USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

ОҚО-да мақтаның шетелдік сұрпы мол өнім берді

Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл алғаш рет Түркия мен Қытайдан мақтаның жаңа сұрпын әкеліп еккен. Тәжірибе ретінде себілген тұқым бітік шықты. Мырзашөлдік шаруалар қуаңшылыққа қарамастан тіпті кейбір алқаптардан 50 центнерге дейін өнім алып жатыр. Қазір отандық ғалымдар жергілікті жердегі мақта сұрпын жетілдіруді қолға алды.

Мырзашөлдің аптапты ыстығы мен құрғақшылыққа қарамастан шетелден әкелініп себілген шиттер бітік шыққан.Бұның жергілікті тұқымға қарағанда бойы аласа болғанымен көсегі көп,өнімділігі жоғары. Диқандар соңғы 10 жылда мұндай мақта алмағандарын айтып отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Тұрсынбай Бердалиев шетелдік сұрыптың жер талғамайтынын айтады.

Өйткені қатарынан 6 жыл егін егілген жерге себілген шит толық шығыпты. Өнімділігі де жаман емес, - дейді шаруа. Бастысы, жаздың аптапты ыстығында су болмай қалған кезде де мақта жапырақ ашып, шанақ тастамаған.

Тұрсынбай Бердалиев, шаруа қожалығының құрылтайшысы:

- Су тапшылығына қарамай жақсы өнім беріп жатыр. Күнбағыстан кейін жердің құнарлылығы жоғалады. Ол рас. Бірақ мына Түркияның мақтасы сол жерден өзіне бар тиімді деген заттардың бәрін алады екен. Міне, өнімділігі жоғары. Менің өз ойым осы Мақтаралда өндіріліп жатқан шиттерге осы қасиеттерді ендіруіміз керек. Сонда біздің мақтамызға жететін мақта болмайды.

Тәжірибелі шаруа тұқымы бөлек мақтаға агротехникалық талаптарды толық жүргізген. Соның арқасында егін алқабындағы кейбір жерлерден 50 центнерге дейін өнім алып жатыр екен. Оған қоса, мұнда барлық жұмыс техниканың күшімен атқарылады. Бұл өнімді жылдам әрі ысырапсыз жинап алуына мүмкіндік береді дейді шаруа.

Ал түркістандық диқандар биыл мақтаның жергілікті ғалымдар ойлап тапқан жаңа сұрпын егіпті. Шаруа қожалық келісім аясында 300 гектар жерге отандық шит сепкен. «Түркістан» деген атау алған мақта сорты орта есеппен 35 центнерден өнім берген. Артықшылығы 10-15 күн ерте піседі және талшығы 4-сұрыпты.

Хабибулла Азимов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Бұл сұрыптың сипаттамасы бойынша өнімділігі гектарына 40-45 центнер. Тез ашылуы бұл бізге жауын-шашынға қалмай, мақтаны теріп алуға мүмкіндік береді. Одан кейін бұл мақтаның талшығы 4 сұрыпқа жатады. Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген түрін енді өндіріп жатырмыз. Қазақстандағы тоқыма кәсіпорындарында бұл түрге сұраныс көп.

Облыс көлемінде биыл жалпы 109 мың гектер жерге мақта егілген. Соның 1600 гектарына Түркия мен Қытайдан әкелінген дән себіліпті. Мамандар жаздағы су тапшылығына қарамастан өнімділік жаман емес деп отыр.

Серік Тұрбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біз түсімділік 27 центнерден болады деп есептегенбіз. Бірақ өздеріңіз білесіздер, жазда мынау Сырдариядан Достық каналына су келуі аз болды. 30 мың гектар алқабымыз уақытылы су ішпей қалды. Соның себебінен биыл 25-26 центнерден мақта тереміз деп жұмыс жасап жатырмыз.өнімділік үшеуінде де жаман емес.Облыстық ауыл шаруашылығындағылар әзірге мақтаның шетелдік сұрпы мен жергілікті тұқымды салыстырып айту ертерек деп отыр. Дегенмен биылғы ауа райы шаруалардың ала жаздайғы еңбегін дер кезінде жинап алуына қарасып тұр.

Хабар24.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады