BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Солтүстік диқандары межеге жақын

Солтүстік Қазақстан облысында күзгі орақ науқаны аяқталуға жақын. Жалпы егіс алқабыдағы астықтың 95 пайызы қамбаға құйылды. Теріскей диқандары гектарынан орта сеппен 18 центнерден өнім алып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Өңірдегі ең ірі шаруа қожалықтарының бірі «Шағала-Агро» биыл 28 мың гектар алқапқа тұқым сіңіріпті. Серіктестік дәнді дақылдардардан бидай мен арпаға, жасымыққа, майлы дақылдардан зығыр мен рапс сынды өсімдіктерге басымдық берген. Жер-ана бұл шаруашылыққа гектарынан 28 центнерден өнім беріпті. Ұжым басшысы бұл көрсеткішке әлі де көңілі толмайтындығын айтады.

«Бүгін-ертең қалған 120 гектар алқаптағы астықты жинап боламыз. Жұмысқа толық қарқынмен қыркүйектің 10-11 күндері кірістік. 2 мың гектар рапс, мың гектар зығыр, 1 900 гектар жасымық және 1800 гектар алқапқа арпа ектік. Орта есппен гектарынан 28 центнер өнім алсақ, ең жоғарғы көрсеткіш гектарынан 52 центнер болды. Облыста бұл көрсеткішті 62-ге жеткізгендер де бар. Демек, біздің де осындай өнім алуға мүмкіндігіміз мол. Бізге ары қарай даму керек», - дейді «Шағала-Агро» ШЖС директоры Жомарт Омаров.

Есенбек Жұмабаев – «Шағала-Агро» серіктестігінің білікті комбайншыларының бірі. Тәжірибелі маман биыл көктем кеш келгенімен, ауа райы егіншілер үшін қолайлы болғандығын айтады. Танаптарда жүрген қуаттылығы жоғары техника да мол өнім алуға септеседі. Диқандар негізінен Джондир, Класс комбайндарын тізгіндеп жүр.

«Жаз бойы жұмыс істедім. Еңбегімізге қарай, егін шығымы жақсы. Қыста үйде отыруға тура келеді. Елбасы жолдауда атап өткендей ауыл шаруашылығы саласы дамыса екен. Мал өсіру кешендері ашылса, жыл бойы еңбек етуге болады. Жастар да қалаға сабылмайды», - дейді диқан.

Теріскей егіншілері жыл сайын 1,5 миллион тонадан артық бидай және 200 мың тонна майлы дақыл экспорттайды. Енді шаруашылық басшылары шикізат емес, дайын өнім саудалауға көшпек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер