USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Ресми тұлғаның бейресми сұхбаты

Осыдан бірнеше күн бұрын танымал фотограф, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Максим Рожин Премьер-Министрдің орынбасары – Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің атына арнайы сауал жолдаған болатын. Онда журналист көптің көкейінде жүрген бірнеше сауалдың жауабын білуге тырысыпты. Енді, міне, Асқар Исабекұлы Максимге ресми түрде жауап берді. Әлеуметтік желідегі ресми тұлғаның бейресми сұхбатын сайтымызда бөлісуді жөн көрдік.

«Құрметті Асқар Исабекұлы!

Сізді ауқымды сала – Ауыл шаруашылығы министрлігіне басшылыққа келуіңізбен көптеген оң өзгерістердің куәсі болып жүрміз. Олардың бір парасы – кешенді шешуді талап ететін жүйелі жұмыстар тізбегі болса, енді бір парасы – көпшіліктің көкейінде жүрген шешілуі жедел жұмыстар еді. Әсіресе, табиғат байлығын қорғауға, сақтауға байланысты кесіп айтқан шешімдеріңіз бен бұйрық-тапсырмаларыңызды әртүрлі сайттар мен газеттерден оқып, біліп жүрміз. Алайда, ресми жазылған ақпарат қалың көпшілікке түгел жетпеді деген пікірдемін. Өзім жақында Қызылорда облысында болған едім, көбінесе ауыл шаруашылығының айналасында жүретін қарапайым жұртпен кездесу бұйырды. Жалпы, барлығы да болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерге оң бағасын беруде. Мен кездескен халықтың бірнеше сұрағы бар еді. Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы бірнеше сауал жолдап, осы сұрақтарға жалпы оқырманға түсінікті болардай қарапайым тілде тұщымды жауап алсам деген ниеттемін», - деген Максимнің алғашқы сұрағы бекре балықтарына қатысты болды.

«Біріншіден, бекіре балықтарын ғылыми мақсаттар үшін аулауды тоқтатып жатыр екенсіз. Бәлки, мен мәселеге тереңдей алмай жатқан шығармын. Бұл шешімнің негізі неде?», - дейді Максим Рожин.

Осы сауалға орай жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары - Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов:

«Құрметті Максим!
Сіздің әлеуметтік желі арқылы жолдаған сауалыңызға, ең алдымен, өз алғысымды білдіргім келеді. Себебі, өзіңіз айтқандай, бұл сұрақтардың қалың көпшілікті көптен бері толғандырып жүрген мәлім және табиғатты қорғау саласындағы өзекті мәселелер екені белгілі. Олар бойынша тыйым салатын бірнеше шешімдер қабылданды. Дегенмен, бұл шаралар толыққанды орындалмай, негізгі түйткілді өрістете түсетін шағын «тетіктер» мен «терезелер» қалып кетіп отырған. Міне, бұл дегеніңіз, осы кемшін тұстарға тосқауыл қою үшін, сондай-ақ, қабылданған шешімдердің тиімділігін арттыру үшін жасалып отырған шаралар.
Мысалы, сіздің бірінші сұрағыңызға байланысты айтарым: Бекіре балығы Қызыл кітапқа енген және жойылып кету қауіпі бар балық түрі болып саналады. Сондықтан, Бекіре балығын өндірістік аулауға тыйым салынған болатын. Алайда, тек ғылыми зерттеу мен қадағалау мақсатына 10% мөлшерінде квотаға рұқсат етілетін. Өкінішке қарай, осы квотаны пайдаланған браконьерлер теңізде тыйым салынған жерде балық аулауды тоқтатпай отыр. Сондықтан, Бекіре балықтардың көбеюіне тосқауыл болып отырған осы «саңылауларды» барынша тез жапқанымыз жөн деп білемін», - дейді.

- Екіншіден, қытай ауларын сатуға және тасымалына тыйым салыпсыз. Себебі қытай торларының біз білмейтін зиянды жақтары бар ма?

- Екінші сауалыңызға келсек, бұл Қытайдан тасымалданатын халық арасында «қытай торы» атанып кеткен аудың бұл түрі нағыз табиғаттың қас жауы. Бұл аулар шірімейтін химиялық моноталшықтардан жасалады және бір-ақ рет пайдаланылады. Материалына байланысты экологиялық зиянын айтпағанда, судағы балықтарға шатылып, келтіретін залалы да орасан. Әртүрлі су қоймаларында олардың барлығы тонналап жиналып, балықтар қырылуда. Су электр станцияларына да өте қауіпті. Қытайдың өзінде де, бұл ауларға тыйым салынған. Мәселен, ведомствоның инспекциялары заңсыз орнатылған және лақтырылып тасталған ауларды тазалау үшін күн сайын тексеріс жүргізуге мәжбүр болып отыр. Ал браконьерлер үшін мұндай аулар арзан. Сол себептен, тиісті бұйырық қабылданды.

- Үшіншіден, орман өрті жүріп өткен алаңдардағы ағаштарды кесуге тыйым салып жатыр екенсіз. Яғни, санитарлық мақсатта кесуге тыйым. Өрттен не қалады дейсіз. Қисынға салсақ, бұл тиімсіз емес пе?

- Үшіншіден, сіз көтеріп отырған мәселе – табиғат анамыздың төл баласы – тал-дарақтарға байланысты. Таратып айтсам, «санитарлық мақсатта ағаш кесу» деген ұғым бар. Яғни орман өрттері орын алған аймақтарды қайта қалпына келтіру мақсатында ағаштар кесіледі. Әсіресе, бұл қылқан жапырақты қарағай сынды ормандарға қатысты. Бұл жерде өртенген ағаштың қабығы жарамсыз болғанымен, іші бүтін болады. Сол себептен, оны әдейі өртейтіндер бар. Бұл сондай жағдайларды болдырмас үшін жасалып отырған шара. Бұған қоса, сексеуіл ағаштарын қорғауға бағытталған тиісті шешім қабылдадық. Онсыз да орманы аз еліміз. Оңды-солды отауға жол берсек, киелі табиғат, келер ұрпақ бізді кешірмейді деп ойлаймын.

- Төртіншіден, қару-жарақ дүкендерінде аңшылық маусымы жоқ кезде, оқ сатуға тыйым салу туралы мәселе көтеріпсіз. Сонда, барлық оқ-жарақтарға ма, әлде белгілі бір оқ-дәрінің түріне ме?

- Cіздің оқ-дәрілерге байланысты төртінші сұрағыңызға келсек, бұл табиғатты қорғаумен қатар, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне де тікелей байланысты мәселе дер едім. Жалпы, ережеге сәйкес белгілі бір мерзімде «аңшылық маусымы» жарияланады. Осы уақыт аралағында оқ-дәрі сататын дүкендердің саудасы қызып, аңшылар арнайы рұқсатпен бұйырған аң-құсын аулауға шығады. Бұл заңды құбылыс. Ал, енді осы аңшылық маусымы жабық мерзімде, яғни рұқсат етілмеген кезеңде де оқ-дәрі сату тоқтамайды. Сонда, бұл оқ-дәрілердің барлығы қайда кетіп жатыр? Міне, қарама-қайшылық! Қалай десе де, бұл ұсыныс жыл он екі ай браконьерлікпен айналысатындарға аз да болса, тосқауыл болмақ.
Өз кезегінде, бұл шешімді де, қалың көпшілік оң қабылдайды деген ойдамын. Сіздің сауалдарыңызға жауап бере отырып, табиғатқа жаны ашитын, өз елінің патриотымын деген азаматтарды осы ұйғарымдардың орындалуына атсалысуға және қандай да бір заң бұзушылықтарды байқаған жағдайда дер кезінде хабарласып, төл табиғатымызды қорғауға бей-жай қарамауға шақырамын! Мінекей, сіз жолдаған төрт сауал да, табиғат анамызды аялап, қорғап-сақтап, келер ұрпаққа аманаттау мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстар деп білемін.

Құрметпен, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов.

Журналист жолдаған сауалдар да, министрдің жауабы да қарапайым халық үшін өзекті мәселелер екені анық. Ендеше, халықтың көкейіндегі сұраққа елдің ойындағыдай жауап болды деп сенеміз.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады