BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 365.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Шелек фермерлері Алматы шаһарын сапалы көкөністермен қамтамасыз ете бастады

Фото: автордан

«Шелек фермерлері» Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі Алматыдағы METRO сауда орталығына табиғи таза көкөністер жеткізілімін бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» Қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, ірі сауда орталықтарын көкөністермен тұрақты қамтамасыз ету үшін, шағын фермерлік шаруашылықтар бірігіп «Шелек фермерлері» АӨК құрған.

«Біз үшін бұл әлеуметтік жоба. Яғни ұсақ фермерлік шаруалардың бәсекеге қабілетті болуына, жұмысын жоспарлай білуіне, ауыл шаруашылығы ісіне бизнес ретінде қарауға үйретеміз. Олар дәнді-дақылдарды өсіруді өздері де біледі, біз тек жаңа технологияларды қолдануды, шығындарды азайтатын тиімді технологияны енгізуді үйретеміз. Сонымен қатар, олармен біріге отырып маркетингті қалай құру керек, тіптен соңғы тұтынушыны серігімізге айналдыру жолын да қарастырамыз», -дейді ол.

Б. Елшібаеваның айтуынша, тәжірибе ретінде бастапқыда 4 фермермен жұмыс істелінген, қазір кооператив үлкейіп, құрамы 26 фермермен толыққан.

«Бүгінгі күні 50 гектардан аса жерде көкөністерді өсірудеміз. Сондай-ақ өнімдерді үлкен супермаркеттерге шығаруға қол жеткіздік. Бұған дейін еліміздегі «Арзан» сауда желісіне өнімдерімізді жеткізіп келсек, енді METRO сауда орталығын да қамтамасыз етеміз. Алдағы уақытта еліміздегі томат өнімдерін шығаратын «Цин-Каз компаниясына қызанақтарды жеткізбекпіз», -дейді ол.

Аталған кооператив, ірілі, ұсақты фермерлердің бәрінің басын қосып, тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, сатып алушы мен өндіруші арасындағы мәдениетті қалыптастыруда.

«Мақсатымыз сатып алатын орынды тауып, өндірушімен жолықтырып, бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істеуіне жағдай жасау. Бізде тараптардың бір-бірімен жұмыс істеу мәдениет әлі де дұрыс қалыптастпай жатыр. Мәселен, үлкен сауда орындарына барсаң кабинетінен шығып көрмеген жап-жас жігіттер фермерлерге «не айтып тұрсың» деп жақтырмай қарап, маңайына жолатқысы келмейді. Яғни тікелей фермерлермен жұмыс істеуге көбі құлықты емес. Күн астында жұмыс істеп, қарайып келген фермерлерді қабылдағысы келмейді. Оны делдалдар жақсы пайланып келді.

Одан кейін фермерлер де мұндайға дайын болмай шықты, бәрі даладан қазып әкеп, опыр-топыр сата салғанды жөн көреді. Олар сатып алушыны ертең көре ме, көрмей ме белгісіз, сондықтан олар көп жауапкершілікті ала бермейді. Ал біз екі жаққа да бір-біріне құрметпен қарауды үйретеміз. Егер тапсырыс беруші өнімдерді тазалап әкел десе, тазалап апару керектігін, қажет болса қағазбен орап, қорапқа салып апарған дұрыс екендігін айтамыз. Өйткені сен оны ертең де көресің және өнімің өтіп тұруы үшін бәрін үйрену керексің», -дейді Бақытгүл Елшібаева.

«METRO Кэш энд Керри» ЖШС-нің операциялық қызмет жөніндегі бөлім бастығы Артур Янушевсий өз кезегінде жергілікті өндірушілерді қолдайтындығын және олармен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

«METRO сауда орталығы 25 елде жұмыс істеуде және біздің басты ұстанымымыз жергілікті өндірушілер мен бизнесті қолдау. Олар дамып, көркейген сайын біз де дами түсеміз. Өнімдерін бізге әкеп отырған Шелек фермерлері де біз үшін кәсіпкер. Қазір біз Шелек фермерлерінің көкөнісін өзге қалалардағы сауда желілерімізге жеткізуді көздеп отырмыз. Әлемдік тәжирибе көрсеткендей қазір тұтынушылар экологиялық таза өнімдерді жақсы көреді және оған деген сұраныс жоғары. Қазір біздің сөрелердегі көкөністердің 80% жергілікті өнімдер. Қысқа қарай бұлар бітеді де сырттан келе бастайды. Біз жергілікті өнімдердің дүкенімізде біраз уақытқа дейін болуы үшін жұмыс істеудеміз, тым болмағанда қаңтар-ақпан айларына дейін жеткізсек деп отырмыз», – дейді А. Янушевсий.

Шелектік фермер Марат Мансуров, бұл жобаның пайдасы зор екендігін, тіптен өзін кәсіпкер сезіне бастағанын айтады.

«Бұл жоба бізге көп нәрсені үйретті, мәселен есептеуді, алдын ала жоспарлауды үйрендік. Қазіргі әкеп отырған өнімдерді өткен жылдың күзінде зерттеп, жоспарлап қойдық. Тұтынушылардың сұранысын, қандай сұрып қажеттігін бәрін алдын ала зерттедік. Жеткізу жолдарын бәрін жолға қойдық. Біз үшін қазір көптеген жол ашылды, бұрын мұндайды тек армандап келген едік. Қазір біз көкөністерді жөн-жосықсыз еге бермейміз, сұранысқа қарай жұмыс істейміз, яғни сатып алушының ыңғайына бейімделдік. Бұл өте тиімді, өнімің өте ме, өтпей ме деп уайымдамайсың, нақты не керек екенін алдынала біліп отырамыз. Одан кейін біздің өнімдер экологиялық жағынан таза. Біз ешқандай химия, дәрі-дәрмек қолданбаймыз. Мәселен, картоп, қызанақ және баклажанды қатар отығызбайды, ортасына өзге дақылдарды егу керек. Олар сонда бір-бірін түрлі зиянды нәрселерден қорғап тұрады. Кооперативімізде шетелдік тәжірибені жинаған агрономдарымыз бар, олар қандай сұрыпты таңдау керектігі жөнінде кеңес беріп отырады. Бұрын еккен өнімдерімізді базарға апарушы едік, оның машақаты көп, оның үстіне өте ме, өтпей ме деп уайым үстінде жүресің. Қазір жақсы мәдениет қалыптасты, шетінен бәрін апара бермейміз, күнделікті сұраныс бойынша ғана әзірлеп қоямын, көлік өзі келіп әкетеді», -дейді фермер.

«Шелек фермерлері» осы маусымда аталған сауда орталығына 212 тонна көкөніс жеткізбек. Оның ішінде 52 тонна қызанақ, 50 т бұрыш, 44 т қияр, 36 т баклажан, 30 т картоп және қарбыз бен құлпынай секілді ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізбек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер