлекеттің миллиондаған халқы қатысады. Аса бәсекелі күресте Астананың жеңім­паз атануы кездейсоқ құбылыс емес. Біріншіден, бұл біздің елорданы әлемдік дәрежедегі оқиғаны қабылдауға лайықты орталық ретінде мойындауы. Екіншіден, Қазақстанның пайдасына таңдау жасау мемлекет жетістіктерінің жоғары бағалануын куәландырып, оның, жалпы Еуразиялық аймақтың даму келешегін атап көрсетеді. Үшіншіден, біздің ұсынған «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігі де жеңіске оң әсерін тигізді. Ақырында, ең бастысы –Астанаға таңдау жасау бүкіл қазақстандық халықтың ортақ күшінің жемісі болды, - деп белгіледі Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақстандық­тарды жеңіспен құттықтап, оларға ЭКСПО-2017 лайықты деңгейде өткізу міндетін жүктеді. Қазақ­стан Президенті біздің мемлекеттің осындай аса жоғары міндетті орындап шығатынына сенім білдірді.

- Көрме мемлекет үшін үлкен сынақ болып қана қоймай, біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астана қаласы ЭКСПО республиканың инновациялық дамуына түрткі болады, – деп атап көрсетті Елбасы.

ҚР Үкіметінің қаулысымен 2013 жылдың қаңтарында барлық мемлекеттік және жеке құрылымдардың, демеушілердің, облыстардың, министрліктер мен мекемелердің қызметін үйлестіру үшін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы құрылды.

Көрме кешенінің үздік жобасын анықтау мақсатында арнайы конкурс өткізілді, оған әлемнің түрлі мемлекеттерінен 50-ден артық сәулетшілер қатысты. Конкурста «Adrіan Smіth+Gordon Gіll Archіtecture LLP» америкалық компаниясы жеңіске жетті. Мұнда аталмыш компанияның тек құрылыста ғана емес, ал «жасыл энергетика» саласында да тәжірибесінің болуы ескерілді.

ЭКСПО-ның бас ғимараты – бұл озық техно­ло­гияларды пайдалану арқылы сфера түрінде салынатын Қазақстанның Ұлттық павильоны. Оның құрылысына ғимаратты сыртқы температура мен дыбыстан оқушаулайтын екі қабатты жоғары технологиялық берік шынылар қолданылады. Бұл павильон «жасыл технологияларды» пайдалануға негізделген үлгілік жобаға айналады.

Сфераның ішінде жоғары технологиялар мұражайымен қатар Қазақстан мемлекетінен, халқының тарихынан сыр шертетін мұражай орналасады.

Елбасы 2014 жылғы 24 сәуірде көрме кешенінің капсуласын қалау шарасына қатысып, ЭКСПО-қалашығының құрылысына жол ашты.

«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектарды құрайды, оның 25 га ЭКСПО-ның нысандары - Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда-ойын-сауық орналасады. Құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Барлық нысандарды 2016 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланады. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлттық компания алдына қойған міндеті болды.

Сондай-ақ Ұлттық компанияға көрмеден кейін оның нысандарын пайдалану бойынша міндет жүк­телді. Көрме аяқталғаннан кейін салынған павильон­дар мен басқа да нысандар жандана түседі деп жоспарланады. «ЭКСПО-2017» жоғары технология­лық инфрақұрылым базасында ерекше мәртебеге ие «Астана» қаржы орталығы құры­лады», - деп айтты мемлекет Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазіргі таңда ЭКСПО-2017 шетелде ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекет Президентінің атынан 139 мемлекетке және 12 халықаралық ұйымға ресми шақыру қағазы жолданды. Нәтижесінде, бүгінгі күні 105 мемлекет (Ресей, Германия, Жапония, Түркия, Израиль, Фран­ция, Үндістан, Вьетнам, Армения, Пәкістан, Әзер­байд­жан, Ангола, Беларусь, Сенегал, Грузия, Куба, Түркменстан, Сент-Китс және Невис, Либерия, Тәжікстан, ҚХДР, Румыния, Монако) және 17 халықаралық ұйым (ЭСКАТО, ОЭСР, ЮНИДО, ЮНЕСКО, МАГАТЭ, Дүниежүзілік банкі, ПРООН, ШЫҰ және тағы басқалар) өздерінің көрмеге қатысатындарын ресми түрде растады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады