BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Сөз энергиясы: Еуразия құрлығының қаламгерлері Астанада бас қосады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткізбек, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Астананың 20 жылдығына арналған форум 20-21 қыркүйекте елорда төрінде өтеді. Шараға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Əзербайжан және өзге де мемлекеттен келген қаламгерлер қатыспақ. Дәл осындай ауқымды форум 1973 жылдан бері араға 45 жыл салып Астана қаласында өткізілмек.

"20 қыркүйек күні сағат 10.00-де Тәуелсіздік Сарайында форумның салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, «Заманауи Еуразиялық әдебиет» кітап көрмесі, «Әдебиет және жаһандық мәселелер» мен «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» атты екі бөлімнен тұратын пленарлық отырыс ұйымдастырылады. 21 қыркүйекте де түрлі маңызды басқосулар болады. Жалпы, форум аясында белгілі жазушылар мен әдебиет сыншыларымен топтасқан конференциялар, дөңгелек үстелдер және шығармашылық кездесулер, кітап көрмесі мен секциялар ұйымдастырылады", - деп хабарлады ҚР Мәдениет жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, əдеби форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран Жазушылар Қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылмақ. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Қазақстан – Ресей қаламгерлерінің кездесуі өтеді.

"Форум Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізіледі", - деп хабарлады баспасөз қызметі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер