USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Алакөл жағалауы аббатанатын күн алыс емес

Алакөл – Қазақстанның інжу-маржаны. Шипалы суға жыл сайын сан мыңдаған саяхатшылар келіп, дертіне дауа іздейді, жағалауында тыныстайды. Енді Алакөлге ат арылтып келушілер саны еселеп артатын болды. Себебі мұнда заман талабына сай туристік кластер қалыптасады. Шипалы су, жанға жайлы демалыс орындары, келбетті нысандар, кең әрі жарық көше, серуендеуге арналған саябақтар мен ән салатын түрлі түсті субұрқақ - мұның бәрі саяхаттаушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін жасалмақ.

«Алакөл аймағымыз ғана емес, күллі Қазақстан мақтанатын аумаққа айналады»,- деді облыс әкімі Даниал Ахметов өткен аптада Үржар ауданына сапарлай барғанында.

ШҚО – ның әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен Алакөл жағалауын туристік бағытта дамытуға арналған жиын өтті. Алдымен Алакөл көлі жайлы деректі фильм көрсетілді. Айдынды көлге, елімізбен қатар, алыс – жақын шетелдердің де саяхатшылары жиі келеді. Қазақстанның інжу-маржаны саналатын айдынды көлде жыл сайын жаңа демалыс орындары, санаторийлер көптеп ашылуда. Туристерді көлдің тұздылығы мен минералды суы, табиғи қайнары тартады. Бірақ Алакөлдің Қазақстан туризмінің басты орталықтарының біріне айнала алмай отырғаны жасырын емес. Оның басты себептері - жағажайда демалыс орындарын тұрғызған кәсіпкерлердің демалушыларға лайықты жағдай жасай алмауы, инфрақұрылымның көңілден шықпауы, антисанитария, өрт қауіпсіздігінің бұзылуы және тағы басқалар. Әлбетте, бұл тікелей кәсіпкерлерге қатысты мәселе болғандықтан, Даниал Кенжетайұлы кәсіпкерлерге қарата сын айтты.

- Кәсіпкерлер келіп, көл жағалауында бір маусымда жүз мыңдап табыс табады. Шынтуайтына келгенде, солардың ешқайсысы абаттандыру жұмыстарын толықтай орындаған жоқ. Ресторан, кафе сынды орындардың келбеті де келісті емес. Барлығы бірдей санитарлық талаптарды сақтайды деп айтуға келмейді. Кәсіпкерлікке жауапкершілікпен қарау керек. Осыдан былай, туристерге жағдай жасамайынша, ақша табуға жол берілмейді,- деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы. Көлге келушілер, дертке шипа іздеумен қатар, демалу мәдениетінің де талапқа сай болуын қалайтыны шындық. Осы ретте, Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, Алакөл жағалауының демалыс аймағын дамыту мақсатында жайлы туристік кластер қалыптастырып, санитарлық жағдай жасау үшін, жергілікті атқарушы органдар демалыс орындарының меншік иелері мен жалға алушыларға өз аулаларында абаттандыру жұмыстарын жүргізуге байланысты тапсырмалар беріліп, осы бағытта кешенді жоспар да әзірленген. Ол жоспар орындалса, Алакөлдің келбеті адам танымастай өзгермек. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылу фактілерін көптеп анықтады. Мұнымен қоса 80 нысан бойынша сәулет, құрылыс талаптарының орындалмағаны белгілі болды. Тексерістің қорытындылары бойынша аудандық әкімдік әрбір кәсіпкермен анықталған кемшіліктерді келесі демалыс маусымы басталғанға дейін жою туралы меморандумды бекітті. Сонымен бірге облыс қазынасынан айдынды Алакөлдің ажарына әр беру үшін 500 млн. теңге бөлінетінін де мәлімдеді.

- Кәсіпкерлер жүктелген міндеттерін уақтылы орындауы керек. Аталған міндеттер шомылу маусымы басталғанша толықтай орындалатын болсын. Ол орындалмайынша, бірде-бір кәсіпкер жұмыс істеуге рұқсат алмайды. Сонымен бірге біз жаңа құрылыс нысандарын салуға жер беруді тоқтаттық. Жүйесіз құрылысқа да жол жоқ. Жағалауды жақсартып, жоспарды толықтай орындау үшін 500 млн. теңге қаржы бөлеміз. Содан соң комиссия келіп тексереді,- деп кәсіпкерлерге қарата сөйледі облыс басшысы.

Ал демалу мәдениетін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыстық жауапты басқармалар басшылары таратып айтты.

- Көл жағалауында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды шаралар атқарылды. Жағалаудағы 185 нысанның барлығына бақылау-тексеру жұмыстары жүргізіліп, басшыларына нысандарын 1 мамырға дейін өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай жабдықтау жөнінде тапсырма берілді. Өрт сөндіру көліктері еркін қозғалуы үшін бірқатар демалыс үйлері аумағындағы көшелер кеңейтілді. Сондай-ақ оқыс оқиғаға жол бермеу мақсатында Үржар ауданында тұратын 160 демалыс орнының басшыларымен меморандумға қол қойылды. Ауданда емес, өзге өңірлерде тұратын қалған 25-іне ақпараттық хаттар жіберілді,- деген ШҚО ТЖҚ басшысы Нұрлан Мадьяров жыл бойы қауіпсіздік ережелерінің сақталуы қадағалауда болатынын жеткізді.

ШҚО Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департамент басшысының орынбасары Болат Қуанышбековтің айтуынша, заң жүзінде демалыс үйлері санитарлық–эпидемиологиялық қадағалаудан босатылған, 2014 жылы мораторий жариялануына байланысты жеке кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға қатысты тексерулер тоқтатылған. Үш жылда жаңадан демалыс орындары салынған, бұрынғыларына жөндеу жұмыстары жүргізілген, бір сөзбен айтқанда, тексеріс болмаған соң жағдай да өзгерген.

- Мораторийге байланысты 2016 жылға дейінгі 3 жылда біз бірде-бір демалыс орнын тексерген жоқпыз. Ағымдағы жылы 26 демалыс базасын тексердік. Оның 25-де заң талаптарын бұзушылық тіркелді. 7-еуіне әкімшілік жаза қолданылды. Мұндай олқылықтар орын алмауы үшін, біз 2017 жылдың 1 жарты жылдығынан бастап жұмыс жүргіземіз, тексеру де болады. Аудан әкімдігімен тығыз байланыс орнаған, алдағы жылы Алакөл жағалауында ауқымды семинар ұйымдастыруды жоспарлап отырымыз,- деді Б.Қуанышбеков.

ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Дмитрий Гариков мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының бақылау жұмыстары барысында бірқатар тәртіп бұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстары ескертусіз басталғаны, жобалау-сметалық құжаттарының жоқтығы, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге техникалық және авторлық қадағалаудың болмауы және осы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мердігердің тиісті лицензиясының жоқтығы сынды олқылықтар орын алған. Басқарма басшысының айтуынша, келеңсіздіктер келешекте шешімін табады.

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстарының жобасымен таныстырды:

- Демалыс аймағын абаттандыру мақсатында 493 млн. 600 мың теңге қаржыға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Оның ішінде жалпы құны 150 млн. теңге болатын саябақ құрылысының жобалық-сметалық құжаттары «Семпроект» ЖШС-де дайындалуда. Жобада жалпы ұзындығы 434 метр алаңды қоршау, күзет посты, жаздық кафе, демалыс орындықтары, ұзындығы 1 шақырым велотрек, алтыбақан, балмұздақ кафесі, үрленетін сахна, шағын футбол, волейбол алаңдары, субұрқақ, көгалдандыру, жарықтандыру, балалар алаңы, ойын аттракционын салу жұмыстары қарастырылған. Жобалық-сметалық құжаттардың экспертизалық сараптамасының оң шешімі ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін алынатын болады,- деді Серік Зинабекұлы.

Яғни, жоба бойынша, жалпы ұзындығы 434 метр болатын алаңды қоршау, күзет посты, 5,8 шақырымдық автокөлік жолын орташа жөндеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ автобекет ауласын абаттандыру, автотұрақтар салу, арбат, суағар мен жарық диодты 170 шам орнату да көзделдуе. Сонымен бірге Серік Зинабекұлы жағалаудағы сауда үйлерінің сыртқы келбетін көркейту мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып сыртқы бейне кескіндері дайындалып, жеке кәсіпкерлерге ұсынылғандығын тілге тиек етті.

Жобаға сәйкес, Алакөл адам танымастай өзгереді деген пікірін білдірген аудан басшысы мұнда демалуға арналған саябақ пен ән салатын түрлі түсті субұрқақ та салынатынын, бұл жоспар уақтылы орындалатынын атап өтті.

- Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз ауқымды жолды жүріп өтті. Біз Астана, Алматы қалаларын ғана емес, өз өңірімізді, айдынды Алакөлімізді де мақтан тұтуымыз керек. Алакөл тек шығысқазақстандықтардың ғана емес, күллі Қазақстан халқының мақтанышына айналады. Сіздер мен біздер бірлесе еңбектене отырып, ол күнге жететіндігімізге мен сенемін,– деген Даниал Кенжетайұлы көл жағалауында туристік кластер қалыптасса, ауданның экономикалық дамуы артып, тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсара түсетіндігін баса айтты.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады