USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Серік Ақсұңқарұлы: Жек көрем итті...

Фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ

Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында қазақтың көкжал ақыны Серік Ақсұңқарұлының оқырмандармен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін "Кәусәр" мәдени-шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен Серік Ақсұңқарұлының шығармашылық кешіне Елорда тұрғындары, студенттер, алыс-жақыннан келген жырсүйер қонақтар қатысты.

Арқыраған ақынның асау жырларын ЕҰУ-дың студенттері сахнада ақынның жырларын нақышына келтіріп оқыды. Серік Ақсұңқардың сөзіне жазылған компазитор Әмір Есжановтың «Есіл мен Нұра», «Абыралы» әндерін әнші Гүлмира Сарина, «Қызыма» деген әнін жас әнші Карина Каренина орындады.

Оқырмандардың сұрақтарына жауап берген ақын әдебиет майданындағы бірнеше түйткілді мәселеге жауап берді.

Болашақ ақындар атом бомбасын жасайтындардың, инженерлердің арасынан шығу керек

-Елордадан тыс жерде ақын-жазушының басын қосып, елдік мүддеге қызмет ету жайында не айтасыз?

Қай елдің астанасы қайда болса, интелегенциясы сонда болу керек. Өздеріңіз білесіздер, біз қиын қоғамда өмір сүрдік, сол Кеңес одағын әлі күнге дейін жамандаймыз. Бірақ, Кеңес үкіметі ақылды мемлекет болды. Тек қана Мәскеу ғана емес, одақтас елдердің астанасы қайда болса, рухани ортасы сонда болды. Алматы бір кездері қандай еді? Бұл Астанаға тек қана қалталыларды әкеле бермей, әдебиет пен өнерге барлық потенциялын беріп жатқан 100 адамды әкелуге жағдайымыз жетеді ғой. Интелегенцияның басын қоспай, Астана тарихтағы рөлін атқара алмайды.

-Қазақ ақындары ылғи Ресей қаламгерлерінен мысал алады. Бұл орыс тілін жетік меңгергеннен туған қасиет пе, жоқ әлде КСРО зардаптары ма?

Мен орыс әдебиетін әлемдегі ең озық әдебиет деп есептеймін. Дүниеде жаман халық жоқ, орыс деген ұлы халық. Оның әдебиетіндей әлемде әдебиет аз. Егер қазақ әдебиеті кемеліне келіп, басқа елдермен үзеңгі қағыстырып отырса, бұл үшін орыс әдебиетіне қарыздар. Бірақ, сөйткен орысыңыз біздің Абайды әлі өз тілінде сөйлете алмады. Біз олардың барлық классиктерін қазақ тіліне қотарып алдық. Орыс тілінің Абайды сөйлетуге потенциялы жетпейді. Бізге енді орыс тіліне телміріп отыруды қою керек. Әлемге ағылшын тілі арқылы жол табу керек.

-Ақын-жазушының басқа мамандықтың иесі болуы оның жазу қабілетіне қаншалықты әсер етеді?

Мысалы, Кәкімбек Салықов кенші, бірақ керемет ақын болды. Чеховтың мамандығы дәрігер. Болашақ ақындар атом бомбасын жасайтындардың, инженерлердің арасынан шығу керек. Тікелей әдебиетшілердің арасынан шыға беру шарт емес. Филологияда оқыған адамдар жөнді ақын бола алмайды.

Қасқырдың монологы

Серік Ақсұңқарұлы

Жек көрем итті!

Алысып жүрем,

Шабысым жүрем!

Қағынып…

Сайын даланың тағысымын – мен,

Не деген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!

Күш ағысымды

Сыйғыза алмай ішіме.

Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!

Қасқыр – бабалар!

Бар ұлыстардың

Мазасын алып манадан –

Иттермен болған қанды ұрыстардың

Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,

Қорлық-қарғысқа барабар.

Бізбенен иттің тегі – бір дейді…

Рас па, қасқыр – бабалар?!

Өлексе үшін жұлысқан болсақ,

Өмірі бітпей кегіміз,

Иттермен бірге туысқан болсақ,

Не болды – ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар,

Күн туғаны ма ақыры…

Неге үндемейсіңдер, қасқыр-бабалар,

Қағынып кеткен жатыры?!

Неге үндемейсіңдер?

Ұрлық түн еді:

Жатқаным мынау – жау іші.

Аспанның астын дүрліктіреді,

Үрген иттердің дауысы…

Фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ

Ұқсас сілтемелер:
04 Желтоқсан 2016, 23:56
Келмейді кір сақтағым
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады