BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Стив Возняк Apple компаниясының қалай құрылғанын айтты 

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумында америкалық өнертапқыш, инженер- электроншы, программист Стив Возняк Apple компаниясының негізі қалай қаланғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен ол бала кезінен техникаға қызыққанын, көп кітап оқып, армандайтынын айтты.

«Балалық шағымда өз компаниясын құрған жас инженер туралы кітап оқыдым. Бұл маған қатты әсер етті. Менің әкем де инженер-электроншы болды. Бір күні мен оған «инженер-электроншылар немен шұғылданады» деп сұрақ қойдым. Әкем маған олар адамдардың өмірін жеңілдету үшін жаңа құралдар жасайтынын айтты. Осыны естіп, мен де инженер болуды армандадым. Ондағы мақсатым – әлемді өзгертіп, адамдардың тұрмысын жеңілдететін жаңа құрал ойлап табу», - деді өнертапқыш.

Стив Возняктың айтуынша, математика пәні оған жаңа компьютерді құрастыруға септігін тигізген.

«Математика пәніне қызығушылығым ерекше болды. Онда біз жаңа технологиялар туралы ештеңе білген жоқпыз. Сол уақытта мектептерде, институттар мен университеттерде компьютерлер жиі қолданылмайтын. Сондықтан мен өмірімді жеңілдететін бір құрал ойлап тапқым келді. Кейін «кішкентай чиптерді пайдалана отырып, қалай компьютер жасауға?» болады деп ойландым. Мен 2 жылдың ішінде жаңа компьютерді құрастырып шығуға болатынын түсіндім», - деді ол.

Сондай-ақ, Apple компаниясының негізін қалаушы жаңа компьютерді құрастыруға әкесінің әңгімесі ықпал еткенін айтты.

«Бір күні әкем маған болашақта тез жұмыс істейтін компьютер болатынын, оның сол кездегі компьютерлерден қымбат болатынын жеткізді. Сонда «сол компьютерді құрастыратын инженердің бірі мен болатын шығармын» деп қиялға берілдім. Содан кейін мен арнайы клуб құрдым. Онда профессорлар, қарапайым студенттер болды. Сонда біз «тез жұмыс істейтін дербес компьютерді қалай жасап шығаруға болады» деген тақырыпта өзара пікір алмастық әрі соны жасап шығарғымыз келді», - деді Стив Возняк.

Осы орайда ол тез жұмыс істейтін компьютерді қалай жасап шығарғанын мәлімдеді.

«Компьютер негізгі 5 бөліктен тұрады. Олар – процессор, компьютердің «миы», ақпаратты енгізу функциясы, output, ақпараттар сақталатын орын мен жады. Осылардың барлығы процессорда орналасады. Ақшаның тапшылығына қарамастан мен магнитофонның бөлшектерін алып, компьютердің жадын жасап, жаңа өнім шығаруға болатынын түсіндім», - деді өнертапқыш.

Стив Возняк жаңа компьютерлерді нарыққа шығаруға кім көмектескенін, әрі Аррle компаниясының қалай құрылғанын айтты.

«Сол кезде мен өзім жасаған компьютерлерді адамдарға тегін бере салатынмын. Кейін Стив Джобс біздің командаға қосылды. Оны жоғарыда аталған клубқа шақырдым. Стив мен жасап жатқан компьютерге қызығушылық танытты. Ол маған неге бізге «өз компаниямызды құрмасқа?» деді. Себебі, аталған жобаны одан әрі дамыту үшін ақша табу керек болды. Осылайша, өнімдерімізді нарыққа шығара бастадық. Стив бизнесті қолға алды. Нәтижесінде Apple компаниясының негізі құрылды», - деп түйіндеді сөзін ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер