BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Шардарада кешегі күрішшілер бүгін мақтаны қалай кәсіп етіп жатыр?

Оңтүстік Қазақстанда мақта теру науқаны аяқталды. Диқандар жаз бойғы ауыр еңбектің жемісін енді жей бастады. Мақтаның бағасы аз да болса өсіп келеді. Мемлекет мүмкіндігінше қолдап отыр. Әйтсе де диқандардың бұдан да мол, бұдан да сапалы мақта алуына кедергі келтіретін нәрселер де бар.

Ішінде мақтаның жайқалып өсіп тұрғанын өмірі көрмеген мен сияқтылар бар бір топ журналист және блогер егіс алқабында жүрміз. Мақта бұдан бірнеше күн бұрын теріп әкетілген, біздің аралап жүргеніміз соның орны. Әр жерде шашылып топыраққа былғанған мақтаны алып көзімізге жақындатып қараймыз. Анадай жерде ағарып сабағына ілінген жалғыз түйір мақта тұр екен, біразымыз соны қызықтауға кеттік. Оған баруға ерінгеніміз жердегі мақтаны қурайдың басына іліп телефонға суретке түсірудеміз.

Бізбен бірге осы алқапқа су жеткізетін Қызылқұм арнасының инженер-гидротехнигі Болат Сүйменов жүр. Бұл істен соншалық қараңғы екенімізді көрген ол қауызын алып мақтаның қалай өнетінін сипаттап жатыр.

Біз бір сағаттай әңгімелескен диқандар бұрын Шардара ауданы Қазақстан совхозында күріш өсірген. Кейін совхоз тарады, ауылдың аты Алатау батыр болып өзгерді, шаруалардың көбі бүгінде мақта егеді.

Жыл сайын егіс жұмыстары шамамен сәуірдің аяғына қарай басталады. Мақта егудің бір жақсы жері бар – ақшасы бірден қолға түседі. Бірақ жұмысы өте ауыр.

«Өзі аппақ болғанмен, жұмысы қап-қара мұның, – деп күледі диқандар. – Көктемде сепкеннен бастап қимылдайсың, содан күзге дейін бір тыным таппайсың. Дәрісін бересің, арамшөбін жұласың, суғарасың, қопсытасың, сабағының ұшын қырқасың, бірнеше мәрте тересің. Комбайн болса жақсы, кейде қолмен жинауға тура келеді».

Күріштің жұмысы бұдан гөрі оңай – техникамен себесің және техникамен бір рет орып аласың. Қол жұмысы аз. Бір адам алпыс гектар күріштің суын қарап жүре алады. Мақтада жұмыстың басым бөлігі қолмен істеледі.

Бірақ күріштің бір қиын жері, оны қабылдайтын фирмалар жоқ. Күріш егетін шаруа оны өткізетін жер таба алмай әуреге түседі.

«Кенже» шаруа қожалығы 40 гектар жерге мақта себеді. Биыл гектарынан үш тоннадан өнім алды. Бұл аса мол өнім болып саналмайды.

Бір гектарға мақта егуге қанша ақша жұмсалады? «Оны есептеп көргенбіз, 110-120 мың теңге шыққан. Бірақ одан кейін доллар көтеріліп, солярка, тыңайтқыш қымбаттаған соң шығын да өсті. Қазір 200 мың теңгеден асып кеткен шығар» дейді қожалық төрағасы Нұржан Жақаев. Жалпылай алғанда тапқан пайданың жартысы шығынға кетеді.

Доллар өскеніне қарай мақтаның бағасы да біраз көтерілді. Бұрындары келісін 90 теңгеден қабылдайтын, былтыр 160 теңге болды, биыл тағы он теңгеге өсті.

Өнімді шаруалар мақта зауыттарына қарасты қабылдау пункттеріне өткізеді. Қожалық науқан басталмас бұрын зауыттармен келісімшартқа отырады. Зауыт қарызға ақша береді, шаруа күзде мақтаны 12 пайыз төмен бағамен өткізеді.

Зауыттар мақтаның талшығын бөлек, шитін бөлек алады. Бұл ауданда ондай үш зауыт бар. Барлығында баға бірдей: бірінші сұрып 170 теңге, үшінші сұрып - 140 теңге. Сұрып мәселесі қарапайым. Ол мақтаның түсіне және шитінің (дәні) толықтығына байланысты. Алғашқы терімде мақтаның өзі аппақ, шиті толық болады. Ол бірінші сұрып. Уақыт өте жауын-шашын басталып су тиген соң мақта сарғаяды. Қазанның соңына қарай жиналып болған соңғы терім – үшінші сұрып. Бұл кезде мақтаның шиті де жетілмей қалады. Мақтаның дәнінен май алынатындықтан бұл да бағаға әсер етеді.

"Ауа райы жайсыз, жерасты сулары көп болып өнім аз шығатын кездер де кездеседі. Мақта дымқылды көп қаламайтын дақыл, су салқындық қылатындықтан тамыры зақымдалып мақта ауырады. Күзде дер кезінде тере алмай, жауынға қалса, мақтаның сұрпы төмендейді. Жаңбыр мақтаны түсіріп те тастайды".

Дихандардың 60-70 пайызы өнімді комбайнмен жинайды. Бірақ комбайн жетіспейді және қымбат тұрады. Қазір қолданыстағы кеңес заманынан келе жатқан ескі комбайндар. Солардың өзінің бағасы – үш жарым миллион теңгеден бес миллион теңгеге дейін.

Үкіметтен бөлінетін жеңілдіктер бар. Субсидия бір жылда екі рет беріледі – егіс кезінде әр гектарға 15 000 теңге, одан кейін өнімнің тоннасына 6000 теңгеден.

Егістік түгелдей Шардара су қоймасынан тартылған Қызылқұм арнасынан суғарылады. Көктемде диқан қандай дақыл егетінін айтады, соған қарай келісімшарт жасалып, суға лимит беріледі. Ақысын антимонополия комитеті бекіткен тариф бойынша төлейді. Қазір мың текше метр судың бағасы 278 теңге. Мақташы жылына әр гектарға 4500-5000 теңге шамасында төлейді.

Қызылқұм магистралды арнасы

Мана айтқанымыздай, бұл бұрынғы күріш совхозының жері болғандықтан су жеткізетін арналар да күрішке лайықталған. Тиісінше артық суды ағызатын қашыртқыштар көп. Ол қашыртқыштар бетондалмаған (земляной) және бүгінде балдырланып, қамыс өсіп бітелген.

«Тез ақпай жатып алған су жерастын ылғалдандырып, мақтаға зиянын тигізеді. Өнім аз болатын негізгі себеп осы. Су кетпей қойса күн жылыған соң мақта өліп қалады. Еңбегің, берген дәрің – бәрі күйіп кетеді» дейді шаруалар.

Үкімет бұл мәселені шешуді қолға алып отыр. «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» деп аталатын жобаның екінші кезеңінде қашыртқыштар тазаланып, жанама арналар бетондалады. Сөйтіп артық су жерге сіңбей, Сырдарияға барып құятын болады. Жұмыстар алдағы көктемде басталмақ.

Суреттерді түсірген Жақсылық Қырықбаев, Яков Федоров

  • Мақта – ең арзан және өнеркәсіпте аса маңызды табиғи талшық. Ол мақта тұқымын сыртынан жауып өседі.
  • Ылғалды көп тартады. Басқа материалдардан ерекшелігі, суланған кезде мақтаның мықтылығы бұрынғыдан күшейеді (15%-ға)
  • Мықтылығы жөнінен жібекпен шамалас, жүннен мықты, зығырдан әлсіз
  • Басқа табиғи маталар сияқты күн сәулесінен тез тозады; 940 сағат күн астында тұрса мықтылығы екі есе әлсірейді
  • Жібекпен салыстырғанда ыстыққа шыдамсыздау болады
  • Тез үтіктеледі; осы себепті синтетикалық талшықтардан жасалған матаның сапасын жақсарту үшін оған мақта қосады

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер