BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

«Рух» байқауына 899 туынды қатысып жатыр

І «Рух» халықаралық әдеби байқауының бас жүлдесін алуға бірқатар елдің ақын-жазушылары ниет білдіріп отыр. Байқауға барлығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 899 туынды келіп түсті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы байқау жұмыстарын қабылдау аяқталғандығы туралы баспасөз мәслихаты барысында байқауды ұйымдастырушы «Әдебиет порталының» жетекшісі, ақын Бауыржан Қарағызұлы мәлімдеді.

"Елдің мәдениет саласында айшықты оқиға есептелетін байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді ілгерілетуге және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді. Бұны қолға алып, ұйымдастырылуына мүмкіндік беріп отырған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы екенін айта кеткен орынды" - дейді Бауыржан Қарағызұлы.

Оның айтуына қарағанда байқауға әлемнің оннан аса елінен шығармалар келген.

«Байқауға ел ішінен бөлек, алыс-жақын шетелдегі ақын-жазушылар, драматургтер мен әдебиет сыншылары зор қызығушылық танытуда. Байқауға үш, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 899 шығарма қабылданды. Мәселен, Ресейден - 55, Украинадан - 12, Беларустан – 6, Әзірбайжаннан – 2 шығарма орыс тілінде, Қытайдан – 40, Моңғолиядан – 23, Түркиядан 5 шығарма қазақ тілінде келіп түсті. Қалғаны Қазақстандағы шығармашылық орта өкілдерінің туындылары. Жалпы, қазақ бөлімінде 403, ал орыс бөлімінде 493 және де ағылшын тілінде 3 еңбек бақ сынауда», - дейді Бауыржан Қарағызұлы.

Оның айтуына қарағанда, байқауға жас авторлардан тыс, Несіпбек Айтұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Рахымжан Отарбаев, Исраил Сапарбай, Тұрысбек Сәукетаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Иран-Ғайып, Ермахан Шайқыұлы, Мәди Қайыңбаев, Мылтықбай Ерімбетов, Шәкен Күмісбай, Егеухан Мұқамәдиқызы, Бақыт Беделхан, Дүкен Мәсімханұлы сынды қазақ әдебиетінің есімі белгілі тұлғалары өз шығармаларын ұсынған.

«Жанрлар бойынша, І «Рух» халықаралық әдеби байқауының қоржынына қазақ тілінде 11 роман, 17 повесть, 86 әңгіме, 26 эссе, 28 поэма, 108 өлеңдер топтамасы, 27 драма, 35 әдеби сын, балаларға арналған 38 прозалық және 27 поэзиялық шығарма түсті. Ал орыс тілінде 27 роман, 26 повесть, 128 әңгіме, 31 эссе, 18 поэма, 128 өлеңдер топтамасы, 29 драма, 7 әдеби сын, 64 балалар прозасы және 35 балалар поэзиясы еңбектері бәйгеге қосылды. Ағылшын тілінде 2 әңгіме және 1 әдеби сын тіркелді», - деді Бауыржан Қарағызұлы.

Сонымен, байқауға жұмыстарды қабылдау 5 желтоқсан аяқталды. Жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік басшылық ететін қазылар алқасының құрамындағы елге белгілі 19 ақын-жазушы, әдебиет сыншыcы мен әдебиеттанушы марапаттау сәтіне дейін құпия әрі мұқият байқау жұмыстарын сараптайтын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер