BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

АШҚҚ-ның шарттары біз үшін тиімді болып отыр - кәсіпкер

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын шағын несиелеуді бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысында сүт бағытындағы шаруашылықтар белсенді дамып келе жатыр. «Атамұра - Павлодар» ЖШС өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несие алып, тауарлы сүт фермасына ірі қара сатып алған болатын. Қазіргі таңда ферманың жұмысы жолға қойылып, өнім өңдеуші зауыттарға жеткізіледі.

Осыған дейін «Атамұра - Павлодар» ЖШС ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатын. Енді қосымша сүт бағытын да дамытуда. «Ырыс» бағдарламасымен алған несиелік қаржыға ірі қараның 100 басын, қажетті техника мен құралдарды сатып алған.

"Асыл тұқымды мал басынан төл алдық, сүтті өңдеу зауыттарына тапсырамыз. Ендігі мәселе - қайта өңдеу желіні өзімізде орнату. Сүт және басқа да тауарлы өнімдерді шығару үшін желіні сатып алу үшін қаржыны осы қордан алсақ деймін. Себебі, қордың шарттары тиімді, бізге өте ыңғайлы" - дейді «Атамұра - Павлодар» ЖШС басшысы Асқар Бимағамбетов.

Осы жылы Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында алғаш рет несие берілді. Несиенің сомасы – 4 миллион теңгеге дейін, жылдық үстеме мөлшері - 6 пайыз, мерзімі – 7 жылға дейін. Мұндай шарттар өз бизнесін енді ашамын және бизнесті кеңейтемін деген ауыл тұрғындарына тиімді. Кеше өз өзін жұмыспен қамтыған азаматтар фермерлік шаруашылық ашып, өз ісін домалатуда.

Қуанышбек Түсіпов – «Жұлдыз» фермерлік шаруашылығының басшысы. Бүгін бұл шаруашылықта 60-тан астам мал басы бар. Осы жылы табынды өсіремін деп, несие алмақшы. «Бизнес Бастау» курстарынан өтіп, құжаттарды жинап, Қордың қаржыландыру туралы шешімін алды. Кеше ғана Несие алу туралы келісім-шартқа қойған кәсіпкердің шотына несиелік қаржы аударылып та қойды.

"Екі айға жетер-жетпес уақытта несие алдым. 4 млн теңгеге 16 мал басын сатып аламын. Шарттары өте тиімді: мерзімі ұзақ, ал пайызы төмен. Бір жыл – жеңілдетілген мерзім. Бұл уақыттың ішінде бұқаларды өсіріп, оны сатып, пайда алуға болады. Кепілдікке өз үйімді қойдым. Жақын болашақта тағы бір несие алып, етті бағыттағы шетелдік мал басын сатып аламын деген жоспар бар" - дейді «Жұлдыз» фермерлік шаруашылығының басшысы Қуанышбек Түсіпов.

Мемлекет басшысының «5 әлеуметтік бастамасына» сәйкес, осы жылы шағын несиелеудің көлемі 20 миллиард теңгеге ұлғайды. Осымен, кәсіпкерлерге биыл 62 миллиард теңге бөлінетін болды.

"Несиелік қаржының арқасында кеше жұмыссыз жүрген, немесе өз өзін жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары өз шаруашылығын ашуға, кеңейтуге мүмкіндік алып, мал басын өсіруде. Өткен жылы Қордың Павлодар облыстық филиалы 2 млрд. теңгеге 480 несие берді. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында және Жұмыспен қамту жол картасы бойынша қайтарылған қаржыға 543 млн теңгеге 157 шағын несие берілді. Биыл, шағын несиелеу көлемінінің өсуін ескерсек, облыс тұрғындарына 1,6 млрд теңге беріледі, оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында – 700 млн теңге" - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Павлодар облысы филиалының директоры Сайра Ықыласова.

Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім бастығы Нұралы Қабиевтің айтуынша, облыс бойынша аталған Бағдарлама арқылы 1,8 млрд теңге шағын несиелеуге бағытталатын болады.

Жалпы, республика көлемінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы барлық қаржы көздерінен 43,4 миллиард теңгеге несиелеу жоспарланған. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша (бұрын берілген несиелер бойынша қайтарылған қаржыны қосқанда) 26,7 млрд теңге беріледі деп жоспарланған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер