BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Астық тасымалдайтын вагон паркі жеткілікті – ҚТЖ

Фото: интернеттен

«Қазақстан темір жолы» компаниясында әлеуметтік-маңызды жүктерді дер кезінде жеткізуге қажетті парктер жеткілікті. Бұл туралы «ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Руслан Иманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Елімізде негізгі астық өндірушілер – СҚО, Қостанай, Ақмола облыстары.

«ҚТЖ» астықты толық көлемде тасымалдауға, клиенттердің тапсырыстарын орындауды қамтамасыз етуге дайын. Ол үшін қажетті вагондар паркі жеткілікті болып отыр. Компания өңірлерде тасымалдау процесіне қатысушылардың барлығымен тиісті жұмыстар атқарды. Жүк жөнелтеушілер, трейдерлер және теміржолшылармен бірге күн сайын, апта сайын арнайы кездесулер өтіп тұрады», - деп атап өтті Иманқұлов.

Ол биыл компанияда астықты тасымалдауды ұйымдастыру жөнінде арнайы штаб құрылғанын айта кетті. Штаб тәулік бойы қызмет атқарып, кейбір өңірлерде мәселелер туындаса дер кезінде шешуге атсалысады. Сондай-ақ, осы штабқа ұқсас темір жол бөлімшелерінде жедел астық арту топтары жұмыс істейді.

«Республика өңірлерінің барлығында астық иелерімен, трейдерлермен кездесулер ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда астықты контейнерлермен жөнелту жөніндегі жаңа бағыттар белсенді игерілуде. Ауғанстанға Түрікменстан аумағы арқылы жылжымалы құрамның қайтарылуы мен айналымын 2-2,5 есе арттыратын астық жеткізудің балама жолы әзірленді. Қазақстандық астықты алыс және жақын шетелге жеткізуге жеңілдік тарифтік жағдай қарастырылған. Мысалы Ауғанстан мен Иранға жеткізілетін астық пен ұн тасымалына осындай тарифтік жағдай қолданылатын болады. Еліміз ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің өнімдерін тасымалдау үшін өзбекстандық әріптестермен оңтайлы трафик жағдай құру туралы келісілді. Бұл трафик күшіне енді», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі.

Еске сала кетсек, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Руслан Иманқұлов жыл басынан бері 8 млн тонна астық артылғанын айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер