BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залы ашылды

Астана, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залының салтанатты ашылу кеші болып өтті.

Ә.Кекілбайұлы кітапханасы ең бай кітапханалардың бірі болып саналады. Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залының қоры жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген жеке кітапханасының каталогы бойынша мынадай әдебиеттерді ұсынады: бұл - адамзат тарихына арналған мәдениет және өнер тарихы туралы басылымдар, планетаның ұлы тұлғалары туралы кітаптар, Қазақстанның ақындары мен жазушыларының кітаптары, альбомдар мен атластар, Қазақстанның географиясы мен тарихы және оның Шағын Отаны – Маңғыстаудағы алманахтар мен көптеген қызықты басылымдар.

Іс-шара барысында Ә.Кекілбайұлының жеке кітапханасы қорындағы қаламгерлердің қолтаңба коллекцияларының жинағы бойынша жарық көрген «Қаламгер қолтаңбасы» кітабы таныстырылды.

Қазіргі таңда оқырмандардың сұранысына байланысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жазушының «Аңыздың ақыры» кітабын француз және қытай тілдеріне аударуда.

ҚР ҰАК қорында Ә.Кекілбайұлының көптеген шығармалары бар. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы базасындағы Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының веб-порталында жазушымен авторлық келісім-шарт жасалынып, кітаптары оқырмандарға қолжетімді болып отыр. Оның бірнеше кітаптары цифрлық форматқа өтті: «Шыңырау», «Елең-алаң», «Құс қанаты», «Дала балладары», «Махаббат мұнарасы», «Заманмен сұхбат», «Ханша дария хикаясы».

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Несіпбек Айт, Төлен Әбдік, Дархан Қыдырәлі, Оразкүл Асанғазы, Алдан Смайыл, Қуаныш Сұлтанов, Оралбай Әбдікарімов, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Шәрбану Бейсенова және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Халқымыздың маңдайына біткен заңғар жазушысы, Еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың Ұлттық кітапханада арнайы оқу залы ашылып отыр. Меніңше, бұл Әбіш ағамыздың 80 жылдығы қарсаңында оның есімін ұлықтау жолындағы алғашқы қадамдардың бірі. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі, шын мәнінде, халқымыздың ең жоғары құрметіне лайық. Сондықтан осындай игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек маңызды жұмыс» ,- деді Қ.Тоқаев.

Әбіш Кекілбаев Г.Мопассанның «Пьер және Жан», «Өмір», Ш. Айтматовтың «Ранние журавли» романдарын аударған. Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпикалық романының аудармасына қатысқан. Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы В. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Король Лир», К. Гоццидің «Ханшайым Турандот», М.Кәрімнің «Айдың тұтылу түні», М. Фриштің «Дон Хуан немесе геометрияға деген сүйіспеншілігі», Г. Ибсеннің «Елес», А.Валехоның «Бүгін мереке» шығармалары республикалық театрлардың репертуарында қойылып жүр. Бұл жұмыстар көп томдық басылымдар мен жинақтарда ұсынылған.

"Коллекцияда барлығы 6019 басылым ұсынылып отыр, оның ішінде 5 883-і дана кітап, CD және DVD дискілеріндегі бейнефильмдер мен аудио кітаптар 134 дана және 2 библиографиялық брошюралар бар" - дейді кітапхананың баспасөз қызметінің жетекшісі Әсем Сағиқызы.

Аталмыш зал ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылды.

Оқу залының ашылуы жазушының отбасы мен оның жұбайы Клара Жұмабайқызының және немересі Абыл Кекілбаевтың көмегімен ашылып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер