BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Smart технологиялар қалалардың дамуына қалай әсер етуде?

Фото: tripwire.com

Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы 15 жылда әлемде урбаницизация процесі жеделдейтінін мәлімдеді. Бүгінде дүниежүзіндегі шаһарларда 3,5 млрд адам қалада тұрса, ал 2050 жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл - көлік, медицина, коммуналдық қызметтерге салмақ түсіретіні анық. Сондықтан аталған сын қатерге төтеп беру үшін дамыған елдер инновациялық тәжірибелерге сүйенуде. Сондай жобалардың бірі – Smart city. Осы аптада өтетін ХІ Астана экономикалық форумында әлемдік көшбасшылар, халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, экономистер, ғалымдар әлем халқының қалаға үдере көшуі мәселесін, оның салдарын және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Smart city жобасын талқыға салады. Осы орайда Baq.kz тілшісі smart технологиялар қалалардың дамуына қалай әсер етіп жатқанын білуге тырысты.

Жаңа технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік береді. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаровтың пікірінше, бүгінде дамыған елдер Smart city тұжырымдамасына баса мән беріп отыр.

«Қалалардағы мәселелерді шешу үшін Smart City концепциясы (Smart City, Electronic City, Safe City) кеңінен таралуда. Оның негізгі мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру. Қазіргі уақытта әлемнің 2500-ден астам ірі және кіші қалалары Smart City концепсиясының әртүрлі компоненттерін белсенді түрде енгізуде», – дейді сарапшы.

Осы жылдың басында Philips Lighting компаниясы мен SmartCitiesWorld ұйымы ең «ақылды» қалалар тізімінің есебін жариялады. Есепті жасау барысында 150 сарапшының пікірі ескеріліпті. Олар шаһарда жаңа технологияларды дамытуға мүмкіндік беретін факторларға баса мән берген. Осылайша, бүгінде ең «ақылды» қалалар тобына Сингапур, Барселона, Лондон кірген.

Сарапшылардың шешімен Сингапур барлық санаттар бойынша жоғары бағаға ие болған. Мысалы, аталған қала-мемлекетте жол желісі өте жақсы ойластырылған, бұл кептелісті азайтып, жүргізушілерге жылына 60 сағатқа дейін уақытты үнемдеуге мүмкіндік берген.

Тіпті Сингапур қарт адамдарды денсаулығын бақылап отыратын және шұғыл көмек керек болған жағдайда қажетті ақпаратты тиісті мекемеге жіберетін мобильді құралдармен қамтамасыз еткен әрі мұнда құқық бұзушыларды жедел табуға мүмкіндік беретін, бейнебақылау жүйесі де орнатылған.

Сондай-ақ, «ақылды» технологиялардың көмегімен мегаполистер бюджет қаржысын үнемдеуді үйреніпті.

Мысалы, Лос-Анджелес пен Сан-Хоседегі жарықтандыру жүйесі жергілікті билікке 9 млн доллар бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берген. Сондай-ақ, қолданысқа енгізілген жарықтандыру жүйесі өзіндік құнын 7 жылда ақтап шыққан

«Smart City технологияларды енгізу арқылы бюджеті шағын қалалар да қаржы үнемдей алады», - дейді аталған зерттеуге қатысқан сарапшылар.

Тек олардың пікірінше, мұнда электр энергиясын тиімді жұмсай білу қажет. Себебі, статистика бойынша шаһарлардағы электр энергиясының 50%-і көшелерді жарықтандыруға жұмсалады.

Сонымен қатар, әлемде жаңа «ақылды» қалаларды салу немесе жаңа «ақылды» ауданды тұрғызу жаңа тенденцияға ие болуда. Алдағы уақытта Қытай Xiongan экономикалық ауданында (Хэбэй провинциясы – автор) таза экологиялық қаланы тұрғызбақ. Бұл жобаға – Baidu компаниясы жауапты.

Қазірдің өзінде Қытай 290 қалаға Smart city жобасы компоненттерін енгізіп үлгерген. Сарапшылардың болжамынша, 2040 жылы халықаралық «ақылды» қалалар индустриясындағы ақша айналымы 1 трлн долларға жетеді.

Аталған тенденциядан Қазақстан да қалыс қалар емес. Smart City концепциясы «Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі болып саналады. Қазіргі уақытта Үкімет Smart Сity жобасын Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі қалаларда біртіндеп енгізуді жүзеге асыруда. Қазақстанның басқа қалаларында да Smart Сity жобасын біртіндеп енгізу жоспарланып отыр.

Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында еліміздегі шаһарларда жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өткен.

«Smart city тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде Smart city «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек», - деді президент.

Айта кетейік, биыл Астана экономикалық форумы 17-19 маусым аралығында елордада өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер