BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қызылжар диқандары шығынға батуы мүмкін

Мол астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Солтүстік Қазақстан диқандары шаш етектен шығынға батуы мүмкін. Оған себеп – бидай бағасының төмендігі. Өткен жылы аталған өнімнің тоннасы орта есеппен 45-47 мың теңгеден саудаланса, биыл бидай бағасы тоннасына 32-33 мың теңгеден аспай тұр, деп хабарлайды, Baq.kz тілшісі.

Қызылжар диқандары екі жыл қатарынан мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алайда, шаруалар маңдай термен өсірген астықты келісті бағаға сата алмай отыр. Бидайды тиейтін вагондар тапшылығы да жығылғанға жұдырық болып тиді.

«Бидай нарығы қазір тоқтап тұр. Алып-сатарлардан да сұраныс түпей қойды. Астықты алса да, тиейтін вагон жоқ. Айналып келгенде біз зардап шегеміз. Жанар-жағармай бағасы шарықтап барады. Қысқы дизель отынының бағасы литріне 200 теңгеден асты. 3-ші класты бидайдың бір тоннасы - 35 мың, 4-іншісі 30-32 мың теңге аралығында. Табысымыздан шығынымыз көп. Мемлекет осыған назар аударса екен дейміз. Жуырда ғана мен 1000 тонна бидайды Көкшетаудағы диірменге өткіздім. Тоннасына 34 мың теңгеден. Бұл тым төмен баға», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы «Бұлақ астық» ЖШС директоры Сайлау Сұлтанғалиев.

Былтыр бидайдың тоннасын 47 мың теңгеге бағаланған болатын. Солтүстік Қазақстан үшін астықты саудалау нарығы саналып келген Ресей Федерациясының өзі биыл рекордтық егін жинап, Қазақстан өнімнен бас тартқан.

«Жинап алған бидайға дұрыс баға болмай тұр. Майлы дақыл жақсы өтіп жатыр. Тоннасы 120 мың теңгеден. Бірақ оны бәрі сеппейді ғой. Сондықтан көптеген шаруашылықтар жұмсаған шығынның өзі жабылмай тұр. Екінші мәселе биыл бидай таситын вагондар тапшы. Ресей егінді жақсы жинады. Сондықтан шетелдік теміржол компаниясы бізге оларды бермей отыр», - дейді «Қазақстанның фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің СҚОФ төрағасы Нияз Ыбыраев.

Серіктестік басшылары жұмысшылардың жалақысы, несие мен салық төлеу қиынға соғып тұрғандығын айтады. Әсіресе шағын және орта шаруа қожалықтары тығырықтан шығар жол таба алмай дал.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер