BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Қазақстан Италияға 200 тонна бидай экспорттайды – АШМ

Фото: Naryk.kz

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов биыл жиналған астықтың сапасы өте жоғары екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Брифингте журналистер Қайрат Айтуғановқа «Диқаншылар өткен жылмен салыстырғанда биыл жиналған астықтың сапасы төмен екенін айтуда. Қазақстандық астықты экспортқа шығаруда проблемалар бар ма? Жалпы биыл қанша астық шетелге экпортталады. Диқаншылар астықтарын өткізуде қиындықтар туындап жатқан жоқ па? Биыл жиналған астықтың сапасы қандай?», - деп сұрақ қойды.

«Астықтың сапасы өте жоғары. Диқаншылардың «өткен жылмен салыстырғанда астықтың сапасы төмен» дегенін мен бірінші рет естіп тұрмын. Бізде бидайдың сапасы жеке кластар бойынша бөлінеді. 2016 жылы сапасы жоғары үшінші кластағы бидайдың үлесі 44% болды. Ал қазіргі таңда ондай өнімнің үлесі – 60-65%. Онда клейковиннің үлесі – 25% және одан жоғары. Демек, қазіргі таңда қазақстандық бидайдың сапасы өте жоғары. Нақтырақ айтсам, өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан бидайының сапасы 1,5-1,7 есеге жоғары», - деді бірінші вице-министр.

Осы орайда Қайрат Айтуғанов биыл қанша тонна бидай шетелге экспортталатынын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта 200 тонна бидай Италияға сатылады.

«Біз 8 млн тонна бидайды шетелге шығаруды жоспарлап отырмыз. Сырттан сұраныс бар. Біз бидайды Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға шығардық. Енді алдағы уақытта Италияға сапасы жоғары 200 тонна бидайды экспорттамақпыз. Еуропадан да сұраныс бар», - деп толықтырды жауабын басшы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер