USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Мәжіліс депутаты вице-министрді «ертегі» айтпауға шақырды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Божко Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевты «ертегі» айтпауға шақырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілісте ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасының тұжырымдамасы таныстырылған болатын. Осы жиында баяндама жасағандардың бірі Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев оң көрсеткіштерге тоқталған еді.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласындағы техникалар өндірісі 1,7 есеге өсіп, табыс 21,2 млрд теңгеге жеткен. 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы өндіріс көлемі 1,5 есеге өскен. Бес жылда инвестиция 4 есеге артып, 7,8 млрд теңге болған.

«Комбайн, трактор және одан өзге әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жаңа өндіріс пайда болған. Кәсіпорын бүгін таңда 1545 бірлік комбайн, 3 мың 600 трактор, 500 жатка шығаратын күшке ие», – дейді Тимур Тоқтабаев.

Бірақ бұл деректер Мәжіліс төрағасы орынбасарының күлкісін келтірді. Владимир Божко Қостанай облысындағы Беларусь комбайндарын жинайтын кәсіпорын дайын машиналарды алып жатқанын айтты. Сондықтан барлығын өзіміз құрастырып, шығарып жатырмыз деген «ертегіні» айтпауға шақырды.

«Мен сіздің жағымды статистикаңыздың кейбіріне тоқталайын. Әсіресе, мыңдаған тракторға қатысты. Асқар Мырзахметов проблеманы айтпай, жасырып қалды. Қостанайдағы Беларусь комбайндарын жасайтын кәсіпорын бірде-бір темірді өзінде өндірмейді. Сіздер кімге ертегі айтпақшысыздар? Олар Казагролизинг беретін қосымша қаражат арқылы дайын комбайндарды алып отыр», – деді В.Божко.

Айта кетейік, 9 қыркүйектегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы үкіметке жылдың соңына дейін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов осы тұжырымдама туралы Мәжілісте баяндама жасады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады