USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«ҚазАгро» ҰХ ауылдағы шағын бизнес пен кооперативтерді қаржыландыруды күшейтеді

2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар шеңберінде «ҚазАгро» холдингіне Республикалық бюджеттен 51,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева айтты, дейді BAQ.kz тілшісі.

Қаражат ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі «Индустрияландыру қорытындылары туралы» кеңесте Мемлекет басшысының айтқан бағыттарын қаржыландыруға жұмсалады. Әңгіме өнімді жұмыспен қамтуды жоғарылатуға және тұрғындардың табыстарын арттыруға көмек беруге бағытталған жобаларды қолдау туралы, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайтумен байланысты жобалар туралы болды.

«ҚазАгро» ұлттық холдингінің өкілі атап өткендей, қазірдің өзінде сүт қабылдау пункттерінің желісін құруға және отбасылық сүт фермаларын қолдауға; отбасылық бордақылау алаңдарын құруға және оның базасында ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыруға; ауылшаруашылық кооперативтерін құруға және жеміс-көкөніс өсіру бойынша жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) құруға арналған жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

«ҚазАгро» холдингі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шеңберінде шағын несиелеуге алынған қаражат есебінен, және Холдингтің меншікті қаражаты есебінен жобаларды қаржыландыру бойынша жұмысты бастап кетті. Қазір, республикалық бюджеттің қаражатын пайдаланып, Холдинг қаржыландыруға 10,5 млрд.теңге қаражатты қосымша бағыттауды жоспарлайды" - дейді Айгүл Мұхамадиева.

Оның айтуынша, жобаларды қаржыландыру жылдық 6%-дан аспайтын жеңілдікті мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылады және 9 000-нан астам жұмыс орны құрылады. Бұдан басқа, ет, сүт, жеміс пен көкөністің өндірісі бойынша 192 мың жеке қосалқы шаруашылықты бейресми айналымнан шығаруға мүмкіндік береді, сүт зауыттары мен ет комбинатының өндірістік қуаттарын арттырады, салық төлемінің түсімін ұлғайтады.

Ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыруға көмек беру шеңберінде «ҚазАгро» холдингімен халықаралық талаптарға сай сиыр еті, шошқа еті, құс еті, сондай-ақ өсімдік майы, жеміс-көкөніс өнімдері мен оның өңделген өнімдерінің өндірісіне бағытталған экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды қаржыландыру жоспарланады.

Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша қарастыруда 43 жоба бар. «ҚазАгро» холдингі өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда.

Брифингте атап өтілгендей, Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам бес институционалдық реформасын жүзеге асыру аясында «ҚазАгро» холдингі екі қадамды іске асыруға ат салысады: 60 Қадам – сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту және 61 Қадам – етті қайтадан өңдеу мен оның өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту.

"Оларды іске асыру барысында Холдинг жемшөп өндірісін дамытуды, сүт жинау орталығы мен сүтті қайта өңдеу кешендері бар сүт-тауарлы фермаларды құратын сүт кластерін қаржыландыруды жүзеге асыратын болады. Бұдан басқа, қаражат ІҚМ аналық басын және қой сатып алуға, ІҚМ үшін бордақылау алаңының құрылысын қаржыландыруға, қолданыстағы еттті қайта өңдеу кешендерін жаңарту және жаңасын құруға, сондай-ақ жемшөп өндірісін дамытуға бағытталатын болады" - деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Ет пен сүтті қайта өңдейтін және өндіретін жобаларды қаржыландыру көзі, Үкіметтің шешіміне сәйкес Холдингке Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан бөлінетін қаржы есебінен болып табылады.

Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан қаржы бөлу механизмі: Холдингтің облигацияларын жылдық 14% мөлшерлеме бойынша 10 жылға, жылдық 15 % мөлшерлеме бойынша 15 жылға шығару және орналастыру арқылы жүзеге асырылады.

Осы ретте, «ҚазАгро» холдингінің өкілі атап өткендей, соңғы қарыз алушылар үшін (АШТӨ) аталған қаржылардың құны жылдық 19 % мөлшерлемеден төмен болмайды, бұл қаражаттың орналастырылмауына және қайтарылмауына әкеп соқтырады.

Сондықтан, несие ресурстарының құнын төмендету мақсатында, Холдинг тарапынан бюджеттен тыс қаржы көзінен тартылатын қымбат қаржыларды Республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінетін қаржылармен реттеудің механизмі пысықталып және бекітілді. Осылайша, соңғы қарыз алушы үшін белгіленген мөлшерлеме жылдық 11,5 %-дан аспайтын болады.

Холдинг компаниялар тобындағы тағы бір маңызды бағыт – ауылдық кооперативтерді дамытуды қолдау.

2006 жылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясымен» ауылдық тұтыну кооперативтері мен ауыл тұрғындары үшін бірлескен өндірісті дамыту, дайындау мен тұтыну, сақтау, ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау, тауарлы-материалдық құндылықтарды жабдықтау бағдарламасын жүзеге асырумен айналысады. Бұл бағдарлама бойынша жалпы сомасы 12,3 миллиард теңгеге 147 кооператив қаржыландырылды.

2015 жылы «ҚазАгро» холдингімен астық өндіру саласындағы ұсақ және шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіру үшін және оларды екінші деңгейлі банктер арқылы қыржыландыру бағытында жаңа тәсілдер ұсынылды. Бұл ретте «Азық түлік келісім-шарт копорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ, кооперативтерден кепілдендірілген астық сатып алу механизі арқылы шаруалардың қаржыны қайтаруына кепіл бола алады.

Биылғы жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы осындай 10 бірлестік қаржыландырылды. Ол жердегі 212 қатысушының егіс алқабы 726 мың гектардан аса жерді құрады. Қаржыландыру сомасы – 8,3 миллиард теңге. Кооперациялардан алынған бұндай оң тәжірбиені Холдинг болашақта ауыл шаруашылығының басқа да салаларында жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және Агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімдердің өндіріс көлемін жеке қосалқы шаруашылықтардың мүмкіндігін пайдалану есебінен арттыру мақсатында, Холдингтің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламаларының қаржысын пайдалана отырып, шағын несие берудегі жаңа өнімдерді жүзеге асыруға іске кірісті.

Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауылдық жерлердегі 90 %-дан астам шағын несие беру нарығын қаржыландырып отыр.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады