BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 359 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.1 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Сәлем жаздым ағайын...

Сәлем жаздым ағайын... Осылай аталатын мақалада Отан соғысы сарбазының майданда жүріп елге жазған хаты жарияланған еді. Baq.kz ақпарат агенттігі қазақ сарбазының өлеңмен өрнектелген хатын назарларыңызға ұсынады.

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Ақтас ауылының азаматы Әміржан Аманжолов - 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алғаш алынғандардың бірі. Сталинград үшін соғысқа қатысып, 1943 жылы ауыр жараланып елге оралған. Ауыр жұмысқа денсаулығы жарамай колхозда таразышы, газет-журнал таратушы істерін атқарды.

1991 жылы 13 ақпанда «Солтүстік Қазақстан» газетінде Әміржан Аманжолов жайлы мақала жарық көрді. «Сыр сандық» айдарымен шыққан «Сәлем жаздым ағайын» атты мақаланы еңбек ардагері Шалабай Есқали жазған еді. Онда Әміржан ақсақалдың соғыста жүргенде елге өлеңмен жазған хаты бар екен. Сол хатын оқырмандарға ұсынып отырмыз:

Қолыма қалам алайын,
Сәлем жаздым ағайын.
Сағынып бекер жүргенше,
Шер тарқатып алайын.

Сәлем бүкіл көліме,
Тоғай-өзен, жеріме.
Қырық жыл қырғын болса да,
Барармыз есен еліме.

Аман ба құрбы-замандас,
Ғаріпшілік біздің бас.
Көргенше енді көп күн бар,
Тілектес бол кәрі-жас.

Сен үшін Отан-анамыз,
Төгілді ғой қанымыз.
Көретұғын бейнет боп,
Қалар ма екен жанымыз.

Кателок, күрек арқаңда,
Түюлі қан қалтанда.
Төгілуде белгі жоқ,
Төгілгенше шалқанда.

Винтовка, гранат қолыңда,
Қазулы окоп жаныңда.
Олай-бұлай боп кетсең,
Қалғаның соның жанында.

Міне осылай халіміз,
Қиналуда жанымыз.
Екі талай күн болса,
Жасырынбайды тәніміз.

Қарлығашқа ұқсаған,
Самолеттер ұшады.
Снарядтар жарылса,
Иманың көкке ұшады.

Есінен ұйқы аша алмай,
Аяқ-қолын шеше алмай.
Арманда өткен қыршын жас,
Бойымды жазып өсе алмай.

Бірге туған аға жоқ,
Қарындас, іні және жоқ.
Арман қылып қайтейін,
Талайдан өткен дүние боқ.

Қайғырмашы анажан,
Опасыз ғой бұл жалған.
Талай қыршын өтті ғой,
Өткендердің бәрі арман.

Қызығын көрмей баладан,
Ата менен анажан.
Сағынып жүрген балаңның,
Сүйегін ізде даладан.

Темір таяқ аларсың,
Құбылаға қарарсың.
Құлыныңды іздесең,
Украинадан табарсың.

Төрт айдан бері азғаным,
Елді сағынып тозғаным.
Қатесі болса кешіңдер,
Сағынғаннан жазғаным.

Материал «Ақтас деген ауыл бар» атты еңбектен алынды. Кітаптың Бас редакторы Бүркітбай Аяған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер