USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

«Арай» жастар газеті «Жастар мəслихаты» кубогымен марапатталды

ЕЛ ТƏУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ КІШІ ФУТБОЛДАН «АРАЙ» ЖАСТАР ГАЗЕТІНІҢ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНДЫ. ЖАМБЫЛ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕ ТҮНДІГІН ТҮРГЕН АЛАМАНҒА ОБЛЫСТАҒЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ, ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ, ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖƏНЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚҰРАМАЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Жарысты облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жəмилə Бекбосынова салтанатты түрде ашты. – Бүгінгі жарыс Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп жатуымен ерек. Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н.Ə.Назарбаевтың айрықша қолдауының арқасында қазақ спорты өркендеу үстінде, бұқаралық спорт дамуда. Ұлы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тəуелсіздігіміздің жемісі білімді де парасатты буынның өсіп келе жатқандығы. Сондықтан, жастар басылымының жастар арасында жарыс өткізуі жақсы сабақтастық, – деген Жəмилə Арғынбайқызы айтулы мерекелердің маңызына тоқталды. Бұдан кейін «Арай» газетінің алғашқы редакторларының бірі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Оралхан Дəуіт сөз алып, спорт денсаулық кепілі екенін тілге тиек ете отырып, жастарды бұқаралық спортпен шұғылдануға шақырды. Ал, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева өзі басқарып отырған оқу орны студенттерінің спорттағы жетістіктеріне тоқталып, білім ордасының қабырғасында жалауы желбіреп отырған облыстық чемпионаттың тартысты өтуіне тілектестік білдірді. Өз кезегінде сөз алған облыстық «Арай» жастар газетінің Директор-Бас редакторы Гүлнұр Ембердиева Тəуелсіз мемлекеттің, Елбасының жастарды үнемі қолдауының жемісті дəлелі облысымыздағы «Арай» жастар газетінің БАҚ айдынында еркін жүзуі екенін айтып, жастар үнінің қашанда жастармен жаны бірге екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін жарыс 8 құраманың арасында қыза түсті. Ең алдымен алаңға шыққан «Жамбыл политехникалық колледжі» мен «Мəдениет» командаларының арасындағы кездесу турнирдің басты фавориті кім екенін бірден көрсетті. Олай дейтініміз, Жамбыл политехтың жастары қарсыластарының қақпасына жауапсыз 10 гол соғып, футбол емес хоккей ойынында орын алар есепті тіркеді. Дəл сондай «ТИГУ+Ішкі саясат», «Жастар мəслихаты», «Өңірлік коммуникациялар қызметі» командалары да алғашқы айналымда алдына жан салмай, кіші футболдан теңдессіз екендерін танытты. Іріктеу кезеңінде «Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы» мен «77 телеарнасының» құрамаларына жеребе жолдас болмай, доп айырмасымен қарсыластарына жол беріп қойды. Десе де, қос құраманың ойыны осал болды дей алмаймыз. Тіпті, Жамбыл ауданының шабуылшысы Пак бір ойында «покер» жасап, шеберлігімен талайды тəнті етті. Дегенмен, жарыстың аты жарыс. Бірдің бабы шабады, бірдің бағы жанады. Топтық кезеңде жүзден жүйрік шыққан төрт команда жартылай финалда «жан алысып, жан беріскен» ойын көрсетті. Ақтық айналымға дейін бет қаратпай келген Жамбыл политехтың жастары «Жастар мəслихаты» құрамасынан бастапқы да басымдау көрінген. Тіпті, бірінші таймда 0:2 есебімен айқын ұтып келе жатқан болатын. Десе де, «Жастар мəслихаты» жеңіске деген жігер танытып, азулы командадан айласын асырды. Осылайша, кіші футболдың алғашқы кіші сенсациясы орын алды. Ал, «ТИГУ+Ішкі саясат» командасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» жастарына еш мүмкіндік берген жоқ. Нəтижесінде, «ТИГУ+Ішкі саясат» пен «Жастар мəслихаты» құрамалары финалда күш сынасты. Шындығын айту керек, бұл кездесуде «Жастар мəслихаты» жеңіске жетеді дегенге бəс тіккендер аздау болатын. Алайда, жалынды жастар тағы ерлік жасап, қарсыластарын 4:3 есебімен тізе бүктірді. Айта кету керек, бұл ойында да «Жастар мəслихаты» жеңіліп тұрып, жеңісті жұлып алды. Ал, «Жамбыл политехникалық колледжі» құрамасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» командасын 5:3 есебімен ұтып, үздік үштікті түйіндеді. Жарыс соңында бас жүлдені қанжығаларына байлаған «Жастар мəслихаты» «Арай» жастар газетінің кубогымен марапатталса, «ТИГУ+Ішкі саясат» құрамасы кіші кубогқа қол жеткізді. ІІІ орынның биігінен көрінген «Жамбыл политехникалық колледжінің» жастарына екінші кіші кубок табыс етілді. Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы» номинациясымен «Жамбыл политехникалық колледжі» командасының сұрмергені Біржан Əбдіхалықов марапатталса, «Үздік қақпашы» номинациясына «Өңірлік коммуникациялар қызметі» құрамасының қақпашысы Медет Əлішеров ие болды. Ал, «Үздік ойыншы» номинациясына шабуылдағы шеберлігімен көзге түскен «ТИГУ+Ішкі саясат» командасының шабуылшысы Нұржан Туғанбай лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен барлық команда ойыншыларына бағалы сыйлықтар жəне арнайы дипломдар табыс етілді.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады