USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

С.Дәрібайұлы: Арыс өңірі ауылшаруашылық өнімдерін Германияға экспорттай бастады Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Өткен сенбі-жексенбі күндері «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасы аясында Астанада ОҚО күндері өткен болатын. Осы шараға орай облыстың ауылшаруашылығы жәрмеңкесі астаналықтарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз еткен еді. ОҚО-ның барлық аудандары мен қалаларынан келген жәрмеңкеге Арыс ауданы да өз үлесін қосты. Жәрмеңке барысында аудан әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрібайұлынан бүгінгі Арыс ауданының жай-күйімен танысу мақсатында бір-екі ауыз тілдесудің сәті түскен болатын. Сырдария мен Арыс өзенін телі емген тоғыз жолдың торабындағы шағын ауданның бүгінгі дамуы көңіл қуантарлық. Аудан әкімінің орынбасары да бұл сөзімізді растап отыр, дейді BAQ.kz тілшісі.

Арыс ежелден елімізге таныс аудан. Аудан орталығы Арыс қаласының да тарихы тереңде жатыр. Біздің әңгімеміз Астанадағы жәрмеңке басында жүргізілгендіктен әуелгі сөз Арыстан Арқаға жеткен жәрмеңке жәйі болды.

«Бүгін міне, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік өңірінің барлық аудандары мен қалалары Елордада жәрмеңке өткізіп жатыр. Біз өзіміз Арыс ауданы атынан бір Камаз қауын, бір Камаз қарбыз, 5 тонна жылқы еті және картоп пен пияз әкелдік. Қазір сауда қызып жатыр. Халықтың сұранысы жақсы» -дейді Сапарбай Дәрібайұлы.

Облыстың экономикалық дамуында өзіндік орны бар ауданның әлеуметтік жағдайына оның орналасуы да ерекше ықпал етіп отыр.

«Арыс тоғыз жолдың торабында орналасқан, облыс экономикасында өзіндік орны бар аудандардың бірі. Себебі, өздеріңіз білесіздер, бір кезде біз темір жол тасымалында айрықша мәнге ие қалалардың бірі болдық. Әлі де ол статусымыздан ажырай қойған жоқпыз. Ташкент-Мәскеу бағытындағы халықаралық, және еліміздегі бірқатар ішкі пойыздары да біздің аудан орталығынан өтеді. Бұл да біздің әлеуметтік, экономикалық жағдайымызға оң әсерін тигізіп отыр. Себебі қозғалыс бар жерде сауда бар, сауда болған жерде халықтың әлеуметтік күнкөрісіне жақсы ықпал ете алады» - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Теміржолдың да, күре жолдың да бойында орналасқан аудан болғанымен Арыс көбінде ауылшаруашылығымен айналысады. Оның үстіне Сыр мен Арыс өзенін телі емген барлық дәнді дақылдар мен жеміс-жидектің түрі өсетін құнарлы өлке.

«Сондықтан да болар облыс көлемінде шаруашылық саласынан алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Халықтың тұрмыс-жағдайына келер болсам, Аллаға тәубә деуіміз керек. Тәуелсіздіктің 25 жылында өз нанымызды өзіміз тауып жейтін деңгейге жеттік. Оның басты себебі жеріміздің құнарлылығы мен халқымыздың еңбеккерлігінің арқасы. Оның сыртында Арыс пен Сырды тел емген елміз. Бұл екі өзеннің де ауданның дамуына қосар өз үлестері бар" - дейді Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрібайұлы.

Арыстың айналасына сауда жасау ауқымы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұрын ел аумағында ғана жиған-терген жеміс-жидегін сататын болса, биыл Ресей мен Германияға өз өнімдерін сата бастаған.

«Бұл да бізге Тәуелсіздік сыйлаған жетістіктердің бірі. Өткенде ғана Алматыда жәрмеңке өткізіп келдік. Ал биылғы өніміміздің алды Ресейге, Германияға кетті. 5,5 мың гектар жерге бақша дақылдарын еккен едік. Жақында сол егіс басында өз көліктерімен келіп, барлық өнімді сатып алып кетті. Бұл халық үшін өте тиімді болды. Бұрынғы жылдары жинап алған өнімін өткізе алмай, кейде шірітіп алып жататын еді. Биыл жинағанын жинағандай егіс басынан сатып жіберді» - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Бір ауданның барлық жағдайын бір сұқбатқа сидыра қою қиын. Дегенмен, әңгіме барысында өңірдегі барлық саланы қамтуға тырыстық. Аудан әкімінің орынбасары өңірдегі инфрақұрылымның да жүйеленіп кележатқандығын айтады.

«Бізде газ жоқ. Бірақ ауызсумен қамтамасыз ету, таза су жүйесі 95 пайыздай қамтылған. Ауданда 6 ауылдық округ бар. Барлығы дерлік ауызсумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Арыс қаласында құрылыс саласы да қарқынды дамыды деуге болады. Себебі бұған дейін қала ескі, көне қала болатын. Соңғы келген басшыларымыз да халықтың қамын ойлайтын азаматтар болып, қаладағы бірқатар нысандар жаңаланды. Мысалы қала көшелерінің 90 пайыздайы жаңадан асфальт төселді. Сонымен қатар, Арыс қаласында жастарымызға ең керекті нысандардың бірі, ауқымды спорт кешені салынды. Және жеке азаматтардың демеушілік жасауымен төрт шағын спорт кешені салынды. Бұл Елбасының «Салауатты Қазақстан» бағдарламасына, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тапсырмасының негізінде жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге, қалалық кинотетрымыз қайта жөндеуден өтті» - дейді Сапарбай Дәрібайұлы.

Арыстағы ауыз толтырып айтар тағы бір ерекше қуанышты жағдай 30 жылдан бері алғаш рет қала орталығында жаңадан тұрғынүй құрылысы жүргізілген.

«30 жылдан бері Арыста тұрғынүй құрылысы жүргізілмеген екен. Биыл 150 баспаналы тұрғынүй салынып, ол негізінен тұрмысы төмен отбасыларға берілді. Сонымен қатар Арыстағы жетімдер үйінен ержетіп, өмірден өз орнын тапқан жастарға соңғы 10 жылда баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмеген екен. Жаңағы 150 пәтерлі үйдің 25 пайызын сол жетім балалар үйінен шыққан жастарға бердік. Бұл олар үшін үлкен көмек болды деп айта аламын» - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Арыс ауданы бойынша білім саласы да бірізге түсті. Бұл өңірде апатты жағдайдағы мектептер жоқ.

«Бізде екі ауысыммен оқитын мектептер бар. Бірақ үш ауысыммен оқитын білім ошақтары жоқ. Әзірге апатты жағдайдағы білім ордалары да біздің өңірде жоқ деп сеніммен айта аламын. Аудан көлемінде ескірген, апаттық жағдайға таяу деп танылған 4 мектеп бар еді. Оның өзін күрделі жөндеуден өткізіп болдық. Алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында екі жаңа мектепті пайдаға беруге дайындалып отырмыз. Осымен аудандағы барлық елдімекендер 100 пайыз мектеппен қамтамасыз етілді. Соның барлығы дерлік бір ауысыммен оқиды. 30-35 пайыздайы ғана екі ауысыммен білім алып жатыр. Оқушылар бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі оқушылар оқитын мектептер бір кезде біз оқыған университеттердің жағдайынан жақсы. Мысалы бұрын мектепті салған соң оның ішіне керек барлық құрал-жабдық, орындық-партаны басқа жақтан іздейтін едік. Қазіргі кезде бәрі сол мектеп құрылысының ішіне кіреді. Оқушылар мен ұстаздар сумкасымен ғана келіп, дайын мектепке кіре салады» - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады