USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Өтпелі кезең өнегесі

Ел еңсесін түсірмеу жолында ертеңгі күннің кіріспесін жасаған еті тірі азаматтардан Сарқан ауданы кенде болып көрген жоқ. Қиын кезеңде жұртшылық мүддесі үшін тәуекелге барып ГЭС құрылысын қолға алған Сарқан ауданының Құрметті азаматы Меліс Разбекұлының ерлікке тең еңбегін ешкім де ұмытпайды. -Расында да бұл құрылыстың қалай басталғаны, кіші энер- гетиканы дамыту идеясы кімнен туындағаны сол жылдары аудан әкімі болып қызмет атқарғандықтан менің жадым- нан әлі өше қойған жоқ,-дейді Азамат Сламжанұлы. –Электрге тәуелді жылу қазандықтары жұмысын тоқтатып, көп қабатты үйлер қаңырап, тұрғындары жан-жаққа сабылған кез еді ол. Сол кезде Сарқан өзенін ауыздықтап, электр қуатын өндіретін кәсіпкерлерді іздеу қажеттілігі туды. Себебі, ежелден таудан ағатын асау өзендеріміз шағын ГЭС-терге таптырмас мекен болғаны бізге белгілі еді. Таңдау елдік мүддені талмай көтеріп жүретін алдымыздағы ақылшы ағамыз Меліс Разбекұлына түсті. ГЭС құрылысын тәуекелмен бастап, қомақты қаржы құйып, канал тазалап, ғимарат соғып, ауқымды жұмысты жүзеге асырған Меліс Разбекұлының өркенді ісі жалғасын табуда. Су-электр стансасы бұл күндері қуатын арттырып, ағамыздың есімі ұрпақтар жадында жатта- лып қалды. Сарқан ауданы әкімінің 1991-1992 жылдары бірінші орынбасары болған Алдаберген Ахметжанұлы Атанов аудандағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі. 1992 жылы «Алатау» кәсіпкерлік құрылымын құрып, «Ақжол» жеке шаруашылығын басқарып, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін, атап айтқанда 2002 жылға дейін «Сұлтан» ЖШС- нің төрағасы болды. Оның қарауындағы кәсіптің барлығы да жүйелі, өзара байланысты дамыды. Жекешелендіріп алған бұрынғы «Пионерлер үйін» офис-кеңсеге айналдырды. «Жетісу» сауда үйін қолды болудан жекешелендіру арқылы аман алып қалып, ел игілігіне ұсынды. Наубайхана жүйелі жұмыс істеді.

Сүт-тауарлы фермасына қайтадан жан кірді. Мұндағы ірі қара ғылыми әдістермен асыл- дандырылды. Бидай тұқымын жақсартуды қолға алып, ғылыми негіздегі элита тұқымды өндіруді қолға алды. Аудандағы шаруа қожалықтарын осы өнімді тұқыммен қамтамасыз етіп, астық молшылығына игі қадам жасады. Әкесінің ізгі ісін жалғастырған Алмас Алдабергенұлы бүгінгі таңда аудандағы ел игілігіне үлес қосатын кәсіпкерлер сапында. Ол ел сенімін иеленіп, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған болатын. Тарихы тереңдегі Қойлық ауылының бүгінгі ажар-келбеті сол елді мекендегі ұжымдық шаруашылықты 1979-1996 жылға дейін басқарған Болат Макетовтың есімімен тығыз байланысты. Болат Нәбиұлы ұзын жолдың бойындағы елді мекеннің еңсесін биіктетіп тұрған Мәдениет үйін, Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға арналған кешенді ме- мориалды, орталықтағы саябақты өз бастамасымен дер кезінде ел игілігіне ұсынуға игі ықпалын тигізген азамат. Жекешелендіру кезінде де шаруа қожалығын сауатты басқарып, жерлестеріне тірек бола білгендігі, қамқорлыққа мұқтаж отбасыларын қанатының астына алғандығы әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Қолы қалт ете қалса көкейдегі көксеуін, өзегін өртеген өкісігін де өлеңмен өрнектеген ақын ағамыздың соңында бірнеше жыр кітаптары қалды. Бүгінгі таңда Болат ағаның ұлы Мейрам сол ауылдық округтің әкімі ретінде әке ісін лайықты жалғастыруда. Аудандағы мал дәрігерлік стансасына тәуелсіздік кезеңінде ұзақ жылдар бойы мал дәрігерлік салада тәжірибе жинақтап, бірқатар шаруашылықтарды басқарған осы саланың білікті маманы Қанат Маман- баев жетекшілік етті. Жаңа ғасыр бастауында аудандық аумақтық ауыл шаруашылығы басқармасы құрылып, осы басқарманың тізгінін ұстаған Қанат Маманбайұлы іскерлігін танытты.

Аудан кәсіпкерлері 2003-2005 ауыл жылдары гектар көлемін арттырумен қатар, оның шығымдылығы мен сапасына көңіл бөлді. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мемлекеттік карантин және фитосанитария бөлімі шаруа қожалықтарының жерлерін әр түрлі зиянкестер және арамшөптерден арылтуды қадағалады. Егіс алқаптарындағы жер көлемінен монолиттер алынып, оның өсіп-даму барысы анықталды. Сапаға баса назар аударылып, шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатылып, агротехникалық шараларды ғылыми негізде жүргізу қолға алынды. Осы істің бастауында жүрген Қанат Маманбайұлы зейнеткерлікке шыққан соң ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы атанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Пролетарий» колхозында бөлімше басқарушысы болған Болат Рахметқалиев ұзақ жылғы тәжірибесі нәтижесінде өз саласының білікті мама- ны ретінде жастарға үлгі бола білді. Бұған дейін Сарқан аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры, Қарабұлақ ДЭУ-нің бастығы, Сарқан автобазасында директор болған Болат Рахметқалиұлы 1997 жылға дейін еңбек сапынан қалмай, қиын кезеңді жұртшылықпен бірге бірлесіп көтерді. Болат ағаның балалары өмірден өз орындарын тапқан. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, әке жолымен Ақсу ауданында бас инженер, «Красный Октябрь» совхозында директордың коммерция жөніндегі орынбасары болған Ғалым Болатұлы Рахметқалиев алғашқылардың сапында кәсіпкерлікпен айналысып, дәрілік шөптер жинап- өткізіп, бұл салада жетістікке жетті. Бір шақырылым бойы аудандық мәслихаттың хатшысы болған оның бұл күндері «Ғалым» шаруа қожалығы 900 гектар алқаптан соя, бидай, арпа дақылдарынан тиісті өнім алып, жерлестерін жұмыспен қамтып келеді. -«1990 жылы 5-қаңтарда аудандық кеңес депутаттарының кезекті сессиясы болды.

Сол күні сессияның алдында бір топ депутаттар, шаруашылық басшылары ауданның бірінші хатшысының орынтағына кандидат етіп ауданды басқарып отырған Суминге қарсы балама- лы түрде менің кандидатурамды қоймақ болды,-деп еске алады Тәуелсіздік қарсаңындағы жылымық кезеңді Сарқан ауданының Құрметті азаматы Мейрамғали Қалиасқаров. - Әріптестерімнің ұсынысына келісімімді бердім. Жабық да- уыспен екеуімізді сайлағанда менің кандидатурам өтіп кететінін депутаттардың қас- қабағынан аңдап білген Сумин облыстың бірінші басшысы Ануфриевке телефон шалып қойыпты. Қауіп төніп тұрғанын айтса керек. Бір кезде залда отырған маған «Облыс басшысы телефонға шақырады» деген хабар келді. Бармауға болмайды. «Сен кіммен жұмыс жасайын деп жүрсің?» деп дүрсе қоя берді маған Ануфриев. Соны- мен сессия басталғанда сөз сөйлеп өзімнің кандидатурамды алуыма тура келді. Маған сенім білдірген жігіттер, әрине, ашуланды, ренжіді. Сондағы депутаттардың алдындағы осылай ұятты болғаным бар. Маған жасаған әділетсіздіктері үшін аудан, облыс басшылы- ғымен іштей ерегеске түстім. Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер болып тіркелдім. Сайлауға 5 кандидат қатыстық. Оның бірі менің қарауымда бригадир болып істеген Имаш Намысбеков болатын. Маған қарсы жұмыс өріс алды. Алайда демократиялық өрлеу кезеңінде халықтың шынайы ықыласына ие болдым. 5 үміткердің арасынан 54 пайыз дауыс алып, заң шығарушы ең жоғарғы органның – Жоғарғы кеңестің депутаты болып сайландым. Біздің маңдайымызға қоғамдық өзгерістерге атсалысу бақыты бұйырды. Тәуелсіздіктің таңы атқанда 12 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде еліміздің тағдырына дауыс бердік. Осы кезеңде ел сөзін ұстай алатын мықты азаматтармен үзеңгілес жүрдік. Сонымен Жоғарғы Кеңес қабырғасында Заң шығару үрдісін бастан өткердік. Мемлекет мүддесі мен ел игілігін ұштастыра отырып, заң қалыптастыру үшін көп ізденуге тура келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық біздің де қабырғамызға батты. Енді мемлекеттің алдында ескі стереотиппен емес дербес елдің өзіндік мүддесін көтеретін Парламент құру міндеті тұрды. Бір жығылып, бір тұрып жүріп еліміз аз жылда еңсесін тіктеп алды. Бұған дейін Бақалы совхозын, «Путь Ильича» колхо- зын басқарған мен 1993-1997 жылдары қайтадан Бақалы ұжымының төрағасы болдым. Кетеуі кетіп бара жатқан шаруашылық тағдыры жүрегіме бататын. Жоғарыдан келген нұсқау бойынша қоғамдық игілік жеке меншікке бөлініп берілу керек екендігін түсіне жүріп, уақыт талабын амалсыз қабылдауыма тура келді. 1997 жылдан жеке қожалық құрып, оған әкемнің атын беріп, әке атына кір келтірмеу үшін аспай-таспай өз мүмкіндігімше тірлік кешіп келемін». Осылай дейді аға буын өкілдерінің сапындағы қадірменді Мейрамғали ағамыз.

Аудандық білім беру бөлімін тәуелсіздік алған жылдардан бастап 1996 жылға дейін Әлімхан Сүлейменов басқарды. Бұған дейін ұзақ жылдар партия-кеңес саласында тәжірибе жинақтаған бұл кісінің темірдей тәртібі білім саласын қожыратпай аман ұстап қалды. Дегенмен басына тартса аяғына жетпейтін кедейдің көрпесіндей бюджет тапшылығы қиындығын тигізбей қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі Әлімхан ағамыз жоғары орындағылармен тіл табысып, өтпелі кезеңде аудан мектептерінің қысқармай, өз саласы бойынша уақыттан қалмай алға адымдауына бір адамдай үлес қосты. Көпшілік алды-артын бағамдай алмаған 1992 жылы Қарауылтөбе ауылында Әнуарбек Қанабеков «Мақсат» шаруа қожалығын ашты. 1996 жылы қожалық «Елшерге» айналып, егістікпен қоса мал өсіруге талпыныс жасады. Кейіннен шаруақор Әнуарбек Қанабеков «Қанабек» шаруа қожалығын бірыңғай мал шаруашылығына, «Әнуарбек» шаруа қожалығын егін шаруашылығына мамандандыруға ден қойды. «Асуда алқынуға болмайды» деп жерлестеріне дем берген кәсіпкер ағамыздың еңбегі еленіп, Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1991 жылы елден бұрын нарықтық экономиканың өзгешелігін пайымдаған «Дәурен» шаруа қожалығының басшысы Алмағамбетов Дәулет Жәлелұлы он жыл мерзімге несие алып, өз саласын қажетті техникамен жарақтандыра білді. Жаңа мыңжылдықтың бастауында сапалы тұқыммен қара жердің қайтарымын еселеді. Гектарынан 25 центнерден бидай, 35 центнерден соя өнімін алып еңбегінің өтеуін көрген кәсіпкердің шаруашылығынан өткізілетін сүттің де, еттің де, жүннің де көлемі артты. Жеке серіктестік ашып, "Тал-тал" учаскесінен тұрғын үй мен мал қорасын жаңадан салды. Ірі қараны 200 басқа, қой түлігінің басын 500-ге жеткізді. Кейіннен ұзақ жыл туберкулез ауруханасының бас есепшісі болған зайыбы Базархан Жолдасқызы Айнақұлова зейнет демалысына шыққан соң екеуі «Айзере» кафесі мен қонақ үйін ашып, жұртшылыққа қызмет көрсету ісін жалғастырды. Тәуелсіздіктің тағылымы мол. Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсарлы арманы болған Тәуелсіздік жылда- ры барымызды бағамдап, жоғалтқанымызды түгендеп, төл теңгемізді қолға ұстадық. Шекарамыздың ашық-шашық тұстарын тағы да бір шегендеп, өз Ата заңымызды қабылдадық. Ұлықты ұландарымызды ғарышқа ұшырып, тілімізді тірілттік. Әскерімізді сапқа тұрғызып, аспан түстес көк байрағымызды желбіреттік. Жаратқанның өзі бере салған жерасты байлықтарымыздың арқасында еңсемізді тіктеп, өзгелер алдымен сәлем беретін мемлекетке айналдық. Қиялымызға да кірмеген ғаламат ғажайыптардың куәсі болдық. Арқа төрінде жаңа астанамыз бой көтерді.

Жомарт ИГІМАН.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады