USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Аңыз монеталар да тартымды сыйлықтың бірі

«Ұлы Дала Елі-Тәуелсіздіктің 25 негізі» тақырыбына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қызылорда қаласы әкімдігі және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ-нің Қызыл­орда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Қызылорда облыстық тарихи өлкетану му­зейінде «Теңге құндылығы – басты байлығымыз» тақырыбында Ұлт­тық Банктің монеталар жиынты­ғының көрмесі өткізілді.

Ұлттық валюта – теңгенің шығу тарихын, еліміздің экономикалық, қаржылық дамуындағы рөлін насихаттау мен теңгенің айналым­ға шыққан уақытынан бастап Қазақстан Республикасындағы мерекелік іс-шаралар мен даталар­ға байланысты арнайылап шыға­рылған мерейтойлық монеталарды қала тұрғындарына таныстыруды мақсат еткен көрмеде теңге жайлы келушілерге кеңінен мағлұмат берілді.

Көрме барысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ-нің Қызылорда облысы бойынша филиалының касса меңгерушісі Бекежанова Айгүл Төлепбергенқызы:

- Кез-келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болашағын айқындауға септігін тигізеді. Ақша – тауарлар мен қызмет көрсету өл­шемі болып табылады және жалпы­ға бірдей балама рөл атқаратын, кез-келген тауарлар мен көрсеті­летін қызметтерге айырбасталатын тауар түрі, қоғамдық қатынастар көрініс табатын экономикалық категория. Осы орайда, 1993 жылы ұлттық валюта – теңгені енгізу Қазақстан Республикасының экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады. Бүгінде төл теңгеміздің айналысқа енгеніне 23 жыл толып отыр. Бұл жылдар аралығында, ұлттық валютамыз елдің экономикасымен бірге дамыды, нығайды. Эконо­мика­мызбен бірге дүниежүзілік дағдарыстан өтті. Қазақстан моне­талары бүкіл әлем нумизматта­рының жүрегін өзінің дизайнымен, техникалық шешімдерімен, біре­гейлігімен жаулап алды. Отандық монеталардың іс жүзінде барлық сериялары сұранысқа ие. Бүгінгі көрмеде сериялық монеталардың көбін, тіпті, жақында ғана айна­лым­ға жол тартқан «Күлтегін» се­риялық монетасын да тамашалай аласыздар – деп, көрмеге жиылған көпшілікті тарихи маңызы зор нумизматикалық коллекциялар­мен таныстырды.

Расымен де, сериялық монета­лардың көпшілік біле бермейтін түрі көп екен. Мәселен «Қызыл кітап» сериясымен әр жылдарда айналымға 50 мың дана таралым­мен шыққан «Алтай ұлары», «Жал­бағай», «Тянь-шань қоңыр аюы», «Үнді жайрасы», «Бұйра бірқазан», «Қаршыға реңді жапалақ», «Дәуіт» секілді монеталар туралы әдейілеп ізденбеген адамның хабардар бола бермеуі мүмкін.

Көрмеде мұнан бөлек ескерт­кіш монеталар да орын алыпты. Мәселен, «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы бойынша жасалған, «Шығыс күн­тізбесі» сериясынан шыққан, тағы да басқа көптеген монеталар бар. Көрмеге көрермен болған қалада­ғы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен мек­теп оқушылары бірегей дизай­нерлік шешімімен тартымды теңге­лердің түсін түстеп таныды.

Десе де, шараға жиылған қауымның қатарының сирек бол­ға­нына қарап, адамның ақшаға қызықпайтын кезі де болатынына таңдандық. Мәселен, дамыған елдерде монеталарды олардың коллекциялық құндылығы өте жоғары болуына қарамастан тек коллекционерлер ғана емес, сол сияқты өз жақындарына мерекеге есте қалатын сыйлық бергісі келетін қарапайым адамдар да сатып алады. Белгілі бір нышаны бар сыйлық ретінде, тіпті, үйлену тойына да тарту етіп жатады.

Біздің елімізде көп болмаса да, осыны үрдіске айналдырып жүр­гендер аз емес. Қаржы саласынан хабары барлардың сериялық моне­талардың жаңа бірі түрі айналымға шыққанын естігенде қарап қал­масы анық. Бірақ, Ұлт­тық банктің қарапайым адамдардың қалтасы көтерерлік монеталар жинағына жалпы жұртшылықтың арасында қызығушылық аз екендігі жасы­рын емес. Бұл жағдайды да түсі­нуге болады. Монеталарға қызығудың мұндай үрдісі елімізде қалыптасып үлгерген жоқ.

Бұл тарапта тастаған сауалы­мызға өзінше жауап берген қала­лық қаржы бөлімінің басшысы Иманқұлов Әлсейіт Аманжолұлы:

- Соның өзінде, Қазақстанның монеталары ішінде шыққан бойын­да нумизматтардың коллекция­ларына айналған аңыз-монеталар да бар. Оларды монета жинаушы­лар асыға күтеді. Ең көп талап еті­ле­тін сұранысқа ие монеталардың ішінде көркемдік дәрежесі жоғары «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясының монеталары бар. Оларды дайындау кезінде го­лограмма қолданылады, бұл моне­таларды нағыз көркем туындыға айналдырады. Сонымен бірге, «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясы да ас­қан сұранысқа ие. Олар қазақ­стан­дықтар үшін табынушылық мәнге ие болды деп те айтуға бо­лады. Коллекционерлермен қатар оларды қамқор ата-ана да аңдып жүріп іздейді, мысалы, отбасы тарихында құда түсу күнін немесе баланың алғашқы қадамын немесе жүрекке қымбат отбасы мерекесін есте қалдыру үшін алады – дейді.

Бізге мәлім дерек бойынша, отандық және халықаралық ну­миз­маттарға белгілі бірнеше таны­мал серия бар. Олардың қатарында жоғарыда біз мысал қылғандармен қоса, «Көшпенділер алтыны» және «Қазақстан Петроглифтері», «Сәу­лет және тарихи ескерткіштер», «Қолданбалы өнер», «Ертеде со­ғылған монеталар», «Әлемнің әйгілі мешіттері», «Спорт» сияқты серия­лар бар. Сондай-ақ, ел тарихынан сыр шертетін «Қазақстан сурет­шілері», «Республика игілігі», «Қа­зақстанның мешіттері мен шіркеу­лері», «Қазақстан халқы ертегілері», «Ұлы қолбасшылар» сияқты серия­лар да сұранысқа ие болып отыр.

Бүгінгі таңда тұрғылықты жеріне қарамастан, монеталарды Ұлттық Банктің интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Оларды «Қазпочта» АҚ-ның «EMS» курьерлік қызметі жеткізеді. Мұндай монеталармен операция­лар – өтімді тауарға қаражатты тиімді салудың бір жолы. Ол сіздердің жинақ ақшаңызды сақтап қана қоймай, оған сауатты көзқарас болған жағдайда оны ұлғайтуы да мүмкін.

Монеталарды сатып алу мен сату биржадағы сауатты, кірісі жоғары ойын сияқты. Бағалы металдарға, атап айтқанда инвестициялық және коллекциялық монета­ларға инвестициялар салған кезде бос ақша босқа жатқан қор ретінде емес, жұмыс іс­тейтін құрал ретінде қолданы­латын қағида толық көлемде іске асырылады. Бұл ойындағы маңызды фактор төзімділік болып табылады, себебі қара­жатты осындай жинақтау ба­сым түрде ұзақ мерзімді кезең­де тиімді болады. Ал коллек­циялық монеталар туралы айтатын болсақ, олар бастап­қы нарықта әзірге еркін сатылуда, олардың құны іс жүзінде бәріне қолжетімді. Алайда, олардың таралымы таусылған кезде олардың бағасы күрт өседі. Себебі коллек­циялық монеталар ешқашан қо­сым­ша соғылмайды. Бұл – қайта­лама нарықтың қағидасы. Бұл ретте монетаға салынған салым уақыт өте келе банк депозиттері бойынша кірістіліктен асып түседі.

Ең бастысы, өз жақыныңызға естелікке шын мәнісінде бағалы, тартымды сыйлық жасаудың бір түрі де осындай монеталар. Бүгінде мерейлі мереке, маңызды мейрам­дарда сыйлық жасаудың жолы көп. Сонда да, көрмеден көңілге түйіп, бағасы қымбат, пайдасы шамалы жылтыр қорапшалардан жалық­қан­дар кәдеге жаратар деген кеңесіміз осы.

Б.САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Ұқсас сілтемелер:
01 Желтоқсан 2016, 15:23
Жұлдызды күндердің бірі
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады