USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Береке мен тоқшылық оңайлықпен келген жоқ

Қазақстанның астық өндірісіндегі миллиардтар тарихы тың игеру жылдарынан бастау алғандығы белгілі. Өткен шаққа оралатын болсақ, елімізде 1954-1960 жылдар аралығында, яғни, 6 жылдың ішінде 106 миллион тонна астық алынған. Орта есеппен алғанда, осы мерзім ішінде әр жыл сайын 17 миллион тоннадан астық алынған екен. Әрине, мұндай астықты сол кезде еліміз бүкіл Кеңес Одағының күш біріктіріп, көптеген техникаларды Қазақстанның егіс алқаптарына шұғыл түрде жөнелтуі нәтижесінде алғаны анық. ...Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары астық өндірушілер техникалық қарулану мәселесінде көптеген қиындықтарға тап болған еді. Өйткені, бұрынғы техникаларды алмастыруға олардың қолдарындағы қаржы жетпеді. Ал, техникалар заманның ауысып, өмірдің алға басуына байланысты ескіріп те қалған болатын. Бұл жағдай Қазақстан астығын өндіру мен оны дер кезінде жинап алуға, басқа астық өндіруші елдермен бәсекелестікке көп кесірін тигізді. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы» акционерлік қоғамы құрылып, ол қажетті техникаларды лизингтік тәсілмен шаруаларға сатып алып беруді жүзеге асырды. Осының нәтижесінде, еліміздің астық себу кешендері, қазіргі заманғы шетелдік астық жинау комбайндары, басқа да жер өңдеу құралдары пайда болып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқандары дер кезінде жүргізілетін болды. ...

Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналып, гектар шығымдылығы 14,1 центнерден айналыпты. Осының өзі елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсыға ойысқанын аңғартса керек. Еліміздің халықаралық рыноктарға шығарған алғашқы өнімдерінің бірі астық болды. Кейбір жылдары әлемнің 40-тан астам еліне астық экспортталды. Стратегиялық өнімнің өндірісі мен саудасын жолға қою үшін елімізде «Астық туралы » заң да қабылданды. Ал, 2011 жылы, еліміздің экономикалық салалары нарықтық жағдайда жұмыс істеуге әбден бейімделіп, соның нәтижесінде бұрын- соңды болмаған биіктерді бағындырды. Егіншілік саласында соңғы елу жылда болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 2 миллиард пұтқа жуық астық алынды. Бұл рекордтық астық табиғаттың ерекше тартуын білдірмейді. Осыншама көлемдегі астықты алу үшін орасан зор көлемде жер жыртылып, орақ науқанын ұйымдастыруға тұтас әскери бөлімдер, студенттер мен қалалықтар жұмылдырылып, барлық астық қоймаларға жөнелтіліп, артынан мал азығына деп оның миллиондаған тоннасын орталықтан сұрап алу жағдайы да кездескен. ...Әлемнің бірқатар елдері қазіргі кезде Қазақстанды үлкен астық державасы ретінде таниды. Біз Халықаралық астық кеңесіне мүше елдердің біріміз. Астық сатумен шұғылданатын көптеген ірі трейдер компаниялары Қазақстан астығы десе, елең ете қалады. Себебі, біздің астығымыз-әлемдегі ең сапалы астық. Биыл былтырғыдан да мол астық алынды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге дәнді дақылдар бойынша да жиын-терін науқанының нәтижелері көңіл қуантып отыр. Облысымызда күріштен рекордтық өнім алынды. Елбасымыз айтқандай, осының бәрі мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі-егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. ...Астың атасы нанымыз мол болса, дастарқанымыз берекелі, шаруамыз сайлы, көңіліміз жайлы болмақ. Тек, тоқшылықтың қадірін білгеніміз абзал. Мүмкін, қариялардың әңгімесіне ұнның өзін мөлшермен алып, ашқұрсақтау болған жылдар арқау болған шығар. Сол кездері бір тілім нанды бөліп жеп, тәтті дәмі аузында қалған балалардың өзі нағыз жігіттік жаста тұр. Бір білсе, солар білер дейміз...

Лаура ӘЙТІМОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады