USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Әр қазақтың төрінде текемет тұрса....

Біздің ата-бабаларымыз алты қанат ақ боз үйдің керегесіне түрлі- түсті ою-өрнек басылған киіз – текемет ілген. Күні кешеге дейін өзінің қадірін жоймай, әр қазақтың төрінен табылған текемет бүгінде ешбір үйден көрінбейді десек артық айтқандық емес. Оның орнын заманға сай кілемдер мен өзге төсеніштер басқан. Жақында біз осындай ұлтымыздың ұмыт болған қолөнер бұйымдарын жаңғыртып, оның жасалу жолын жас буынға таныстыру мақсатында төрінде текеметі бар үйге бас сұқтық.

Бұл – «Достық», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шынтас Нұрқожаевтың шаңырағы. Басықара ауылының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан атпал азаматтың құрметіне туған ауылында ескерткіш орнатылып, көшеге аты берілген. Оның жары бірнеше жыл аудандық тұтынушылар кооперативінде шикізат дайындаушы болған еңбек ардагері Рая Айекешова. Он үш жасынан алаша тоқып, киіз басып, текемет тіккен Рая әжей қазір де қарап отырмайды. Көрпе-жастық тігіп, балалары мен немерелеріне білгенін үйретеді. Өмірге он бала әкелген алтын құрсақты ана 48 жасында жолдасынан айырылып, тағдыр тауқыметін кешсе де күн-түн демей еңбекте жүріп балаларының барлығының жоғары білім алуына күш салды. Күндіз жұмыста, кешкілік киіз басып, текемет жасап, оны сатып, қаражат жинады. Мал бақты, диірмен тартты. Ұл-қызын ерте жастан еңбекке баулып, ел қатарына қосты. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған жан бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы ана, асыл әже. Балалары өз алдына шаңырақ болып, түрлі салада қызмет атқаруда. Бұл отбасындағылардың басым көпшілігі есепші мамандығын игерген. Олардың қатарында заман ағымына ілескен кәсіпкерлер де бар.

Бүгінде «Рүстем» шаруа қожалығын ашып, мыңғырған малдың бабын тауып отыр. Сонымен Рая әжейдің шеберлігіне оралайық. Есік алдындағы сәкіге жайғасқан ол өзі басқан киізді жайып, бізге текемет басудың қыр-сырын түсіндірді. Алдымен қойдан қырқып алынған жүн әбден тазартылып, түсіне қарай ажыратылады. Содан соң оны ешкі жүнінен жасалған тулаққа салып сабайды. Жүн сабалып болған соң, басылатын киіздің көлеміне қарай, шиді жаяды да, оның үстіне жүнді салып шабақтайды. Осыдан кейін киіздің оң жағына арналып тазаланған, әдемі жүнді сол қолмен уыстап алып, әлгі шабақталған жүннің үстіне салып отырып, оң қолдың қырымен басып қалып, үзіп қалдырады. Үзілген жүн бірімен-бірі жалғаса, біртегіс болып төселе береді екен. Қайнап тұрған ыстық суды шелекпен әкеліп, сүзгімен немесе шөміштің сырт жағымен шашыратып, бір жақ шетінен бастап себелеп құяды. Жоғарыдан шашырап құйылған су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді біріне-бірін қосып жабыстырады. Ыстық су жүннің талшықтарын буландырып жібітеді де, оның өзара кірігіп, тез киізденуіне жағдай жасайды. Су себіле басталысымен, қатар отырған үш-төрт әйел басылып жатқан жүнді сыртындағы шимен қабаттай шиыршықтап, жинап отырады. Шиді ширатып, орап жинаған сайын әлсін- әлсін ыстық су құйылады. Түгел жиналған шидің сыртынан жіппен шандып, жұмырлап байлайды да, ортан белінен бір немесе екі жерінен арқанды өткізіп алып домалатады. Оның екі басын тұйықтап бос салып қояды. Бүктеліп әзір жатқан шидің өн бойын бойлай бірнеше адам қатар жүріп келе жатып, шиге ораулы киізді аяқтарымен теуіп отырады. Бұларға қарама-қарсы бір адам – “қой бастар” киізді алға қарай домалата сүйрейді. Бұдан кейін шидің шандуларын шешіп, шиыршықталған киізді жазып босатады. Киіздің асты-үстін ауыстырып отырып, үш-төрт рет шиыршықтап, бүктейді де, екі басын түйістіріп шұжыққа ұқсатып көктеп алып, тағы да ыстық су құйып сығымдап, үстін күпімен, тонмен жылылап жауып тастап булайды. Ыстық буымен балбырап жатқан киізді мөлшерлі уақыт өткен соң шешіп алып, қайыра ширатып, тағы да жіппен шандып байлайды. Қатарласа отырған киізшілер шидің үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай жұла тар- тып алып, тізесі, білегімен ұрып басады. Бұл білектеліп болған киізді ұзыннан екі қабаттап бүктеп, оның екі басын бір-біріне түйістіре шуда жіппен көктейді. Киіз басушылар киізді ақ шидің үстіне салып, айнала отырады. Қусырылған киіздің әр жерінен қамти ұстап, оңды-солды қарпиды. Қарпылған киіздің шет- шеті жиналып тегістеледі де, екі жақ бетіндегі кірікпей қалған бос қылшықтары түседі. Білектеу мен қарпудан кейін кірігіп, ширай түскен киіз біраз қуырылғандай болып көлемі шағындалады. Енді оны ұзынынан шығара созғылай есіп шиыршықтайды да, әуелі бір жақ шетін жұмарлай білектеп есе отырып, екінші басына жеткізеді. Одан кейін екінші басын тағы да соза білектей отырып бірінші басына дейін апарады. Сонда киіз молығып, созыла түседі. Киізді білектегенде және ұзындағанда оның екі жақ басына жуан ағаш, жинаулы ши сияқты нәрселерден тиянақ қойып отырады. Сонда киіздің ұзына бойының екі жақ шеті олпы-солпы болмай, тегістеліп шығады. Дайын болған киіздің бетіне әсемделіп ою-өрнек салынады.

– Оюды алдымен ойып аламыз. Текеметте өкше, шет, ашық, жалпақ және өзге де ою түрлері орналастырылады. Шеткі жағына салынғаны – сыпырмайым ою деп аталады. Алдымен киіз бетінен масаты мата- дан қиып алынған оюды жіппен көктеп тігіп аламыз. Ұршыққа жіпті бір тінін оң және екінші тінін солға қарай иіргенде өрілген шаш секілді әдемі ырғақ шығады. Сол жіпті оюдың жиегіне салып тігеміз. Міне осылай текемет дайын болады. Бұны қабырғаға ілуге немесе төсеніш қылуға пайдаланған. Бұл жылы әрі әдемі, – дейді Рая әже. «Өнерлінің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста» деген тәмсіл тегіннен-тегін айтылмаса керек. Он саусағынан өнер тамған әженің жанында отырған аз ғана уақыттың ішінде біраз дүниеге қанықтық. Өмірден көргені көп, түйгені терең қарттарымыз ортамызда барда алтын уақыттың қадіріне жетіп қалған жөн секілді. Ұлтымыздың рухын оятып, халқымызды өзгелерден даралайтын, бағасын арттырар байлығымыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бен өзімізге ғана тән қолөнер бұйымдарымызды естен шығармайық.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады