USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Ауыл шаруашылығы халық үшін негізгі кіріс көзіне айналады – А.Мырзаxметов

Фото: Шыңғыс Қаппаров

Алдағы жылдары Қазақстан халқы үшін ауыл шаруашылығы саласы негізгі кіріс көзіне айналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның 2020 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жиынын 30%-ға, яғни 1трлн теңгеге немесе 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, еңбек өнімділігін 50%-ға, 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге арттыру көзделіп отыр. Экспортты 17%-ға, 2,1 млрд АҚШ долларынан 2,5 млрд АҚШ долларына дейін арттырып, импорт көлемін 17%-ға, 3,4 млрд АҚШ долларынан 2,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендетеміз. Суармалы жерлердің үлесін 40%-ға, яғни, 1,4 млн га-дан 2 млн га дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде кіріс 30 есеге дейін көбейеді», - дейді Асқар Мырзаxметов.

Оның айтуынша, негізгі басымдық фермерлерге беріледі. Ауыл шаруашылығы фермерлерін қолдауға мемлекет барынша көңіл бөліп отыр.

«Мемлекеттік қолдау 7 есеге артады. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 67 мыңнан 500 мыңға көбейеді. Кооперативтер арқылы 500 мыңға жуық жалпы қосалқы шаруашылық жүйесін тарту, кәсіпорындардағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өңделуін 1,3 есеге көбейту – біздің мақсатымыз. Салалардағы жеке инвестиция көлемін 3 есеге, 134 млрд теңгеден 427 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Аталған бағдарлама кооперация арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында нақты өзіндік орын алады»,- дейді ведомство басшысы.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады