USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтай Рысымбетов - аспап жасаудың хас шебері

Ұлы дала төсінде мыңдаған жылдар бойы қоныс тепкен көшпелілер кейінгі ұрпаққа биік мəдениет пен зор өркениеттің үлгісін қалдырып кетті. Музыка мен сəулет, зергерлік пен ұсталықта тек түркілерге ғана тəн өзіндік ерекшелік, өзгеше сарын қалыптасты. Олар осындай озық өнерімен əлемдік мəдениеттің дамуына үлес қосты. Бүгінде бабадан қалған осы бір жұрнақ жоғалған жоқ. Қаншама зобалаң мен зұлматта да жұтылып кетпеді. Еркіндік қолға тигелі құндылықтарымызды жинақтап, жоғымызды түгендеп келеміз.

Ұлттық мұрамызды насихаттап, қазақтың ұсталық өнерін жанына серік еткен Ақтай Рысымбетов аспап жасаудың шебері. Шиелі ауданы, Бестам ауылының тумасы өз үйінен ашқан шағын ғана шеберханасында қарағашты ойып бұйым жасайды. Бұл өнерін кəсіпке айналдырмаған. Көңілі ауып, қолқа салғандарға ұлттық аспабымызды сыйға тартады. Пайда табуды көздемеген шебер көңілі қалаған істен қол үзбей келеді. – Осыған дейін жасаған дүниелерімді ақша қылайын деп ойламаппын. Өзім мектепте бейнелеу өнері жəне сызу пəнінен сабақ беремін. Кешке жұмыстан келгесін үш сағат уақытымды осы іске арнаймын. Тұрақты жұмысым болғандықтан түгелдей бет бұра алмай жүрмін. Тек жаз мезгілінде ғана көп көңіл бөлемін, – дейді ұста.

Бір домбыраны жасауға шебердің 10-15 күн уақыты кетеді. Ол аспап үшін жиде, қарағаш пай- даланады. Қазір өзі осыдан 20 жыл бұрын кептіріп дайындаған материалдарды қолданып жатыр. Дегенмен, қымбат қызылағаштан жасалған өнімнің сапалырақ болатынын айтады. Ол бұл саланы бала кезінен бастамаған. Сүйікті ісінің қыр-сырын студент кезінде меңгеріпті. Алматыдағы КазПИ-дің көркемсурет графикасы мамандығында оқып жүргенде сондағы қатарластарынан үйренеді. Ағаштан жасалатын бұйымдарға қатты қызығып, ден қояды. Өз бетінше ізденеді. Ақырында осы істің тілін табады.

Айтуынша, оны баулыған ұсталар бүгінде елге танымал шеберлер атанған. – Университет қабырғасында бірге білім алған Нарбек Оқанов деген жігіт болды. Қазір ол атақты домбыра шебері. Аспаптарды жөндеп жүргенде зер салып, бақылап жүретінмін. Одан кейін бұл өнердің бүге-шүгесін үйреткен Жолаушы Тұрдығұлов деген ұстазым бүгінде университетте оқытушылық қызметте. Мен кейін де ол кісілердің шеберханасында болып, қолымды жаттықтырдым. Биыл жазғы еңбек демалысымда барып, қобыз жасаудан тəжірибемді жетілдіріп келдім, – дейді ол. Негізі тапсырыс болса, өзге де аспаптарды дайындау қиындық туғызбайды.

Ол жақында бір оқушының өтінішімен қылқобыз жасап шығарған. Музыкадан хабары бар адамдар дауысына дау айтпапты. Ұлттық мұраны дəріптеуші жан тек ағаш жонып, бұйым жасамайды. Сонымен бірге, керемет күйші. Қазақтың қара сазын нақышына келтіріп орындайды. Арасында əу деп үн қосып, халық əндерін құйқылжытады. Оның ағайын-туысында ұсталық болмаса да, əкесінің нағашы жұрты елге танымал шебер болған көрінеді. Əкесі қарағаштан ойып аспап жасамаса да, керемет домбырашы болған кісі екен. Ол өзіндегі өнердің бір ұшы осында деп топшылайды. Бұрын тек қана сүйікті ісі ретінде ғана қарайтын Ақтай аға енді шеберханасына шындап кіріспекші.

Оған ой салған биыл Алматы қаласында өткен «Аңыз домбыра» атты шара. Қазақстандағы қолөнер шеберлерінің басын қосқан ке десуден ерекше серпіліспен оралыпты. Өзі қолға алғысы келіп жүрген жоспарының бірі – мектептен қолөнершілер үйірмесін ашу. Негізі бұрын 1992 жылдары шəкірт баулуды бастаған. Кейін жол апатына ұшырап қол үзіп қалады. Осыны қайта жалғап, оқушыларына аз да болса, білгенін үйреткісі келеді. Сонымен бірге, заманға сай кəсіп қылуды да көздейді. Бұл ұлттық мұраны дамытудың бір көзі. Дегенмен, ол үшін қасына өзі секілді ағаш жона білетін шеберлер қажет. Бұл ой іске асып жатса, табыс көзі ретінде жолға қоюды жоспарлап отыр. Қазір ол өзінің ұсталық өнерін аманаттап қалдырар шəкірт тəрбиелеуде. Əзірше ұлы мен жиенін шеберхана тіршілігімен таныстырып жатыр. «Дегенмен, ұлымнан гөрі, жиенімнің талабы, қабілеті жоғары. Айтқаныңды қағып алып, айна-қатесіз орындайды» дейді ол. Сондықтан оған көп көңіл бөліп жүргенін айтады. Ал өз баласының болашақта ұлттық мұрамызды насихаттайтын шағын цех ашып алғанын қалайды. Ұлының күй тартуға құмартып жүргенін де жасырмады. «Осы бір ұсталық өнерім ұлт мүддесіне жараса» - дейді шебер.

Мəди ҚҰРМАНƏЛІ.

Ұқсас сілтемелер:
01 Желтоқсан 2016, 15:05
Хас шебердің қолтаңбасы
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады