BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Адам күшімен жасалатын еңбектің 80 проценті роботтармен алмастырылады – Назарбаев

Фото: Нұржас Жақсыбай

Алдағы жылдары адам күшімен жасалатын дене еңбегінің 80 проценті роботтандырылған жүйелермен алмастырылады. Бұл жөнінде Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бесінші мегатренд – жаһандық еңбек нарығының трансформациясы. Қалыпты дене еңбегінің 80 проценті алдағы жылдардың өзінде-ақ роботтандырылған жүйелермен алмастырылуы мүмкін. Заманауи кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңызды болып отыр. Өндірістерді дамыған елдерде орналастырудың мақсатқа сәйкестігі туындауда. Бұл ұлттық экономика мен әлеуметтік жүйелер үшін сын-тәуекел болып табылады», - деді Мемлекет басшысы.

Назарбаев осы орайда білім беруді реформалаудың маңызы зор екенін атап өтті. Ол тәжірибе алмасудан креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу және оны дұрыс пайдалануға көшуді білдіреді. Оның айтуынша, бұл мақсатқа қол жеткізуде адамзат баласы өмір бойы білім алу, оқып-үйрену қағидасына сүйеніп, бірнеше мамандық ауыстыра алады.

«Бұл орайда Қазақстан нәтижелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз барлық деңгейде білім беру бағдарламасын өзгерту арқылы осыған дайындалдық және дайындалып жатырмыз. Кеңес одағы ыдырап, еліміз қиын заманды бастан кешіріп жатқан және ел қазынасында қаражат болмаған кезеңде біз «Болашақ» бағдарламасын іске қосып, жастарымыз әлемнің үздік елдерінде білім алуын қамтамасыз еттік. Жиырма бес жыл ішінде шамамен 13 мың қазақстандық мемлекет қаражаты есебінен әлем университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды», - деді Елбасы.

Еске сала кетсек, бүгін бас қалада Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 өз жұмысын бастады. АЭФ барысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістер салдарынан туындап отырған процестердің сипатын жершары дамуының 5 басты мегатренді арқылы атап көрсетті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер